Бауыржан ҚАЛЖАНОВ: «Бейнебақылау құрылғысын орнату қауіпсіздікті арттырады»

Пятница, 21 Апрель 2017 09:04 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5641 раз

Бауыржан ҚАЛЖАНОВ, Әл-Фараби ауданының әкімі:

DSC 0196Шымкентте жылдан жылға халық саны артып, қала миллионға жетудің аз-ақ алдында тұр. Қазақстандағы үшінші мегаполиске ат басын бұрған саяхатшылар Шымкенттің көрікті жерлерін араламай қайтпасы анық. Біздің мақтанышымызға айналған «Тәуелсіздік», «Орталық», «Қиял әлемі», «Дендро» cаябақтары, «Зообақ», «Әл-Фараби», «Ордабасы», «Наурыз» алаңдары және қалаға келген қонақтың басым бөлігін «күтіп алатын» Теміржол вокзалы – Әл-Фараби ауданына қарасты аумақта орналасқан. Демек, ірі мегаполиске тән өркениетті қалыптастыру, Шымшаһардың шырайын еселеп, қала тұрғындарының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуде ауданға жүктелетін жауапкершілік зор. Осы орайда Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен қала орталығының тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттастық.

– Бауыржан Ахметәлі-ұлы, Әл-Фараби ауданында атқарылған жұмыстар жайлы жақында халыққа есеп бердіңіз. Бүгінгі сұхбатымызды қала тұрғындарының мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жайлы ойыңыздан бастасаңыз.

– Біздің аудан аумағында көпқабатты үйлер мен мекемелер тығыз орналасқан. Тіпті, адам көп жиналатын саялы орындардың басым бөлігі Әл-Фараби ауданына қарасты. Сондықтан қажеттілік те, талап-тілек пен тұтынушылық та соған сай болады. Бірақ, әр адамның көзқарасы әртүрлі. Мәселен, көпқабатты үйдің алдына біреу балалар ойнайтын алаңша сұраса, екінші біреу көлік тұрағына орын іздейді. Сол түрлі ой-пікірді бір бағытқа бұру оңай емес. Бұрын тұрғындар өз пәтеріне ғана жауапкершілік алатын. Тіпті үйінің балконы мен кәріз, су құбырлары тозып жатса да ауыстырмайтын. Тұрғын үйлердің кіреберіс дәлізі тоз-тозы шығып, жертөлесінен жағымсыз иіс шығып жататын. Ал аулаға жаны ашитын адам кемде-кем болатын. Қазір олай емес. Тұрғындар пәтерінен бөлек, кіреберіс дәліздің есік-терезесін түгендеді. Бөтен адам кіре алмайтын темір есік орнатып, оны тек сол үйдің тұрғындары кодпен аша алады. Ауланы тазалап, ағаш егіп, орындық орнатумен шектелмей, осы тазалықты қызғыштай қорып отыратын азаматтар бар. Олар аулаларды жарықтандыруға өтініш жазатын. 2016 жылы Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары 99%-ға орындалды. Ал қазір халық бейнебақылау құрылғысын орнатуды сұрай бастады. Бұл біріншіден, тұрғындардың қала тазалығына, қауіпсіздігіне қосқан үлесі болса, екінші жағынан сананың жаңғыруын көрсетеді. Халықтың сұранысы да дамыған заман ағымына қарай өзгере бастады. Мәдениет деген талғамның биіктігі емес пе?!

– Демек, қаланың көркеюіне тұрғындар бейжай қарамайтын болғаны ғой?

– Халықтың қала өміріне етене жақын араласуы біздің де жұмысымызды жеңілдетеді. Әл-Фараби ауданының аумағы көп қабатты тұрғын үйлердің аула, ішкі орам жолдарын тазалау бойынша 7 учаскеге бөлінген. Әр учаскеге аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. Біздің мамандар көпқабатты үй басқарушылары мен көше, ауыл билерінің басын қосып, осы салада түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырып отырады. Жыл басынан бері тұрғындардың қатысуымен 5 рет қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Дегенмен, ауданның 210 мыңнан астам тұрғыны бар. Көше бойына, арық-атыз жүйелеріне қоқыстарды кімдердің тастап кеткенін мамандар көріп үлгермейді. Осы орайда көлігімен кез келген жерге қоқыс төгіп кететін адамдарды суретке түсіріп, WhatsApp нөміріне немесе әлеуметтік желіге салатын қала тұрғындарының бізге көмегі тиіп жатыр. Сол айғақтарға сүйене отырып, заңсыздыққа қарсы шаралар қолға алынып, кінәлілерге айыппұл салынды.

– «Таза қала» акциясы аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бұрындары саябақтағы ағаштардың қураған күзгі жапырағы көктемге дейін аршылмай жататын. Ал соңғы жылдары қай мезгілде барсақ та, саябақтың тазалығына куә боламыз. Осы бағытта мамандардың жұмысына тоқталып өтіңізші.

– Әл-Фараби ауданындағы кенеттен пайда болған қоқыс қалдықтарын тазалау жұмыстарына «Бәйтерек-ЛБ» ЖШС, «Нұр-Сәт» ЖШС, «Бек-Асыл» ЖШС мекемелері жауапты. Ал елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру ісін («Қазақ зағиптар» қоғамдық бірлестігінің) «Тұрар» ЖШС корпоративтік қоры мекемесі атқаруда. Аталған мекемелермен қазіргі уақытқа дейін 1246,67м³ қоқыс полигонға шығарылды. 217 қураған ағаштар кесіліп, 3 795 тал санитарлық қырқудан өтті. 5 рет өткен сенбілікке 33 техника мен 10 200-ден астам адам қатысып, 38 шақырым ирригациялық арықтар тазартылды. 1 320 түп ағаш көшеттері отырғызылып, 265 м3 күл-қоқыс шығарылды. Жалпы, 2017 жылғы Әл-Фараби ауданына қарасты шағынаудандар мен елдімекендерді санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету жұмыстарына қалалық бюджеттен 58 млн теңге бөлінді.

– «3 Қуатжылуорталық» МКК қызмет көрсетуін бастағалы жылу энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарында өзгеріс орын алып, тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар азайды ма? Келесі жылу маусымына дайындықты қай кезден бастайсыздар?

– Келесі жылыту маусымына дайындық сәуір айында басталып кетті. Әл-Фараби ауданы аумағында жылу қабылдайтын 610 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. 2016-2017 жылғы жылу маусымында «Қуатжылуорталық-3» МКК осы тұрғын үйдің барлығына қызмет көрсетті. Көпқабатты тұрғын үйлердегі тазалық пен жылуды сақтау мақсатында кіреберіс дәліздің есік-терезелерін бүтіндеу, істен шыққан тік құбырларды ауыстыру тұрғындардың жауапкершілігінде екенін жаңа айтып өттім. Осы бағытта біздің мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жыл басынан бері 21 жұмыс істемейтін тік құбыр анықталып, ауыстырылды. 18 кіреберіс алаңдарының есігі мен 81м² фрамугаларды тұрғындар өз күшімен орнатты.
Сонымен қатар, жылу энергиясын үнемдеп, тиімділігін арттыру мақсатында 56 көпқабатты тұрғын үйге жылу есептегіш құралы орнатылды. Көпқабатты үй тұрғындары алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қызығушылық танытып, үнемділікке бет бұрса, келесі қыс маусымы басталғанға дейін көптеген шаруаны тындыруға болады.

IMG 6128

– Ал «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлерге қандай көмек көрсетілуі мүмкін?

– Бұл бағдарлама шеңберінде 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 30 көпқабатты тұрғын үй анықталып, оның 13-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Молдағұлова көшесіндегі №7, Республика даңғылындағы №19, 25а, 31, Быковский көшесіндегі №2, 5, Володарский көшесінде орналасқан №2а, 2б, 2в, Майлықожа көшесіне қарасты №13, Байтұрсынов көшесіндегі №9, Жангелдин көшесіндегі №22а және Верещагин көшесіндегі №73а көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылды.
2017 жылы 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Қаражат бөлінген соң бұл мәселелер де оң шешімін табатын болады.

– Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, Әл-Фараби ауданының аумағына да жаңа елдімекен енгені белгілі. Елдімекендердің жағдайы қандай?

– Әл-Фараби ауданына қарасты 365 орталық көшелерге толығымен асфальт төселген. Дегенмен, елдімекендерде әлі тас төсеуді қажет ететін көшелер бар. Мемлекет басшысының саясатын негізге ала отырып, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясындағы жұмыстарда елдімекендерді көркейту мәселесін де назардан тыс қалдырмаймыз. Қала аумағына енген тұрғын алаптар мен елдімекендерді көркейту жұмыстарын облыс әкімі де, шаһар басшысы да жіті қадағалайды. Осы орайда басты назарға алынған шаруалар – елдімекен көшелеріне атау беру. Қазір 60 көшеге атау беру үшін тұрғындардың ұсынысы мен келісімін негізге ала отырып жасалған хаттаманы онамастика бөліміне тапсырдық. Сұранысқа қарай «Сәуле» «Текесу» басқа да елдімекендерде шағал тас төсеуді қажет ететін көшелер бар. Мұның барлығы күн тәртібіне енген. Реті келгесін айтайын, көшенің көркін еселеп, тартымдылығын арттыру мақсатында, тұрғындарды үйлерін бірегей түспен әрлеуге шақырамыз.

– Аудандағы әлеуметтік нысандардың әлеуеті қай деңгейде?

– Әл-Фараби ауданына қарасты 24 мектеп, 22 балабақша бар. Соның бірі «Сәуле» шағынауданындағы №76 жалпы орта мектеп оқушылары үш ауысыммен оқитын. Мұнда 1200 орындық жаңа мектеп салу 2016 жылдың жоспарына енген. 1934 жылдан бері оқушылардың кәдесіне жараған №79 орта мектептің де жанынан 600 орындық жаңа ғимарат салу қажеттілігі анықталды.
Әлеуметтік нысандардың алдында жол белгілерін орнату бойынша 21 мектептің жанына жаяу жүргіншілер өткелі, дыбыстық жолақ және жылдамдықты тежеу кедергісі, бағдаршам қажеттілігі анықталған. №79, №84 мектептердің жол белгілерін жаңарту бойынша біздің әкімдік тарапынан Шымкент қаласының білім бөліміне сұраныс хат жолданды. «Текесу» тұрғын алабындағы №121 мектептің алдына жол белгілерін орнату бойынша Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хат жолдады.

DSC 0205

– Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

– Әл-Фараби ауданының тұрғындарына «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіріп, «Өрлеу» жобасын кеңінен насихаттаймыз. Жұмыссыздық деңгейі 5-10 жыл демей-ақ, соңғы 2-3 жылмен салыстырғанның өзінде екі есеге жақсарғанын байқауға болады. Қазір елімізде жастардың кәсіпкерлікті қолға алып, өз ісін бастауына мүмкіндік мол. Бір ғана қажеті – тәуекел деп бел буып, іске тас-түйін болып кірісуі. Кейде «бұрынғыдай завод-фабрика салынса» деген тілектерді құлағым шалып қалады. Қазір техниканың дамыған заманы. Бұрын бірнәрсені жасап шығару үшін адамның күші қажет болатын. Ауыр механиканы басқару үшін әр адамға бір жұмыс жүктелетін. Ал қазір олай емес. Қарапайым ғана мысал, медициналық қолғапты жасап шығаруға бүгінде арнайы техника мен оны таратып, тасымалдау, сату ісіне 10 шақты адам жұмылса жетіп жатыр. Яғни, бұрынғы 50-100 адамның жұмысын бір ғана техникаға жүктеп, тетігін дер кезінде басу керек. Міне, сондықтан да біз халықты жаңа заманның техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып өз кәсібін ашуға шақырамыз. Соның салдарынан жұмыссыздықтан құтылсақ, тағы бір жақсы жағы – әр адам өз кәсібін ашып, әл-ауқатын арттыруға қол жеткізеді.

– Халық денсаулыған жақсарту бағытында көпшілікті алаңдататын қиындықтар жоқ па?

– Әр азамат соңғы жаңалықтарды мұқият зерделесе, медицина саласында алаңдауға негіз жоқ. «Аймақ, аудан, ауыл» қағидасы бойынша халық арасында өткізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Қазақстанда халықтың 17%-ы ғана медициналық сақтандыру жүйесін пайдаланады екен. Жыл басында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты
Қазақстан халқына Жолдауымен барлығымыз таныстық. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында медицина саласының мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін іске қосуды қолға алды. Сәуір айында еліміздің түкпір-түкпірінде жергілікті емханаларда МӘМС бойынша тіркеу басталғанын және оның тиімділігін түсіндіру бағытында жұмыстарға
Әл-Фараби аудандық әкімдігінің қызметкерлері де үлес қосуда. Бұл бағытта халық арасында 10 рет жиналыс ұйымдастырылды. Орталық көшелердің бойларындағы жекеменшік кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерге пандус орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тұрақты түрде жалғасады. 2016 жылы бұл орайда 272 нысанға пандустар орнатылған болатын. Түсіндіру жұмыстары нашақорлықтың алдын алу мен дін, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында да тұрақты жалғасын табуда.

– Бүгінде облыстық прокуратураның бастамасымен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Әл-Фараби ауданында халық тығыз шоғырланған. Айтыңызшы, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?

– «Қауіпсіз қала» жобасы аясында жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында іс-шаралар жоспарлы түрде өтуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің дәлізі қараусыз кездері «пәтер ұрлығы» көп тіркелетін. Қазір тұрғындар терезелерге әйнек салып, кодпен ашылатын темір есік қойып, аулаға шам орнатқалы бұл қылмыс түрі азайды. Дегенмен, тұрғындар ауладағы тәртіп пен тазалықты қадағалау үшін бейнебақылау құрылғысын орнатуға ықыласты. Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен аудан әкімі аппараты және жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, тұрғындарымен, үй комитеті төрағаларымен 23 рет кездесу ұйымдастырып, бейнебақылау құрылғысын орнату тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, көпқабатты тұрғын үйлердің 157 кіреберіс дәлізіне, 185 аулаға және 64 пәтердің жеке есік алдына тұрғындар өз есебінен бейнекамера орнатты. Халық билікпен бірге жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Әкімдік қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде алғашқы болып қолдаған тұрғындар өздерінің қауіпсіздігімен қатар, қаланың өсіп-өркендеуіне де үлес қосып отыр.
Ал түрлі деңгейдегі құқық бұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Әл-Фараби ауданындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде бейнебақылау құрылғылары іске қосылған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дегенмен, қаланың бақылау камерасы орнатылмаған тұстарында қоқыс тастап кету, көлік тонау қылмысы басылмай тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді.

– Әл-Фараби ауданының биылға жоспарлаған жұмыстары қандай болмақ?

– Аудан аумағында инфрақұрылым жүйелерін дамыту, жаңарту, қайта қалпына келтіру жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Қала орталығының санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын күн сайын жақсартуды көздейміз. Кедейлікті төмендету үшін халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздар санын азайту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды Елбасымыз Жолдауында атап өткендей бұрынғыдан да күшейте бермекпіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал ӘШІРОВА

Последнее изменение Вторник, 25 Апрель 2017 05:40
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.