Қуаныш ИСМАИЛОВ: «Халықтың алғысын алу – шынайы бақыт»

Среда, 24 Май 2017 08:49 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5036 раз

derijerҚуаныш ИСМАИЛОВ,  облыстық опера және  балет театрының  дирижері

Әдетте дирижер дегенде көз алдымызға өмірде көрген-білгені көп, жасы 40-50-ді еңсерген адам елестейді. Алайда біз сұхбаттасқан Қуаныш Исмаилов ол қатардан емес. Жасы – небәрі 27-де. Өзі классикаға – академиялық жанрға берілген. Жуырда ол Мұқан Төлебаев атындағы байқауда бақ сынап, бірінші орынды жеңіп алды.

– Қуаныш, классикалық музыкаға қызығушылық қалай басталды?

– Мен киелі Түркістанда тудым. Сонда тұрып айналадағы әдемілікке, жақсылыққа ынтық болмау мүмкін емес шығар. Мектепті аяқтағасын ата-анаммен бірге Алматыға көштік. Колледжде оқыдым, кейін консерваторияны бітірдім. Қазір Шымкенттегі опера және балет театрында жұмыс істеймін. Бірақ отбасымызда музыкамен кәсіби түрде шұғылданған жан жоқ. Анам ән айтқанды жақсы көретін. Өкінішке қарай, әуестіктен әрі аса алмады. Бүгінде әртіс болу, музыкамен айналысу ешкімге таңсық емес. Әкем – заңгер, менің де Фемида қызметкері немесе дәрігер болғанымды қалады. Бірақ менен соның бірі де шыққан жоқ. Өзімнің қалауыммен музыкант болдым.

– Неге дирижерлікті таңдадыңыз?

– Бала күнімнен музыка мектебіне бардым. Сонда Нұрғиса Тілендиев ерекше әсер қалдырды. Бүкіл болмысы есімде сақталып қалды. Осылайша арманыма жақындай түстім. Магистратурада оқуымды жалғастырдым.

– Алматылық көрермен мен шымкенттік көрерменнің қандай айырмашылығы бар?

– Әрине, әр қаланың, әр мемлекеттің өз ерекшелігі болады. Алматы – Қазақстанның ірі мегаполисі, ғылым-білімі, мәдениеті, тарихы іскерлік кеңістігі қалыптасқан. Шымкенттіктер де алматылықтар сияқты өнерді – театр, опера, классикалық музыканы жақсы көреді. Бағалайды. Ғұламалардың бірі: «Музыка жан дүниеңнен күндегі шаңды жуып жібереді» деген екен. Оңтүстік халқы музыкаға жақын. Барлық жаңашылдықты қабылдауға, сіңіруге дайын тұрады.

derijer-2

– Соңғы рет қатысқан конкурс туралы айтып берсеңіз...

– Талдықорғанда республикалық «Алтын таяқша» байқауы өтті. Мақсаты – атақты композитор, ҚазКСРО-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы дәріптелді. Композитордың репертуарында оркестрлік және камералық, 50-ден астам ән мен романс, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының спектакльдеріне арнап жазған әндері бар. Байқау бірнеше сатыдан тұрды. Біріншісінде Мұқан Төлебаевтың бір туындысын, одан кейін Кенжебек Күмісбековтің «Қорқыт туралы аңызы» мен Чайковскийдің «Лебединое озеросын» орындадық. Екінші турда вокалистермен қаншалықты кәсіби деңгейде жұмыс істей алатынымызды көрсеттік. Екі жылдан кейін байқау халықаралық деңгейде өтеді. Оған алыс-жақын шет елдерден келеді. Бұл дегеніңіз – зор мүмкіндік.

– Дирижер жұмысындағы ең қиын нәрсе не?

– Үлкен ұжымды басқару оңай емес. Опера қою, хор шығару, вокалистерді дайындау жұмыстары қабаттасқан кезде тіпті еселенеді. Ал көрерменнің көңілінен шығып, оларға қуаныш сыйлағанда шаршағаныңды ұмытып кетесің. Дирижердің басты қасиеті сол – сезімін қолымен, көзімен білдіруі тиіс, оның үстіне жақсы психолог болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, нағыз әмбебап адам. Алда талай жоспар бар. Мысалы, бірінші рет Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын облыстық театрда 2009 жылы қойған едік. Арада жеті жыл өткенде тамаша қойылымды қайта қалпына келтірдік. Қазіргі күні Сергей Рахманиновтың «Алеко» операсы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – драмалық тұрғыдағы камералық, лирико-психологиялық опера. Кейіпкері Алеко – ХІХ ғасырдағы білімді, жас ұрпақтың жинақталған образы. Кезінде Пушкин де өзін осы қатарға қосқан. Қазір де осы романтикалық образ замандастарымыздың біразына жақын деп ойлаймын.

– Осы заманғы дирижер қандай болуы керек?

–Мені әлемге танымал композитор әрі дирижер Янис Хриссомалис тәнті етеді. Оның өнері таңданарлық. Кез келген дирижердің міндеті – музыкантқа бағыт-бағдар беру, көмектесу. «Дирижер» сөзінің өзі француз тілінде «басқарушы», «бағыттаушы» деген мағынаны білдіреді. Бірақ маған классика ұнайды. Онда қалыптасқан ереже, тіпті өзіндік этикеті бар. Бәрінен бұрын өзгерту, тәжірибе жасау оңай. Бірақ оны көрермен қабылдай ала ма? Байқағаным, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары салиқалы музыкаға жақын. Талай жылдан бері осы үрдіс үзілген жоқ. Көрсетілімнен кейін олар пікірлерін қалдырып, өнерімізді тағы тамашалағысы келетінін жеткізіп жатады. Соған қарағанда көпшілік соңғы уақытта белең алып тұрған жеңіл шоулардан жалыққан сияқты. Опера кассасында билет бірден өтіп кетеді, бұл – жетістік. Оңтүстік Қазақстанды шығармашылық ордасы деу тегін емес. Аймақта қазіргі күні 8 театр жұмыс істейді, демек, өнер мен мәдениетке құрмет жоғары.

– Бас дирижердің жоспары қандай?

– Опера және балет театрында үлкен ұжым, 200-ден астам адам жұмыс істейді. Мұны маңызды өндіріспен салыстырар едім. Біз де өнім үшін еңбектенеміз. Сосын халыққа көрсеткенше асығамыз. Бүгінгі күні бір мәселе бар: қалада афиша ілетін арнайы орындар жоқ. Мысалы, Алматыда билборд істейді. Сол себепті афишаны аялдамаларға, үйлердің кіреберісіне, мекемелерге ілуге мәжбүрміз. Оны бірі көрсе, бірі көрмейді. Халыққа ақпарат жете бермейді.

– Өміріңіздегі спорттың маңызы қандай?

– Әлбетте! Репетициядан соң спортпен айналысамын. Ол – қажеттілік, сондықтан жаттығу залына қуана-қуана барамын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Среда, 24 Май 2017 12:07
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.