Береке ДҮЙСЕБЕКОВ: «Еркін форматта жұмыс істегенді құп көремін» Избранное

Пятница, 23 Июнь 2017 05:52 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6435 раз

bereke dusenov

Береке ДҮЙСЕБЕКОВ,
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:

 

 

– Береке, сіз «Жастар ресурстық орталығына» келгенге дейін де жастармен жұмыс істедіңіз, Кәсіпкерлік мектебінен «Жастар ресурстық орталығына» ауысқанда аса бір қиындық туа қоймаған шығар...

– Бұл қызметке дейін Кәсіпкерлік мектебінде басшылық қызмет атқардым. Бұл саланың тірлігі жақсы таныс. Жастар саясаты мәселелері басқармасы – өзімнің түлеп ұшқан ұям. Студент кезімнен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да белсенді студенттердің бірі болдым. Кейіннен кәсіпкерлік саласына кетіп, енді қайтадан жастар ісіне оралып отырмын. Идеология жауапкершілігі мол сала. Бизнесте нақтылық керек. Екеуін ұштастыра отырып, жастар арасында жаңа тандем жасамақ ниеттемін. Әрбір жас жеке кәсіп ашып, өз шаруасын дөңгелетіп жүрсе, өзіне де, мемлекетке де пайда емес пе?!Бизнес ашудың жұмыссыздық мәселесіне, жаңа технология, өнімділік, мемлекетке салық төлеу іспетті бірнеше факторға әсері бар. Қол қусырып, мемлекетке алақан жайып отырмай, әр адам күш-жігерін, уақытын дұрыс пайдалануы керек.

«Тренинг Hall», «ІТ-hub» және «Робототехника» ашылмақ

– Жаңа қызметте қандай бастамаларыңыз, жаңалықтарыңыз бар?

– Үнемі жастардың арасында жүреміз. «Жастың тілін жас түсінеді» түсінеді емес пе?!. Өзім осы қалада туғандықтан, оқушы мен студенттің өмірін шынайы көріп өскенмін. Көкжиегіміз кеңейген сайын жаңа идеялар мен мүмкіндіктер пайда болды. Біздің негізгі миссиямыз – жастардың арасында дұрыс бағыт беру. Мысалы студент кезімізде «кәсіпкерлік» деген біздің ойымызға кіріп шықпайтын. Ал қазір жастардың арасында кәсіпкер болу – сән. Кәсіпкерге ұқсап киініп, сол сияқты сөйлеп, сол оқыған кітаптарды оқиды. Есесіне дұрыс сән қалыптасып келе жатыр. Егер бұл жалпылама сипат алып кетсе, жаңа экономикалық драйвер келе жатыр деген сөз. 

Әрине, әрбір азамат жаңа қызметке келген кезде өз көзқарасымен, ұстанымымен келеді. Маған дейінгі басшылар да бұл орталықта жұмысты жақсы жүйеге қойып кеткен. Дегенмен де қызмет көрсету саласынан ауысқаннан кейін жастарды оқыту, тренинг курстарын дамыту сияқты жаңа құрылымдарды ойластырып жатырмыз. Біз көбінесе университет пен мектеп бермейтін білімді қайдан аларымызды білмейміз. Сол себепті осы «Жастар ресурстық орталығынан» жастарға қажетті білім берсек деп тас-түйін бекініп отырмыз. «Тренинг Hall» деген жобаны іске асырудамыз. Кестеге сәйкес әр түрлі бағыттағы тренингтер, сабақтар өткізілетін болады. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген қыз-жігіттер тегін қатыса алады. «Тұлға боп қалыптасу жолында адам не істеу керек?», «Қалай киініп, жүріп-тұру керек?», «Уақытты қалай үнемдеу керек?», «Өзін-өзі қалай дамыту керек?». Міне, осы сауалдарға аталған тренингтерде жастармен бірге жауап іздейміз.

Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен ауылға!», «Жас отбасы», «Серпін», т.б.бағдарламалар көп. Бірақ, жастардың көбісісоның аражігін ажырата алмайды. Жалпы кез келген адамды көшеде тоқтатып: «Мына бағдарламаны білесіз бе?» – деп сұрасаң, жауап беруі қиын. Біз бұл ретте «Жастар ресурстық орталығының» ішінде «Қызмет көрсету, ақпараттандыру» бөлімін ашсақ деп отырмыз. 

Одан кейін медиамектеп ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Журналистика мен жаңа медиада өзін көргісі келетін жастар жеткілікті. Жастарды медиа саласына баулып, жергілікті БАҚ-мен әріптестік байланыс орнатып, кейіннен жұмысқа орналастыру жайын да қарастырсақ дейміз. 

Жастардың арасында субмәдинет қалыптастырсақ деймін. Мәселен қаланың орталығында субұрқақтың жанында балалар тастан тасқа секіріп жатады. Осыны зерттеп көріп едім. Бір топ орыс жігіттерінен: «Неге қызығасыңдар?» – деп сұрадым. «Бізге экстрим керек», – дейді. Демек, жастарға спортпен айналысатын арнайы алаңшалар керек. 

Одан кейін дарынды балаларды қолдау мақсатында «ІТ-hub»ашайын деп жатырмыз. Дизайнерлер, бағдарламалаушыларды шетелден мамандар шақыртып оқытып, осы бағытты да дамытсақ деген ой ғой. 

«Робототехника» үйірмесі де назардан тыс қалған жоқ. Осындай жақсы жаңалықтарды да тез таратудың әдіс-тәсілдерін ойластыруымыз керек. 

«Жас отбасы» мектебінің де қаңқасын құрып жатырмыз. Алғаш отбасы құрған жылдары екі жасқа отбасы құндылықтарын түсіну оңай болмайды. Кез келген мемлекет шағын отбасынан басталады. Сол шағын отбасы мемлекет деңгейінде ойласа, көршілермен тату тұрса... 

Жалпы жастарға қатысты барлық ресурсты қамтитындай орталыққа айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Бұл идеямыз облыс әкімінен де қолдау тауып жатыр. Қажетті қаражатты да, күрделі жөндеуден өткен ғимаратты да берді. Соның бәрін дұрыс пайдаланып, игілігімізге жаратпасақ, бізге сын болмақ.

– Бүгінде еліміздегі жастар 5 млн шамасында, халқымыздың 30-ға жуық пайызын құрайды. Жастардың артында тірек бар ма? Егер бар болса, жастар оны біле ме?

– Облыстағы әрбір үшінші азамат – жас. 3 млн-ға жуық халқымыз бар болса, соның 800 мыңдайы – жастар. Өңіріміздегі жастардың саны кейбір Атырау, Маңғыстау облыстарының жалпы халық санынан да асып түседі. Бізде мектеп бітірген оқушыларда «ауылдан – қалаға» деген тенденция бар. Ауыл, қала деп бөлетін уақыт бітті. Зерттеп қарайтын болсақ, қаймағы бұзылмаған көптеген салт-дәстүрдің, қазақи қасиеттердің бәрі сол ауылда сақталған. Керісінше қаланың балаларын ауылда оқыту керек. Көпқабатты үйдің балконынан қарап отырып олар «ауылды» басқаша түсінеді. Ал бәріміз,түптеп келгенде, сол ауылдан шықтық қой. Сол тепе-теңдікті орнатуымыз керек. 

Елбасы Н.Назарбаев тарапынан жасалып жатқан осыншама қамқорлықтың барлығы жастардың тірегі деп есептеймін. «Өсемін, өнемін» деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Шетелде оқығың келе ме, «Болашақпен» тапсыр да, бағыңды сына. Жеңілдетілген несиеңді ал да, кәсіп аш. Өнеріңді шыңдағың келе ме, оқы. Біздің елімізде жастарға барлық мүмкіндік жасалған. Тек қана соған күш-жігер керек.

 

Оңтүстік жастары өте белсенді

– Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар біршама деп жатырмыз ғой. Сол бағдарламалар өз миссиясын орындай алып жүр ме?

– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын көп жастар біле бермейді. Егер «істеймін» деген көзін тапқан адам міндетті түрде бәріне қол жеткізеді. Мысалы мен студент кезден мемлекеттік бағдарламаның барлық игілігін сезіндім. Үйді де алдық. Өндірістік тәжірибеден шетелде өтіп келдім. Жастарға берілер көмек көп. Ең бастысы, ақпаратты қайдан алу керек екенін біліп, үдесінен шықса болды. Сол ақпарттың негізгі қайнар бұлағы – біз, яғни «Жастар ресурстық орталығы» болуы керек. Мәселен бір бағдарламаның талабы өзгерсе, соны дереу халыққа жеткізіп отыру – міндетіміз.

– Облыс жастарының белсенділігі қандай?

– Оңтүстіктің жастары барлық жағынан белсенді. Талантты жастар аз емес. Өкінішке қарай, қылмысқа барып жүрген жастар да кездеседі. Өзім еркін форматта жұмыс істегенді жақсы көремін. Лажы болса, көшеде, саябақта кездесу, ауылға барып, доп теуіп жүріп, өзеннің жағасында пікірлескенді құп көремін. Жастардың өзінің терминімен сөйлесең, оларға тез жақындайсың. Ал саяси терминдермен сөйлесең, тұйықталып, жабылып қалады.

Қазіргі таңда демалыс күндері аудандарға шығып кетеміз. Ол жақтағы жастардың уәжін тыңдаймыз. Жастарға қатысты жаңалықтың барлығымен бөлісеміз, түсіндіреміз. Сол кезде ғана белгілі бір жетістікке жете аламыз деп ойлаймын.

– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деді . Президент мақаласынан кейін қандай ой түйдіңіз?

– Бүгінгі таңда жастарға ақпарат өте көп. Осыдан бес-алты жыл бұрынғы жастар саясатында жүрген кездегі ойым мен қазіргі жастардың ойын мүлде салыстыруға келмейді. Себебі, бүгінгі жастар ұшқыр, креативті ойлайды. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желілер болған жоқ. Бір ғана www. mail.ru желісі ғана байланысу құралы болып саналды. Ал қазір қаншама мобильдік қосымшалар бар. Мұның барлығы қоғамдағы жаңарудың, рухани жаңғырудың белгісі. Президенттің мақаласындағы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәрі де дер кезінде айтылды деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.