Серік БАЙМҰРАТОВ: «Адвокаттық қызметтің жауапкершілігі жоғары»

Пятница, 08 Декабрь 2017 10:52 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6533 раз

Серік БАЙМҰРАТОВ,
ОҚО адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы:

advokattar-97-2

– Серік Ширяздинұлы, әңгімемізді адвокатура саласындағы жаңалықтан бастасақ. Жақында адвокаттар туралы жаңа заң қабылданғалы жатыр деп естідік...

– Иә, елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазір заң шығарушы органның қарауына жіберілді. Егер қабылданса, онда біраз өзгеріс болады. Мысалы, бұған дейін адвокаттар алқасына мүше болып ену үшін заңгерлер жарна төлеп келген болса, енді заң қабылданса, ол жарна жойылады. Яғни, адвокаттар тегін мүше болады алады деген сөз. Айта кетейік, адвокаттарға жеңілдік жасайтын бұл ұсынысты адвокаттар алқасы емес, әділет министрлігі жасап отыр.

 

– Ал жарна көлемі қазір қанша?

– Қазақстан бойынша орта есеппен 850 мың теңге деп белгіленген. Дегенмен, әр өңірде әр түрлі. Мысалы, Алматы қаласында жарна көлемі 1 миллион теңге шамасында болса, бізде, Оңтүстікте – 426 мың теңге.

advokattar-97-1

– Бұл мүшелік жарна қайда жұмсалатын еді?

– Орынды сұрақ. Жиналған мүшелік жарна адвокаттар алқасының әкімшілік құрамының жалақысына жұмсалады. Ол – 12 адам. Оған қоса адвокаттар алқасының қосымша шығындарына, ғимаратты күтіп-ұстауға бағытталады. Салықтар төленеді. Медициналық сақтандыру қорының жарнасы төленеді.

 

– Облыстық алқаның қанша мүшесі бар?

– Облыстық адвокаттар алқасының қазіргі таңда 426 мүшесі бар. Оның ішінде аудандарда 100 адвокатымыз болса, Шымкент қаласында 5 заң консультативі бар. Оның мүшелеріне келер болсақ, Еңбекші ауданында – 56, Әл Фараби ауданында – 53, Қаратау ауданында – 37, Абай ауданында 29 адвокат мүше. Бұған қоса бесіншісі заң кеңесі – ювеналды алқаның 6 адвокат-мүшесі бар. Мұнымен қатар облыс аумағында 87 заңгер жеке адвокаттық қызмет ұсынып жүр. Олар да біздің мүшеміз.

 

– Жеке адвокат демекші, облыстық адвокаттар алқасына мүше болу міндетті ме? Сіздерге мүше болып тіркелмеген заңгер адвокаттық қызмет атқара ала ма?

– Негізі, адвокат болғысы келетін адам әділет министрлігінен лицензия алуы керек. Ал біз сол азаматтың бұрын сотты болған-болмағанын, қоғамдық тәртібін қарап, мүшелікке қабылдай аламыз. Шектеу жоқ. Бірден айтайын, облыстық адвокаттар алқасына мүше болып тіркелу міндетті емес, ерікті. Дегенмен, осы тұста айта кетейін, адвокаттар алқасына мүше емес азаматтар заңгерлік кеңес бере алады. Олар тек азаматтық істерде ғана қорғаушы болып қызметін ұсына алады. Және іске қатысты адамның сенімхатымен ғана. Ал біздің адвокатураның мүшелері лицензиясы негізінде азаматтық та, әкімшілік те, қылмысты да істерде адвокат бола алады.

advokattar-97-3

– Адвокаттар алқасына мүше болудың мерзімі бар ма?

– Адвокаттар алқасына мүше болудың шектеулі мерзімі жоқ. Бір мүше болып енген адам сол күйі қалады. Ай сайын мүшелік жарнасын төлеп тұрған жағдайда.

 

 

– Адвокаттар алқасында қандай жаңалықтар бар?

– Біз ай сайын дөңгелек үстел өткізіп тұрамыз. Ай сайын соттарды, тергеушілерді, әділет органының өкілдері, адвокаттарды өзімізге шақырып, жиналыс жасаймыз. Онда азаматтық дау, әкімшілік дау, қылмысты дауларды талқылаймыз. Одан кейін айына екі рет іс-тәжірибеден өтіп жүрген жас заңгерлерге тағылымдама өткізіледі. Сабақ өтеміз. Онда жас мамандар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырады. Бұған қоса адвокаттар алқасы жылына екі рет ашық есік күнін өткіземіз. Оған облыс және қала тұрғындары келеді, заңгерлік көмекке мұқтаж жандар тегін ақыл-кеңес ала алады. Мысалы, жер дауы, мүлік дауы, алимент дауы деген секілді күрделі мәселелерде кеңес береміз. Әсіресе, соңғы кездері банк алдындағы қарыз мәселесі өршіп тұр.

 

– Яғни, сіздердің көмектеріңізге мұқтаж азаматтар аз емес шығар?

– Адвокаттарға жүгінетіндер саны арта түсуде. Мысалы, қазіргі таңда халықтың, бұрынғыдай емес, құқықтық сауаты арта түскен. Заңдарды жақсы білетін азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, осы тұста таяқтың екінші ұшы бар екенін де ескеру керек. Құқықтық сауат арта түскен сайын соттасу мәселесі де көбейді. Қазір тек күрделі дауларды ғана емес, отбасылық жанжалды, көрші араздығы, қаржылық мәселе, мүлік бөлу секілді мәселелерді сотпен шешу жағдайы жиі тіркелуде. Айталық, бір адамға екінші адам 50 мың теңге қарыз болса, соны өтеу үшін де сотқа жүгінеді. Сөйтіп, екі тарап адвокат жалдауға мәжбүр болады. Жоғарыда айтып өткендей, банк алдындағы қарыз бойынша да мысалдар жеткілікті.

 

– Дауласқан екі тарапты сотқа дейін татуластыру жағы қалай?

– Сіздің айтып отырғаныңыз медиация ғой. Біздер, адвокаттар, медиациямен айналыспаймыз. Ол үшін өз алдына медиаторлар бар. Бірақ, адвокаттар сот ұйғарымының орындалуын жеңілдетуге көмек бере алады. Мысалы, істі болған адамға ірі сомадағы ақша төлеу міндеттелсе, адвокаттар соны бөліп төлеу секілді жолдарын ұсынуы мүмкін.

 

– Өзіңіздің адвокаттық жолыңызда есіңізде қалған іс бар ма?

– Мен қазір адвокаттар алқасының төрағасы болғандықтан, жеке адвокаттықпен айналыса алмаймын. Дегенмен, осыдан бірнеше жыл бұрынғы іс есіме түсіп отыр. Бір жігіт есірткімен ұсталып, сотты болды. Есірткі болғанда героин. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға сотталып кетер еді. Бірақ, мен айыпталушыны ақтап шықтым.

 

– Қалай? Оның кінәсіз екенін қалай білдіңіз?

– Іс материалдарымен танысу кезінде шұғыл өкілдердің әрекеті түсірілген таспа бар екен, соны көрдім. Видеода полицейлер күдіктінің үйін тінтіп жүр. Біреуі камераға түсіріп тұр. Кенет тәртіп сақшыларының бірі жүктің астынан бір түйіншекті алып, үстелдің үстіне қоя салады. Бұл сәт бейнекамераға түскен. Міне, осы сәтті басты назарда ұстадым. Себебі, тергеуші қателік жіберген. Ол заң бойынша күдікті затты көрген сәтте тиіспеуі керек еді. Қалыс азаматтарды шақырып, бейнекамераға жақсылап түсіріп алып, содан кейін ғана қолғап киген қолымен ақырын алып, мұқият орауы тиіс болатын. Ал тергеуші түйіншекті бірден жалаң қолымен ұстай салды. Және ол жүктің астында есірткі жатқанын қайдан білді? Міне, осы сұрақтар мен оның жауабын негізге ала отырып, айыпталушыны қорғауға кіріскенімде тергеушілердің өздерінің ұсынысымен іс қысқартылды.

 

– Енді алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

– Алға қойған жоспарымыз көп. Соның ең негізгісі – адвокаттар алқасынан оқу орталығын ашсақ дейміз. Яғни, адвокаттарды оқу-үйрету, олардың білімін жетілдіру орталығы. Себебі, бұрын бір заң шығып, ол біраз уақытқа дейін өзгермей тұратын. Ал қазір қандай да бір заң болмасын оған өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізіліп тұрады. Ал білікті адвокат болу үшін заңгерлер сол өзгерістің әрқайсысынан хабардар болып, білуі тиіс. Жоғарыда айтып өткендей, қазір адвокаттардың қарауындағы іс көп, заңның өзгерістерін хабардар болуға уақыттары да жете бермейді. Міне, осы мәселені ескере отырып біз оқу-үйрету орталығын ашсақ дейміз. Оған заң саласындағы профессорларды, тәжірибелі адвокаттар мен зейнетке шыққан судьяларды, тағы да басқа сала мамандарын шақырып, адвокаттарға соңғы жаңалықтарды түсіндірсек деген жоспарымыз бар.

 

– Ендеше, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Нұрлан Бектаев

Последнее изменение Пятница, 08 Декабрь 2017 11:06
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.