Үрей адамды билесе...

Среда, 01 Июль 2020 04:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3458 раз

Елімізде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты бірнеше қалада қатаң шектеу режимі күшіне енуі мүмкін. Рас, төрт айға созылған карантин қай-қайсымызға болмасын оңай тиіп жатқан жоқ. Әлеуметтік желі мен мессенджерді кезген әртүрлі қауесет те адамдарды әлекке салып бітті. Күйзеліс күйретпесін десеңіз, маман кеңесіне мұқият зер салыңыз. Арт-терапевт, тәжірибелі психолог Ләззат Нұрпейісова сұхбат барысында карантиннің адам психикасына әсері жөнінде әңгімеледі.

44444– Ләззат ханым, коронавирус адамзаттың күнделікті өмір салтын түбегейлі өзгертті десек болады. Карантин режимінде адамдардың оқшаулануы, бір сарынды өмір жүйке жүйесіне ауырлық түсіргені бар. Адамдар қазіргі жағдайда эмоцияға бой алдырмас үшін нені ескеруі керек?

– Біріншіден, карантиндік жүйеге бағыну, бір тәртіпті ұстану көпшілік үшін оңай болмағаны байқалды. Бұл ретте адамдардың жауапкершілігі сынға түсті. Бірі санитариялық талаптарды сақтап, сақтық шараларына құлақ асса, енді бірі мүлдем кері әрекеттерімен көзге түсіп жатты. Әдеттегі өмір сүру салтымыз өзгергенде, әсіресе, жеке таңдауымыз болмаған жағдайда, біз шағын дағдарысты бастан өткереміз. Карантин жарияланған алғашқы күннен бастап ситуацияны адамдар әртүрлі қабылдады. Бірақ, оның қандай экономикалық, әлеуметтік, психологиялық жағдайларға әсер ететінін біраз оқшауланғаннан кейін сезіне бастады. Бұл ол адамдардың сенімсіздігінің пайда болуына алып келді. Экстремалдық жағдайда өзінің эмоциясын реттей алмайтын адамдарға біршама қиын болды. Тіпті, отбасылық кикілжің мен ұрыс-керістер де жиіледі. Бұл ішкі тұрақсыздықтан деп айтуға болады. Қазіргі коронавирус дағдарысы біздің қаламыз не елімізді ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіріп отыр. Көпшілік үміт пен үрейдің арасында қалдық деп айтып жатыр. Ең алдымен адам бойын билеген үрейді жеңу керек. Адамдар мүмкіндігінше, ақпаратты ойларды қабылдап және оны басқара білгені жөн. Жағымсыз ақпаратты ішінде жинамағаны дұрыс.

– Қарап отырсақ, үйден шықпайтын халықтың абдырап қалғанын да байқауға болады. Оқшаулану кезінде отбасы мүшелері және балалармен қандай қарым-қатынаста болу қажет?

– Оқшауланудың адам психикасына әсері болады. Мұндай кезде мүмкіндігінше, бір отбасында тұратын жақын адамдар бірін-бірі қолдап, біріне-бірі көмекке келіп, түсіністікпен, ынтымақтастықпен өмір сүргені абзал. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демей ме, міне, бұл жағдайда ұйымшылдық жеңілдік әкеледі. Қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда балаларға ата-аналарының сөйлесуі, қарым-қатынасы жетіспейді. Карантин кезінде осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туып отыр. Балалармен ашық сөйлесіп, бірге армандап, бірге болашаққа жоспар құру керек. Бірге фильм көріп, ойын ойнаған дұрыс. Дәмді тамақ жеу де адамның көңілін толтырады. Көтеріңкі көңіл күй, жақсы эмоция адамның иммунитетін көтеретіні анық. Жақсы ой мен жылы сөзден артық көмек бола алмайтынын да ескерген дұрыс.

– Ауыр дерт тек адамдардың денсаулығына емес, пандемия салдарынан көпшіліктің кәсібіне де айтарлықтай шығын әкелуде. Жұмысынан айырлып, табыссыз қалған адамдардың көңіл-күйі де өзгеретіні белгілі. Мұндайда күйзелісті қалай жеңуге болады?

– Карантин жағдайында жұмысқа шыға алмай, жұмысқа шыққан күннің өзінде де табысты бұрынғыдай таба алмай, қиналып отырған отбасылардың бар екені белгілі. Әрине, әркімнің табыс табуы мен күнкөріс деңгейі оның экономикалық сауаттылығына байланысты ескеру керек. Осыдан он жеті жыл бұрын Киев қаласында миллионер Бодо Шефердің айтқаны әлі күнге мен үшін өзектілігін жоғалтқан емес. Оның сол кездегі бізге айтқан кеңестерінің бірі, алты айлық шығынды бөлек жинау болатын. Яғни, табысынан айрылған кезде адамның кризистен құтқаратын жолы деп қарауға болады. Қазіргі жағдайға баға беру тіптен қиын. Бастысы табысынан айрылған отбасылар салы суға кетіп, құрдымға кетпестен керісінше, мүмкіндігінше ақша табудың жолын қарастырған дұрыс деп айтқан болар ем. Әрине, бұл жерде интернеттің мүмкіндігі мол екенін ұмытпау керек. Қашықтан білім беріп, кеңес алудың да жолдарын қарастыруға болады.

– Стрессті көп жағдайда елей бермейтініміз рас. Одан келер қауіпті өзіңіз толығырақ айтып өтсеңіз.

– Стресс – бұл қысым. Қандай да бір жағымсыз ойды ойлаған сайын адам қысыла береді. Адам уайымға берілсе, арты депрессияға ұласуы мүмкін. Оның арты түрлі ауруларға да душар болумен аяқталуы да ғажап емес. Қысымнан шығудың бірден бір жолы – позитивті ойлай білу. Адам ұйқысынан оянғаннан бастап көтеріңкі көңіл күйде жүріп, мейлінше ашық-жарқын болып, ортада өзін еркін ұстауы қажет. Кез келген дағдарыс жаңа идеялардың, жаңа жоспарлардың туындауына алып келеді. Сондықтан, бұл жерде жеке тұлғаның экстремалдық ситуациядан шығу әрекетін ұтымды пайдаланып, ішкі психологиялық резустарын қолдана алу керек. Сіздің жағдайыңыз жеке басыңызға тікелей әсер етеді. Демек, қобалжудың себептері бар. Бірақ, ең бастысы, өз-өзіңізді сабырға келтіріп және бойыңызда эмоционалдық тұрақтылықты қалыптастыру керек. Стресс жағдайында адам өзінің шынайылығын жоғалтады. Жағымсыз эмоциялар, қорқыныш және ертеңгі күнге сенімсіздік жұмыс жасауыңызға әсер етеді.

– Әңгімеңізге рақмет!