Фитосанитариялық қауіпсіздік – маңызды міндет Избранное

Среда, 02 Сентябрь 2020 04:12 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4592 раз

Үшінші мегаполисте жыл басынан бері қала аумағындағы сауда базарларына әкелінген карантинге жатқызылған өнімдерге жүргізілген бақылау жұмыстары нәтижесінде 83 заңбұзушылық анықталып, 4 597 190 теңге әкімшілік айыппұл салынған. Карантин шаралары қандай нысандарға қолданылады, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің карантин талаптарын сақтау ережелері қандай, шетелден келетін өнімдердің фитосанитариялық жағдайына бақылау қалай жүргізіледі? Осы және өзге де сауалдар бойынша Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция төрағасы Әбдібақыт Мақұлбаевпен сұхбаттасқан едік.

705

 

– Әбдібақыт Тілләбайұлы, аумақтық инспекцияның міндетіне не кіреді?

– Аумақтық инспекция өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині саласы бойынша қала аумағында бақылау-қадағалау жұмыстарын атқарады. Елімізге басқа мемлекеттерден келетін карантиндi объектiлерге бақылау жасаймыз. Карантиндi объектiлердi анықтап, оқшаулау, жою мен Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргіземіз.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының жалпы жер көлемі 117 мың га құраса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 62 613 гектар. Оның 39 543 гектары егістік жер болса, 19 064 га – жайылым, 244 га – шабындық, 1 635 га – көпжылдық екпелер, 1 611 га – тыңайған жер.
Аталған алқаптарға біздің мекеме тарапынан тұрақты түрде анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қала аумағында анықталған карантиндік объектілерді оқшаулау, жою және таралуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің «Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы алқаптарында карантиндік режим енгізе отырып, карантиндік аймақ белгілеу туралы» №963 Қаулысы шығарылды. Осы қаулыға сәйкес, 22 нұсқама беріліп, барлығы мерзімінде орындалды. Өйткені, қала аумағында карантинді обьектілерде шығыс жеміс жемірі – 0,03 гектарға, арам сояу – 5, жатаған у кекіре 32,62 гектарға таралып кеткен болатын.
Бақылауға жататын субъектілердің 4152-сі ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі. Атап айтқанда олардың қатарында 3908 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер, 244 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен өндірістік кооперативтер, 48 диірмен, 6 көтерме сауда орны, 10 гүл базары мен 4 ағаш базары, 8 темір жол станциясы, 1 әуежай, 37 уақытша сақтау қоймасы, 108 жылыжай бар.
Осы көрсетілген субъектілерге өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізуде.
2020 жылдың басынан қала аумағындағы сауда базарларына әкелінген карантинге жатқызылған өнімдерге жүргізілген тексерулер нәтижесінде ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңнама талаптарын бұзған 83 жеке және заңды тұлғаға 4 597 190 теңге әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет есебіне толық өндірілді.

– Карантинге жатқызылған өнімдерді облысаралық және басқа да мемлекеттерге тасымалдау мәселесі қалай жүзеге асырылады?

– Мемлекет қауіпсіздігі – қашан да бірінші орында. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» әуелден әмбеге аян. Бұл ретте өсімдіктер карантині туралы заң талаптары халыққа түсінікті болуы үшін әуелі анықтамадан бастайық. Өсімдіктер карантині мемлекет аумағын немесе оның жеке бір бөлігін карантинді аурулар мен зиянкестердің және арамшөптердің таралуынан сақтау үшін ұйымдастырылады. Осыған байланысты ол сыртқы және ішкі каратин болып екіге бөлінеді. Сыртқы карантиннің негізгі мақсаты – еліміздің аумағын карантиндік маңызы бар нысандардан қорғау. Осы мақсатқа орай шетелдермен шекаралардағы арнайы бекеттерде елімізге әкелініп жатқан өсімдік өнімдерінің барлығы карантиндік тексеруден өтеді. Аталмыш өнімдерді облысаралық тасымалдауға карантиндік, ал республикадан тыс жерлерге шығаруға фитосанитариялық сертификат қажет.
Биыл қала аумағынан карантинге жатқызылған 449 106 тонна, 1 437170 дана және 308 текше метр өнім экспортталып, карантинге жатқызылған 5536,2 тонна, 248 343 дана және 3709 текше метр өнім әкелінді. Экспортталған карантинге жатқызылған өнімдердің жай-күйі тексеріліп, 16 657 дана фитосанитариялық сертификат және республика ішінде тасымалдау бойынша 1088 дана карантиндік сертификат ресімделіп, мемлекеттік қызметтер көрсетілді.

– Қандай объектілерге карантиндік шаралар көріледі?

– ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» заңына сәйкес, карантинге жатқызылған өнімдерге – карантинді объектілерді тасығыштар, таралуы қауіпті, карантиндік өнім тізбесіне енгізілген және оларға қатысты карантиндік шаралар қабылдау қажет болған өсімдіктер, олардан алынатын өнім, ыдыс, орам, жүктер, топырақ, организмдер немесе басқа материалдар жатады. Карантиндік нысандардың бірі байқалған жағдайда, заң талаптарына сәйкес барлық жүк залалсыздандырылады немесе жойылады, не қай елден келсе, сол елге кері қайтарылады.
Мысалы, қала аумағына Ираннан әкелінген карантинге жатқызылған өнімдерге карантиндік бақылау жүргізу барысында 3 жағдайда Батыстың гүл трипсі анықталды. Нәтижесінде жалпы салмағы 64 000 кг қияр қолданыстағы заң талаптарына сәйкес алынып, толығымен жойылды.

– Карантиндік және фитосанитариялық сертификаттарды қалай алуға болады?

– Сертификаттарды Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары береді. Мемлекеттік қызмет электронды және қағаз түрінде көрсетіледі.
Карантиндік сертификат www.egov.kz және www.elicense.kz веб-порталы арқылы беріледі. Ал фитосанитариялық сертификат электронды түрде egov.kz сайты немесе арнайы министрлікпен бекітілген өтінімді қағаз нысанда толтыру арқылы беріледі.

– Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға қандай негіздер бар?

– Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға өтініш берушінің карантинге жатқызылған өнімді тексеріп-қарауға ұсынбауы негіз болады, бұған қоса импорттаушы елдің фитосанитариялық талаптарына сәйкессіздігі табылса, мемлекеттік қызмет көрсетілмейді.
Жоғарыда көрсетілген құжаттарсыз өнімдерді тасымалдау – ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 400-бабын бұзу болып саналады. Сондықтан тасымалдау барысында қажет құжаттар әрдайым жаныңызда болғаны абзал.

– Рақмет. Көп жайтқа қанықтық. Соңғы сауал. Көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

– Мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат және мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары аумақтық инспекциялардың стендінде, сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің www.mgov.kz интернет-ресурсында орналасқан.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан А.Сәмбет

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.