Мырзагелді КЕМЕЛ: «Сәуегейлердің емес, мамандардың сөзін тыңдау керек» Избранное

Среда, 15 Апрель 2020 02:11 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3966 раз

erm 5860

Мырзагелді Кемел өз өміріне, бүкіл қоғамның құбылуына, ертеңіміздің қандай болатынына бейтарап қала алмайтын тұлға. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, қоғам қайраткерінен бүгінде әлемде, оның ішінде біздің елімізде үлкен алаңдаушылық туғызып отырған COVID-19 індетіне қатысты мәселелер жайлы сұрап едік.

– Мырзагелді аға, сіз Қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийдың көп еңбектерін аудардыңыз. Әлі де олардың таңдаулы сөздерін теріп жүргеніңізге шүбәміз жоқ. Осы орайда қазір бүкіл әлемді абдыратып қойған коронавирус індетінің ошағы сол атақты Конфуцийдің елінен басталып отыр ғой. Аты аталған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың еңбектерінде жалпы індет жайлы, одан құтылудың жолдары туралы қандай да бір құнды ойлар кездесе ме?

– Коронавирустің қайдан шыққаны әлі анық емес. Жақында – «америкалық бір зерттеуші жасап, Уханьға 1,5 миллион долларға сатыпты» деген ақпарат шықты. Мұндай тәсілдер бұрыннан бар, тарихта ауру тудыратын талай вирус түрлері, микробтар мен бактериялар арқылы тез тарайтын шешек, оба, безгек, деген кеселдер арнайы жасалған.
Мұндай аурулар тез келіп, бірден тарайды, сондықтан оған қарсы дәрі ойлап табу, оны сынақтан өткізу бірер ай уақыт алады. Сәуегейлердің емес, мамандардың сөзін тыңдау керек.

– Жасыратыны жоқ, осы аты жаман ауру келгелі көбіміз «Рухани биіктікті ұмыттық, материалдық құндылықтар алға озып кетті, Құдай соның бәрін реттеу үшін осы вирусты жіберіп, өз-өзімізге, бала-шағамызға қарау үшін үйді-үйімізге жинады» деп айтып жүрміз. Өзіңіз де «Өзіме сабақ» атты еңбегіңізде: «Пенделікке байланысты нәрселердің ешқайсысына табынуға болмайды» деп қалам тербейсіз. Бұл вирус туралы көптеген болжамдар айтылуда. Бірі – биологиялық қару десе, екіншілері Қытай егде адамдарына зейнетақы төлемес үшін, «құтылу» үшін арнайы тапсырыспен жасатқан деген де сыбысты айтады. Сіз не айтқан болар едіңіз?

– «Аты жаман» демеңізші. Бұлар өтпелі. Көп ұзамай өтіп кетер. Соған сенейік. Ал, материалдық құндылықтардың алға озып кеткеніне 40 жылға жуықтап қалды. Нарықтың хабары келгелі біз басымызды құмға сұғатын күркетауық сияқты, ақша табудан басқаны ұмыттық.
Бірақ, елімізде әр тұстан еміс-еміс естіліп қалатын әңгімедегідей, «мұның бәріне жалғыз Назарбаев кінәлі» емес. Сіз білмеуіңіз мүмкін, менің қатарластарым біледі – бізді мектеп пен институтта оқытқанда, мұғалімдеріміз «біз феодализмнен бірден социализмге секіріп өтіп кеткен бақытты елміз» деп отыратын. Сөйтсек, ол біздің бақытымыз емес, сорымыз екен. Оны енді біліп жатырмыз. Біздің қазіргі қоғамдық құрылысымыз – «жабайы капитализм» болып шықты. Әлі сол жүйемен келе жатырмыз.
Өзбекстан отырықшы ел ретінде капитализмді көрген. Сондықтан олар жақсы жетіліп кетті.
Бірер жыл бұрын құс тұмауы шықты, оның дақпырты орасан болды, дегенмен тез тоқтатылды. Ал ертеректегі тарихқа үңілсек, 1890 жылы оба мен сүзектен бір ғана елде 20722 адам ауырып, оның 13127-сі қайтыс болған екен.
1970 жылдары біздің Жетісай театрының артистері Нүкіс қаласына гастрөлге барған кезде холера (тырысқақ) кеселі тарап, ол жақта төтенше жағдай жарияланған сәтте, холера арақ ішкен адамға жұқпайды екен деген қауесет шығып, артистердің бәрі ішіп кеткеніне куә болғанбыз. Осы секілді дақпырттар шын жағдайдың алдында жүреді.
Аса қатты қауіптенетін ештеңе жоқ. Тек дәрігерлердің талаптарын орындау керек: үйден шықпай, аса зәрлі болып шыға қалғанда, үйге келген соң шомылып, киімдерді дәрі шашып кептіру, сатып әкелген заттар болса пакеттерін тастау, қолды сабындап, 40 секунд үйкелеп жуу, т.с.с талаптарды төзіммен мұқият жасау керек. Теледидарда оның бәріне нұсқаулықтар беріліп жатыр.
Балаларға ерекше көңіл бөлген жөн. Сурет салсын, өлең жазсын, компьютерде слайдтар жасап үйренсін, дене шынықтырумен айналыссын.

– ХХ ғасыр ең қанқұйлы ғасыр ретінде тарихта қалды. Ғасыр ішінде үш рет адамзат саны жартылай азайып барып, қалпына келді. Бүгінде соғыс жоқ, бірақ, қасірет күту бар, әркім-ақ ол қай жақтан келер екен деп абыржығандай күй кешуде. КВИ де сол қасіреттің бірі. Соғыссыз майдан жүріп жатыр. ХХІ ғасырды – биология ғасыры десек те, сол ғылыми-техникалық прогресстен адамдардың рухани санасы артта қалып бара жатқан сияқты ма?

– Бәріміз – пендеміз. Адамдар сауаттанды. Сауаттылардың ішінде адал, арлылары бар да, сол сәттік сезімге, атаққа немесе ақшаға қызмет ететіндері бар. Академик Сахаровтың өзі атом бомбасын ойлап тауып, кейін оның адамзатқа залалын түсінген соң, сол өзі ойлап тапқан қаруды жоюға күреске бүкіл өмірін арнаған.
Әлемдік басқарушы деген бар, барлық проблемаларды бақылап, реттеп отырады. 2012 жылдың өзінде жер бетінде соғыс тоқтағалы тұрғындар саны 3 есе өсіп, 7 млрд болған, қазір 8 млрд-қа жетті. Тіліміз жазықты, бірақ «адам санын реттеуге де қатысы бар ма екен?» деп те ойланып қаламын.
Олай дейтінім – ГМО (генетикалық түрлендірілген өнім) деген нәрсе бар. Генетикалық түрлендірілген өнім дегеніміз – гендік инженерия әдістерінің көмегімен жасанды түрде генотипі өзгертілген тірі ағза. Осы ағзаны енгізуден шыққан өнімді – генетикалық түрлендірілген өнімдер деп атайды. Оны малға немесе өсімдіктер тұқымына енгізу арқылы өнім тез көбейеді. Ұзаққа бармай-ақ, өзіміздің жерде де Қарабұлақта жылқыға, ірі қара малға сол дәріні егіп, салмағын екі есе өсіреді.
Ол – біздің мысал ғана. Ал, әлемдегі 78 пайыз соя, 33 пайыз жүгері және 24 пайыз рапс – трансгенді. Сондай-ақ, ГМО-ны өндірісте қолданатын фирмалардың тізімі бар. Олар: Kelloggs, Nestle, Heinz Foods, Coca-Cola, McDonalds, Cadbury, Mars, PepsiCo, Hipp, Nestle, Unilever, «Heinz» аталатын өнімдер, Knorr, Calve, Maggi, Lipton, Nestea, Brooke Bond, Бондюэль, Балтимор, Кампина, Эрман, Чудо-йогурт, Данон т.б. Көрдіңіз бе, шетелден келген әдемі пакеттегі тәтті және жағымдылардың бәрі де ГМО-мен жасалады.
Сырттан тасымалданатын және өзімізде шығарылатын мынадай тағамдарда генетикалық түрлендірілген қоспалар болуы мүмкін: соя (бұршақ, концентрат, ұн, сүт); жүгері (ұн, консервілер, поп-корн, май, чипсы, крахмал); қызанақ (томат пасталары, кетчуп, пюре, соустар); күнбағыс майы, т.с.с.
Бұл әңгіме неден шықты? Барлығын реттеп отыратын «жаңа әлемдік тәртіп» немесе әлемді бағындыру жоспарынан шықты. Оның идеологтары - Рокфеллер қоры (оның әлемдік билікті иелену жобасы – Пентагонның ұсынымымен әзірленген «барлық спектрлер бойынша билік ету») мен Билл және Мелинда Гейтс қоры. Бұлардың арманы – жер бетіндегі адам санын 7 миллиардтан асырмау. Коронавирустан кәрілер азайса, ГМО-дан жастар туа алмайтын болса немесе еркектігінен айрылса адам азаймай қайтсін?!
Негізгі көздеп отырғандары Африка мен Азияның Шығыс және Орталық бөлігі.
Генетикалық жетілдірілген ағза өнімдері адамзат болашақ ұрпағын ұрықсыздандыруға алып келеді. Әйелдер бедеу, еркектер тұл болады. Қазір білмей жүрміз, 15-20 жылда анық байқалады.
Бұл жөнінде мен үлкен екі конференцияда, Таразда және Астанада баяндама жасадым.

– Әлемді коронавирус жаулағанымен қатар мұнай бағасының құлдырағаны жығылғанға жұдырық болып отыр. Біздің еліміздің экономикасы шикізатқа тікелей тәуелді болғандықтан, бұл құбылыс төл валютамыздың әлсіреуіне де әкеліп соқтыруда. Сіз экономист ретінде қазіргі экономикадағы пандемиялық ахуалға қандай баға бересіз? Енді елді тек қымбатшылық жайлай ма деп қорқып отырғанымыз рас...

– Жер шары – үлкен әлемдік қауымдастық. Олардың ережелері ұқсас. Бірақ, бір елдер еңбекқор, үнемшіл, саудада ұтылмайды, біздердікі көбіне керісінше. Біз тек мақтануға бейімбіз. Көбіміз баяғы Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романындағы Итбайға ұқсаймыз. Сондықтан кедейміз.
Той мен отырыстарға шығындауды азайтып, үнемге және таза тамақты тұтынуға көшейік. Лао-Цзы деген дана: «не жесең, соған тартасың» деген екен. Азық-түлік өнімдерін түрлендіріп, ет-сүт, көкөніс, жеміс, бақша өнімдерін таза қалпында пайдалануға бізде мүмкіндік мол.

- Осындай сындарлы сәтте халқыңызға не айтасыз?

- «Тап. Таны. Күрес. Жігерлен. Жетіл!» деймін.

- Шығармашылығыңызда не жаңалық?

- Бірдеңелерді түртіп жатырмыз. Карантиннің маған зияны жоқ. Өзімді өзім карантинде ұстайтын адаммын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.