Версия для печати

Жұрт дегенде жүгініп қызмет ету – бір бақыт Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 17696 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» телеарнасында тікелей эфирде өтетін кезекті «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысып, тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.

837

 

«Әкім сағаты» бағдарламасы арқылы қала әкіміне тікелей сауал жолдауға болатыны туралы көрермендерге алдын ала хабарланған болатын. Арнайы Call орталық құрылып, арнаның ресми сайты мен әлеуметтік желілерде парақшалар арқылы сұрақтар қабылданды. Әкім сағаты хабарына биыл екінші рет қатысқан қала әкімі Мұрат Дүйсенбек-
ұлы Covid-19 індетінің болжамды толқынына қандай дайындық жасалуда, үшінші мегаполиске қанша инвестиция тартылды, қандай жаңа кәсіпорындар іске қосылады, білім саласында қандай жаңа жобалар бар деген сияқты бірқатар сауалдарға жауап берді.

– Мұрат Дүйсенбекұлы, бүгінде ең өзекті мәселе, індеттің екінші толқынын болдырмау және оның алдын-алу болып отыр. Осы мәселе бойынша қалада қандай сақтық шаралары қолға алынып жатыр?
– Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындалдық.
А – ағымдағы жағдай. 1 220 төсек орынды қамтиды.
В – маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 4 016-ке дейін артады.
С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орын ашылады. Қазіргі таңда, Шымкент қаласы аталған үш сценарийге де дайын.
Бүгінгі күні қала тұрғындарына қызмет көрсететін 9 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда күніне барлығы 3550 тест жасау қуаттылығы бар. Жалпы, 2020 жылы материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд. 600 млн. теңге, ал медицина нысандарын күрделі жөндеуге 6,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Қазіргі таңда қала тұрғындарына барлығы 19 компьютерлік томография аппараттары жұмыс жасауда.
Коронавирустық инфекциясын және пневмонияны анықтау мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында 3 компьютерлік томография аппараты сатып алынды, олар қалалық инфекциялық ауруханасында, №2 және №3 қалалық ауруханаларда орнатылды.

832


Медициналық ұйымдарда 612 ИВЛ аппараттары жұмыс жасайтын болады. Жыл басынан 310 ИВЛ аппараты болса, қосымша 156 ИВЛ Денсаулық сақтау министрлігінен жеткізілді. Одан басқа демеушілік көмекпен 20 ИВЛ аппарат және 98 оттегі концентраторы берілді. 126 дана ИВЛ аппараты жергілікті бюджеттен сатып алынуда. 3 оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталды: екеуі қалалық инфекциялық аурухана базасында және біреуі қалалық №3 ауруханада. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған 9 резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде.
Медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптастырылды.
Қалалық әкімдік резервінен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында дәрі-дәрмектердің 5 атауы бойынша сатып алуға 180 млн. теңге бюджет қаражаты бөлінді.
Қаладағы дәріханалар, дәрі-дәрмек қоры мен бөлшек сауда бағаларына сәйкестігіне мониторинг жасалуда. Бүгінгі күні қаланың дәріханаларында 1,7 млрд. теңге көлемінде COVID-19 емдеуге арналған дәрі-дәрмектер қоры бар.
Тұрақтандыру қоры шеңберінде бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға дәріханалар айналымына және қорларын толықтыруға 659 млн. теңге бөлінді.
Қорыта айтсақ, бүгінгі күнге Шымкент қаласындағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

– Жыл соңына таяп келеді. Жалпы, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы» жылы аясында бірнеше жиын онлайн түрде өтті. Нәтижесі қалай болуда?
– Иә, барлығымызға белгілі жағдайларға байланысты жоспарланған іс-шараларды онлайн форматта өткіздік. Бірақ, бұған қарамастан барлық іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, көзделген мақсаттарға жеттік деп айтуға болады. Жалпы, нәтижесіне келетін болсақ, онлайн форматта 1500-ден астам іс-шара өткізіліп, 1 милионнан астам көрермен қамтылды.
Бүгінгі күнде қаламыздың мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдарының күшімен жылдың салтанатты жабылу рәсіміне дайындық жүргізіп жатырмыз. Шаһардың айтулы орындарында жылжымалы 7 театр перфоманстары, 5 музыкалық перфоманстар, ақындар, жазушылар, әдеби қайраткерлер бейнесіндегі бойлы қуыршақтар шеруі өтеді. Жас суретшілердің көрмесі мен ғимараттардың қасбеттерінде 7 муралдың тұсаукесері жоспарланған. Келесі жылдың мәдени астанасы эстафетасын Тәжікстанның Душанбе қаласына береміз. Соған орай, 14-ші қарашадан бері «Шымкенте 2200 жыл» атты керуен жұмысын бастады, ол қала көшелерімен жүріп, тұрғындарымыздың Душанбе қаласының тұрғындарына деген ізгі тілектерін жинайды. Өздеріңіз де керуенді қаламыздың көшелерінен көріп үлгерген боларсыздар. Жалпы айтқанда, қызу дайындық болып жатыр. Барлығын ашып айтпай-ақ қояйын, 22-қараша сағат 15.00-де тікелей эфирге қосылып, жылдың салтанатты жабылу рәсімінің куәсі болыңыздар.

– Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінген республикалық бюджет қаржысын игеруде Шымкент қаласы еліміз бойынша қандай көрсеткішке ие?
– Мегаполистің әлеуметтік – экономикалық дамуына бөлінген республикалық бюджет қаржысын игеруде Шымкент қаласы еліміз бойынша алғашқы төрттікте көрінді.
Жалпы қаланың дамуына бөлінген 455,4 млрд. теңгенің 339,3 млрд. теңгесін игеру 1-қараша айына жоспарланған. 2020 жылдың 1 қарашасына, яғни есепті кезеңге бюджет қаржысы 99,2 пайызға немесе нақты 336,6 млрд. теңгеге игерілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер нақты 73,9 млрд. теңгеге игерілді.
Шығыстардың ең үлкен үлесі білім беру саласына – 103,2 млрд. теңге (30,6%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – 74,1 млрд. теңге (23,9%), әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмекке – 22,8 млрд. теңге (5,3%), мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік саласына – 22,0 млрд. теңге (6,5%), көлік және коммуникация – 22,6 млрд. теңге 7,3%, денсаулық сақтау саласына – 16,5 млрд. теңге (5,3%), қоғамдық тәртіп, қауіпсіздікке – 6,1 млрд. теңге (1,9%), отын – энергетика кешеніне – 13,2 млрд. теңге (4,3%), ауыл шаруашылығына – 7,4 млрд. теңге (2,4%), басқа да салаларға – 51,4 млрд. теңге (15,1%) бағытталып отыр.

– Шымкентте білім саласы бойынша қандай өзгертулер мен толықтырулар бар? Білім саласын алға жетелейтін нақты қандай бағдарламаларды айтуға болады?
– Қалалық білім басқарма сы қарамағындағы 752 білім беру мекемесінде 338 167 мың тәрбиеленуші бар. Білім саласы «ҚР Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жұмыс жүргізуде.
Биыл білім саласына қаралған қаржы 112,3 млрд. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 20%-ға артып отыр. Білім сапасы мен кадрлық әлеуетті дамытуда бірнеше инновациялық жобалар жүзеге асуда.
1. «Teach For All» - «Teach For Shymkent» - жобасы жас маманға көмек және университет студенттері мен әр түрлі саланың мамандарымен байланыс орнату арқылы дуалды оқытуды мсақсат етеді.
2. «BOOKDATING – КІТАП ОҚУ АРҚЫЛЫ ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ ЖАСА» - жобасы балалардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған.
3. «KÓSHBASSHY MEKTEP» жобасы жетекші мектептер арқылы Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін таратуға ұйымдастырушылық-әдістемелік жағдайлар жасамақ.
4. «Young director» жобасы бойынша жаңа форматтағы жас басшылар үшін кадрлық резервтің арнайы институты құрылды.
5. «Кибербуллинг» жобасы зорлық-зомбылыққа, буллинг және кибербуллингке жол бермеуді, сондай-ақ алдын алу, әрекет ету және қорғау шаралары туралы кеңінен ақпарат беруді көздейді.
Инфрақұрылымды және цифрландыруды дамыту саласы бойынша 2020-2025 индикативті жоспарға сәйкес, жалпы 82 мектеп құрылысы (63 жаңа мектеп, 22 қосымша құрылыс) салынатын болады. Оның ішінде, мемлекет есебінен – 31, СПК арқылы инвесторларлар есебінен – 51 жүзеге асады.

846


2020 жылы 13 мектептің (6 жаңа, 7 қосымша) және 2 өнер мектебінің құрылысы жүруде. 5 мектеп (2 жаңа, 3 қосымша) құрылысы 2021 жылға өтпелі.
Қазіргі таңда орта білім беру ұйымдарындағы компьютер саны –42 840 дана. Нәтижесінде, жыл басында қала бойынша орта есеппен 1 компьютерге 27 оқушыдан келген болса, жыл соңында бұл көрсеткіш 4-ке жетіп, жалпы компьютер саны 56 556 –ны құрап отыр.
Білім саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 32 мемлекеттік қызметтің 28-і автоматтандырылды. Қалған 4 қызмет түрін жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарда бар. Одан бөлек, педагогтарды жұмысқа қабылдау «HR – process» электронды қызметтер жүйесі іске қосылды.
Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары «Адалдық алаңы» жобасы аясында 100% кабинеттерін оқу кабинеттеріне тапсырып, ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Open Space» ашық бөлмелерге көшті.

– Шымкент қаласында биыл жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы, жолайрық құрылысы жұмыстары қашан аяқталады және неше кезең арқылы жүргізіліп жатыр?
– Шымкент қаласының жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында, 2020 жылы Шымкент қаласында 261 нысан немесе 416,8 шақырым жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда шалғайда орналасқан елді мекен жолдары (Өтеміс, Шапырашты, Маятас, Елтай, Тоғыс, Жыланбұзған, Тұрдабад, Абдулабад), ішкі орам және тозығы жеткен магистральды (Республика, Асқаров, Жангелдин, Қалдаяқов, Гагарин, Рысқұлов, Қапал батыр, Анаров, Төле би, Рашидов, Түркістан, Сырым батыр, Аймауытов, Қазиев және т.б.) көшелер қамтылған.
Оның ішінде осы жылы 236 нысан (306,7 шқ.) пайдалануға беріледі Бүгінгі күні 225 нысанның немесе 282,3 шақырым жолдың жүріс бөлігіне асфальтбетон жамылғысы төселіп, көлік қозғалысы ретке келді.
Сондай-ақ, 2020-2025 жылдар аралығында 6 жолайрық салу жоспарланған. Атап айтқанда:
1. Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысы, 2020-2021 ж.ж.
2. Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысы, 2021-2022 ж.ж.
3. Бәйдібек би-Назарбеков көшелерінің қиылысы,2022-2023 ж.ж.
4. Бәйдібек би-Назарбаев көшелерінің қиылысы, 2022-2023 ж.ж.
5. Бәйдібек би-Төлеметов көшелерінің қиылысы, 2023-2024 ж.ж.
6. Жібек жолы-Рысқұлов көшелерінің қиылысы, 2024-2025 ж.ж. салынатын болады.
Ағымдағы жылы Темірлан тасжолы мен А-2 автомобиль жолының қиылысындағы жолайрықтың оң жоқ өткелдерін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, көлік қозғалысы қалыпқа келді. Сонымен қатар, биылғы 15 қазанда Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысы басталды. Жобаның құны 6,8 млрд. теңге. 2021 жылдың желтоқсан айына дейін жолайрық арқылы көлік қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда.

– Шымкент қаласында жылу науқаны бойынша қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Қалада жылыту маусымы 15 қазаннан басталды. 25 қазанға дейін қала аумағында орналасқан көпқабатты 1896 тұрғын үй, 479 бюджеттік мекеме жылуға толық қосылды.
Қаланың негізгі жылу орталығы «3-Энергоорталық» АҚ-ы қысқы маусымға дайындық жұмыстарына 648 млн. теңге қаржы қарастырып, жоспарланған жұмыстар жылу маусымына дейін толық атқарылды. Сонымен қатар, нысанға қажетті резервтік отын (мазут) қордаланды. Қаланың 11 жылу қазандығының құрал-жабдықтары және 17 сорғы стансасы жылу маусымына толық дайындалды. Көмірмен жылытылатын 2 жылу қазандығына қажетті 1,1 мың тонна көмір нысандарға жеткізілді. 413 шақырым жылу жүйесі жөнге келтіріліп, күзгі-қысқы маусымға қарастырылған гидравликалық және температуралық кестелерге сәйкес жылу қуатын жеткізуде. Қала тұрғындары қажетті 73,7 мың тонна көмірмен толық қамтылды, қаланың қоймаларында қосымша 30,0 мың тонна көмір бар.
2020 жылы жылу саласы бойынша 14 нысанда (5 903,4 млрд. теңге) жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарына байланысты 3 нысан бойынша 6,8 шақырым жылу жүйесі құрылды. Қайта құруға орай 2,1 шақырым жылу жүйесінде және 2 сорғы стансасында жұмыстар жүргізілді. 0,360 шақырым жылу жүйесінде және 3 сорғы стансада күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асты. 43 шақырым жылу жүйесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары, 15,6 шақырым жылу жүйесінде қымтау жұмыстары атқарылды.

– Жылыту маусымына қатысты қандай мәселелер жиі орын алады?
– Көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерінің тозуына байланысты үйлердің ішкі жылу жүйелерінде ақаулар жиі орын алуда. Қаланың магистралдық және ішкі орамдық жылу жүйелерінің 42,7 пайызы тозған. Соның салдарынан жылу жүйелерінде ақаулар болып тұрады.

– Осы жылдың аяғына дейін қаланың өндіріс қуатын арттыратын неше жоба іске қосылады?
– Шымкент қаласында 2020 жылы 37,5 млрд. теңгеге 802 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 21 өндірістік жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда 5,7 млрд. теңгеге 6 жоба іске қосылып, онда 212 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жыл соңына дейін 31,8 млрд.теңгеге 743 жаңа жұмыс орнымен қамтитын 15 жоба іске қосылады деп күтілуде. Қазіргі таңда аталған жобалар іске қосу актісін алу, құрылыс жұмыстарын аяқтау, қондырғыларды орнату сатысында.

– Қалада пандемияның экономикалық кері әсерін төмендету үшін дағдарысқа қарсы іс-шаралар бекітілгенін білеміз. Ал, осы 10 айда инвестиция көлемі неше пайызға артты?
– Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 223,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54,3% артты (2019 жыл қаңтар-қазан – 142,2 млрд. теңге).
Жыл соңына дейін 250 млрд. теңгеге инвестиция тартылуы болжамдануда (2019 жыл – 194,5 млрд.теңге). Нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда қаланың инвестиция көлемі 25 пайыз ұлғаяды.
Қала аумағында 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын инвестициялық 157 жобаның базасы жасақталды.Оның ішінде, ағымдағы жылдың соңына дейін шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын, 300 жаңа жұмыс орнымен 5 жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда. Олар – «Рахат-Шымкент» ЖШС (Корея) – қантты печенье өндірісі, «СП «Lux Shoes» ЖШС (Түркия) – аяқ киім табанының өндірісі, «DALSAN» ЖШС (Түркия) – Ылғалды майлықтар өндірісі, «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС (Ресей), «Химфарм» (Польша) - дәрілік препараттар өндірісін жаңғырту жобасы.
Кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қажетті қызметтер көрсететін «Бизнеске арналған үкімет - Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс атқаруда.
Бұдан бөлек, жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда. Бірінші кезеңде кәсіпкерлерге 2021 жылы дайын инфрақұрылымдарымен 100 гектар, ал екінші кезеңде 206 гектар (2021-2022 жылдар аралығы) аумақ ұсынылатын болады. Бүгінде ТЭҚ және ЖСҚ мемлекеттік сараптамада қаралуда.
Қалада 427 гектар аумақта «Шымкент Сити» аймағы құрылып жатыр. «Шымкент Сити» жобасын жүзеге асыру барысында қала экономикасына 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылуы күтілуде. Жоба аясында 50 мың отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келісілген Қазақстан Республикасының шетелдегі елшіліктеріне қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында хаттар жолданды.

– Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы БАҚ -мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесі құрылды. Бұл кеңестің жұмысы мен тиімді тұстары қайсы?
– Қазіргі таңда, әлемде орын алған жағдайларға байланысты елдің дамуында идеологиялық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ерекше маңызға ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен байланыс орнату барысында халыққа жедел ақпарат берудің маңыздылығын айтып, түсіндіру жұмыстарын сапалы, нәтижелі жүргізуді ерекше тапсырған болатын. Бұл мәселе еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтауға айтарлықтай ықпал етеді. Бүгінде елімізде ғана емес, әлемдегі жер-жаһанға қауіп төндірген пандемиямен күрес әлі жалғасуда.
Осы бағытта халықпен тығыз байланыс орнатып, қолдау көрсету, оларға мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған шаралардың маңыздылығын түсіндіру басты назарда тұр. Қазіргі ақпараттық технологияның дамыған уақытында қала аумағындағы түрлі салаларға қатысты туындап отыратын өзекті мәселелер бойынша тұрғындарға дер кезінде тиісті ақпараттар жеткізу маңызды.
Осы жәйттерді ескере отырып, Шымкент қаласы әкімдігі жанынан бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды. Кеңестің құрамына қоғам қайраткерлері, ардагер журналистер, жергілікті телеарна басшылары, ақпараттық портал және баспасөз басылымдарының бас редакторлары мен блогерлер тартылған.
Аталған кеңестің негізгі міндеті мен мақсаты – қалада туындаған мәселелерді Кеңесте талқылау және айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып шешім қабылдау. Қазіргі жағдайда тұрғындар тарапынан туындаған барлық проблемаларға жедел ден қою қажеттілігіне және осы ретте аудан әкімдіктері мен сала бойынша тиісті басқармалармен бірлесіп, проблемалардың алдын алу мен оларды шешу бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Сондықтан да журналистермен бірлесе Кеңесте талқыланатын мәселелер арқылы мемлекеттік органдардың іс-қимылын қоғамдық пікірді есепке ала отырып үйлестіруге нәтижелі ықпал етеді деп сенеміз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.