Мұқағали САҒЫНТАЙ: «Мақсатым – Шымкентте цифрлы технологияны дамыту»

Пятница, 07 Апрель 2017 11:08 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5178 раз

«…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын».

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан)

IMG 8046-29-03-17-05-26

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету... және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген болатын.
Жолдаудан кейін көпшілік көкейінде «Елбасы Жолдаудың бірінші басымдығында көрсеткен «3D-принтинг» деген не?» деген сұрақ туындады. Расында да бұрындары тек атын ғана естіп, затын көрмеген бұл не нәрсе? Ол қалай жұмыс істейді? Елімізде бұл сала қаншалықты дамыған? Қазіргі таңда 3D-принтердің қыр-сырын жетік меңгеріп, оны кәсібіне айналдырған шымкенттік Мұқағали Сағынтайды әңгімеге тартқан едік.

 

H0comkjxHak– Мұқағали, саған мұндай идея қашан келді?

– Алматыдағы Политехникалық университетте оқып жүргенде ұстаздармен, группаластармен көптеген жобалар жасап жүрдік. Сол кездерде осы 3D-принтерге қызығушылығым арта бастады. Алғашқыда үйде әуесқой құрылғыны қолданып жүрдім. Cұраныс көбейе бастаған соң, биыл кеңсемді ашып, екі кәсіби құрылғы сатып алдым.

– Бұл құрылғылардың қызметі қандай және оларды қайдан аласың?

– Мен қолданатын 3D-принтерлер пластик, пластмассадан кез келген бұйымдарды жасайды. Мәселен сіздің пластмассадан жасалған сүйікті затыңыз сынып қалса. Және ол желімдеуге келмесе біз дәл сондай етіп оның жаңасын жасап береміз. Қазір көпшілігі тұрмыста пайдаланатын заттарды жиі жасатады. Өйткені зауыттарда өзіңнің ойыңдағы бұйымдарды арнайы шығарып бермейді. Ал біз істей береміз. Алдымен компьютерде үшөлшемді моделін жасап, принтерге басуға жібереміз. Мұндай 3D-принтерлерді Қытайдан алдырамын. Бағасы 200-300 доллардан басталады. Екі әуесқой және екі кәсіби құрылғым бар. Дәл қазір осылармен көзі көрмейтін адамдарға арналған мүсіндер жасап жатырмын.

– 3D-принтерлердің болашақтағы мүмкіндіктерін қалай бағалайсың?

IMG 8030-29-03-17-05-16– 3D-принтерлер Америкада сексенінші жылдары шыққанымен, оны 2000 жылдардың басында қолдана бастады. Қазақстанға ең алғаш рет 2005 жылы келді. Ол СЛФ технологиясы бойынша жұмыс жасаған. Оның ерекшелігі, пластиктерді шаңның тозаңындай етіп ұсақтап құйып, лазермен кесетін. Арада көп уақыт өтпей дәл осы тәсілмен металдан жасалған заттарды да дайындай бастады. Бұл өте үлкен жетістік болды. Өйткені, бір талшық шаштың көлемі 70-75 микрон болса, осы 3D-принтер темірді, тіпті титанның өзін 10 микронға дейін ұсақтай алатын еді. Мұндай металды өңдейтін құрылғы елімізде аэрокосмостық және қорғаныс саласында қолданылады. Бұдан бөлек тіс, жақ сүйектерін басып шығара алады. Алдымен сұйық күйінде керекті формаға келтіріліп, ультра фиолетпен қатырылады. Жылдан жылға принтерлердің шығару жылдамдығы, сапасы артып, толықтырылып келе жатыр. Сондай 3D-принтердің бірі Алматыда бар. Ол гипстен жасалатын адамның немесе жануардың қасын қара, шашын қоңыр, ернін қызыл етіп жасап бере алады. Келешекте бұдан да сапалы нәрселер жасайтын принтерлер шығады. Сондықтан, технологияны әрқашан дамытып, жетілдіріп отырмасаң, бірнеше жыл бір қалыпта жұмыс жасау өте қиын.

– Алдағы жоспарың қандай? Пластиктен басқа материалға көшесің бе?

IMG 8034-29-03-17-05-16– Жалпы менің ойым, 3D-принтер жасап, оны сату. Өйткені, бірнеше жылдың ішінде мұндай құрылғылар өзінің маңыздылығын жояды. Бағасы арзандап, қазіргідей табыс бермейді. Көпшілікке қолжетімді болып қалады. Қазірдің өзінде компьютерді талап етпей-ақ, ұялы телефон арқылы да басып шағаратын 3D-принтерлер пайда болды. 2-3 жылдан кейін сатылымға шыға бастайды. Алғашқы бағасы 200 доллар болады деп күтілуде.
Қазір елімізде 3D-принтер жасап шығаратын бір-ақ компания бар. Оның артықшылығы, көп нәрселерін Қазақстанда жасайды. Халық аузында «3D-принтер 3D-принтерді жасайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар ғой, сол рас. Ресейде жылына 3D-принтер жасайтын 2-3 компания шығып жатыр. Барлығы сапалы әрі арзан бағада жасауға ұмтылуда. Бәсекелестік жоғары. Мәселен қазір «Назарбаев мектептерінде» де кеңінен қолданылып жатыр. Ал мен оқыған Политехникалық университетте ТМД елдерінде жоқ 3D-принтер бар. Ол тек пластик қана емес резеңке, эластиктермен де дайындайды. Жасанды адамның терісін жұмсақ, сүйегін қатты, қан тамылардын қызыл, көздерін қара әрі жұмсақ етіп жасай алады.

– Жаңалығың мен қызықты әңгімең үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Қысқа-нұсқа:

3D-принтер – суретті үшөлшемді етіп шығаратын құрылғы. Ол пластик, резеңке, цемент, гипс және тағы басқа заттарды сандық үшөлшемді модель арқылы қабаттап шығарады. Құрылғыны ең алғаш рет 1988 жылы америкалық Халл Чарльз ойлап тапқан. Дәл қазіргі уақытта 3D-принтердің мүмкіндігі шексіз. Оны кез келген салада қолдануға болады. Архитектура, киім-кешек, медицина, электроника, көлік, құрылыс, қару-жарақ тіпті тамақ өнеркәсібінде де. Мәселен үлкен 3D-принтердің көмегімен Қытайда көпқабатты үйлерді тұрғыза бастады. Shanghai WinSun Decoration Design Engineering Co компаниясы алғаш рет 2014 жылы «Ғажайып принтердің» көмегімен бетоннан он ғимарат салған болатын. Ал McKinsey компаниясының бағалауынша, 3D-принтердің технологиялық қолданыстағы экономикалық әсері 2020-2035 жылдарға қарай 500 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 12:04
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.