«Әр қадамың шахмат жүрісіндей ойлы болса...»

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:18 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 19061 раз

Тәуелсіздік алған 29 жылда ел болып, еңсемізді тіктегелі мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп келеді. Әсіресе, соңғы уақытта жастарға жан-жақты қолдау мен қамқорлық ерекше қарқын алды. Мұның басты айғағы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта берген тапсырмалары шеңберінде нақты, жүйелі шаралар қабылданып, жүзеге асырылуын айтуға болады.
Тәуелсіздік құрдасы, шахматтан Қазақстанның алғашқы гроссмейстері Гүлісхан Нахбаева осы егемен елдің таңдаулы жастарының бірі. Біз онымен мереке қарсаңында жолығып, пікірлескен едік.

aW4s85x2– Гүлісхан Сайфуллинқызы, сіз жас та болсаңыз лауазымды қызмет атқарып келесіз. Мұны ненің жемісі деп түсінесіз?

– Өткен жылы «Президенттік Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысып, менің өмірімде дұрыс қадам жасағаныма тағы бір мәрте көзім жетті. Ұлттық комиссияның 2019 жылғы 25 желтоқсандағы шешімі бойынша 300 жас маман-басқарушылар қатарына қабылдандым. Бізді өзгерту агенттері деп атады. Жүйелі реформалардың уақыты келді. 2020 жылдың тамыз айынан өзімнің кәсіби қызметімді Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымында бастадым. Техникалық және кәсіптік білім беру және балалардың құқықтарын қорғау (қорғаншылық және қамқоршылық) мәселелеріне жетекшілік ететін боламын. Әр жылдары мектепте және университетте шахмат, ағылшын тілінен сабақ бердім. Жинақталған тәжірибемді талантты жас шахматшыларға беру үшін шахмат мектебін құрдым. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру Комитетінің мониторинг, талдау және өңірлік ынтымақтастық басқармасының басшысы лауазымында болып жұмыс істедім. Дегенмен, қоғамға пайдалы болу және еліміздің дамуына үлесімді қосу үшін аналитикалық және зияткерлік қабілетімді дұрыс бағытта пайдалануға тырысамын. Алдымызға бірқатар жүйелі міндеттер қойылды, оларды шешу жолында бар күш-жігерімді салатын боламын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, біздің ортақ мақсатымыз – азаматтардың сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру.

– «Шахматсыз бір күн де өмір сүре алмаймын» деген едіңіз сұхбаттарыңыздың бірінде. Биылдан бастап мектептердің оқу жоспарына шахмат дәріс ретінде енгізіліп отыр. Бұл қаншалықты тиімді?

– Иә, биылғы оқу жылынан бастап Шымкент қаласында барлық мектептердің оқу жоспарына шахмат дәріс ретінде енгізілді. Дүние жүзінде АҚШ, Ресей, Израиль, Испания, Қытай, Венгрия, Түркия, Әзірбайжан, тағы басқа елдерде шахмат ойыны мектепте пән ретінде оқытылады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар. Шахмат оқушылардың ақыл ойын, стратегиялық және шығармашылық дамуын, талдау қабілетін, логикасын дамытады. Шыдамдылыққа үйретеді. Зияткерлік ойыны ретінде осы арқылы біз баланы бейінділікке тәрбиелейміз, бұл – ең басты маңызы. Сондықтан, мұның үлкен бастама екендігіне сенімдімін.

– Жалпы бүгінге дейін жеті дүркін чемпион болыпсыз. Жетістікке жетуіңіздің бір құпиясымен бөліссеңіз? Өмірдегі өзіңіз жеткен жетістіктердің сырын немен байланыстырар едіңіз? Көп оқу керек пе? Әлде көп ойлау керек пе?

– Мен Шымкент қаласында дүниеге келдім. Анам Айдын жас кезінде шахмат десе ішкен асын жерге қойған екен. Дегенмен, ол қаладан алыс, ауылдық жерде тұрғандықтан (Бәйдібек ауданы, Ұйымшыл ауылы), шахматпен кәсіби деңгейде айналыса алмаған. Содан болар, ол өз балаларын шахматқа баулып өсіргісі келді. Бірақ, шахматқа бауырларымның арасынан тек мен ғана шындап қызығыппын. Сонда да өте кеш. 14 жасымда. Оған дейін шахматқа жүрдім-бардым қарағанымды жасырмаймын. Мүшел жастан асқанымда шахматтан ересектер арасында Қазақстан чемпионатында 2 орын алдым. Шыны керек, мұндай нәтижеге жетем деп мүлдем ойламадым. Осы жеңіс мені жігерлендірді. Егер осы бабымнан айнымасам, шахматтан Қазақстан ұлттық құрамасына мүше бола аламын, сол арқылы ел намысын әлем чемпионаттарында, Олимпиада секілді дүбірлі додаларда қорғай аламын деп ойладым. Ойлап қана қоймай, осыны алдыма мақсат етіп қойдым.
Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім аз емес. Қазақстанның әйелдер арасында жеті дүркін чемпионымын. Үлкен жетістікке жетуімнің бір құпиясы – тынбай еңбектендім. Шахмат туралы кітаптарды, журналдарды көп оқыдым. Жаттықтырушыммен үздіксіз жұмыс істедім. Күніне 5-6 сағат уақытымды шахматқа жұмсадым. Жүзумен де айналыстым. Жүзуден 1 разрядым бар. Мен жан-жақтылықты қалаймын. Екі жыл бұрын өзімнің шахмат мектебімді аштым. Шәкірттерім бар. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытта мектепті кеңейтіп, үлкен шахмат орталығына айналдыруды ойлап жүрмін. Себебі, бізде талантты балалар өте көп.

– Тәуелсіздіктің төл құрдасы екенсіз. Егемен елдің еркін ойлы жасы және жас ана ретінде егемендіктің қадіріне жетіп, бабалар аңсаған күннің байыбына барып жүрміз деп ойлайсыз ба?

– 16 желтоқсан – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріппен жазылған айрықша мереке. Байтақ елде бейбітшілік байрағы желбіреген бұл күн елдігіміздің мәртебесі. Осы Егеменді Қазақстанда туылғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Мен осыдан 29 жыл бұрын атқан азаттықтың ақ таңы қарсаңында дүниеге келгенмін. Еліміздің тәуелсіздігімен түйдей құрдас екенімді мақтан тұтамын. Елмен бірге есейіп, тәуелсіздікпен бірге түлеп келемін. Бұл күннің қадір-қасиеті аз айтылып жүрген жоқ қой. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген ұранға айналған қанатты сөзін Мемлекет басшысы қолдап, жастарға үлкен сенім артып отыр. Әр қадамың шахмет жүрісіндей ойлы болса, Мағжан ақын айтқандай сенімге селкеу түспес деп санаймын.