САЙЛАУ – ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН МАҢЫЗДЫ САЯСИ НАУҚАН Избранное

Среда, 22 Февраль 2023 03:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7388 раз

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді. Бұл күні шымкенттіктер өз таңдауын жасайды. Қазіргі таңда үміткерлерді тіркеу аяқталып, 19 ақпаннан бастап үгіт-насихат кезеңі басталды. Сайлау тәртібінің ерекшеліктері, үміткерлер мен сайлаушылар білуі тиіс заңдылақтар және өзге де сауалдарға Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мелдебек ӘДІЛБАЕВ жауап береді.

31

 

– Мелдебек Мырзаұлы, алдымен саяси науқанның биылғы ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз...
– Осы жерде мен оқырманға түсінікті болу үшін халықаралық тәжірибеде сайлаудың пропорционалдық (партиялық тізіммен), бірмандаттық (можаритарлық - өзін өзі немесе партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынуы) және аралас жүйелері бар екенін айта кетейін. Мысалы, 2021 жылдың 10 қаңтарындағы Парламент Мәжілісі мен маслихаттар сайлауы тек партиялардың өздерінің үміткерлерінің тізімін ұсынатын пропорционалдық жүйемен өткізілген болатын. Естеріңізде болса, Президент Парламент Мәжілісі мен маслихат сайлауына ішнара өзгерістер енгізілетіні, сайлау аралас жүйемен өткізілетіні, соның ішінде Мәжіліс депутаттарының 30, ал, мәслихат депутаттарының 50 пайызы бір мандаттық сайлау округтерінен өзін өзі ұсыну жолымен сайланатыны айтылған болатын. Осыған орай, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына біршама өзгерістер енгізілген. Ендігі жерде, заң талаптарпына сай, жаңадан өзін-өзі ұсынғандар, партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған үміткерлерді тіркейтін округтік сайлау комиссиялары құрылып, бұрынғы учаскелік комиссия құрамы түгенделді. Оның біріншісі қазір қызу жұмыс үстінде болса, екіншілері дайындық кезеңінде.
Осы жерде оқырмандарға ескерте кетер жағдай ол – «партия тізіміне енгізілген үміткерлер» мен «партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған үміткерлер» деген сөз тіркестерінің айырмашылығы. Бұл екеуі екі бөлек түсінік. Депутаттыққа үміткерлерді партиялық тізіммен тек Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен сайлауға қатысуға рұқсат етілген саяси партиялар ғана ұсына алады. Республика шеңберінде ондай Орталық сайлау комиссиясының рұқсатын алған жеті саяси партия бар. Олардың бесеуі бұрыннан елге танымал болса, екеуі жаңадан тіркелген Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ» пен «Respublica» партиясы. Осы жеті саяси партияның мәслихат депутаттығына кандидат ұсыну үшін сол маслихат шеңберінде филиалдары немесе өкілдіктері тіркелген болуы тиіс. Ал, Орталық сайлау комиссиясымен сайлауға қатысуға арнайы жіберілмеген, бірақ жарғысында саяси жұмыстарға араласу құқығы (өкілеттігі) бар партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің бірмандаттық сайлау округтерінен өз қалауларын мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсыну мүмкіндігі бар. Заң талаптарына сай, саяси партиялардың тізіміне депутаттыққа кандидат ретінде енгізілетін азаматтар партия мүшесі болуы міндетті болса, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден бірмандаттық округтер арқылы ұсынылған адамдардың ол қоғамдық ұйымның мүшесі болуы шарт емес.
Екінші ерекшелік, ол осы өзгерістерге байланысты депутаттық мандаттар санына қарай округтік сайлау комиссияларының құрылуы. Осы жерде оқырманға түсінікті болу үшін мысал келтіріп айта кетер жәйт, ол, Шымкент қалалық маслихатында отыз екі депутаттық орын (мандат) бар. Олардың он алтысы партиялық тізіммен сайланар болса, екінші жартысының сайлауын ұйымдастыруды қамтамасыз ету мақсатында қалада он алты округтік сайлау комиссиссы құрылған. Соның 3-еуі – Әл-Фараби ауданы аумағында. Парламент Мәжілісінің бірмандаттық сайлау округтерінен сайланатын отыз пайыз депутаттардың сайлауын ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы 29 сайлау округтеріне бөлінген. Қысқаша айтқанда, өзін-өзі ұсыну немесе партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынылуымен сайланатын әр депутаттық орынға (мандатқа) бір сайлау округі құрылған.
–Округтік сайлау қомиссиялары мен учаскелік сайлау комиссияларының айырмашылықтары қандай? Олардың міндетіне не кіреді?
–Округтік сайлау қомиссиясы бірмандаттық округтер бойынша депуттаттарды сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етеді. Сайлау заңнамасының орындалуын, депутаттыққа ұсынылған үміткерлердің есебін алу, оларға қажетті құжаттарды жинауды ұйымдастыру мен үміткерлерді тіркеу, оларға куәлік беру, тіркелген кандидаттар туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, қайта сайлау, кері шақырып алу және тағы да басқа ұйымдастыру мәселелерін шешеді.
Учаскелік сайлау комиссияларының міндетіне тікелей сайлау өткізу шараларын жүргізу, соның ішінде, учаскелік комиссияларының орналасқан жері, сайлаудың өтетін күні мен уақыты туралы сайлаушыларды хабардар ету, сайлаушылардың тізімін нақтылау, азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру, тізімдегі қате-кемшіліктерге байланысты арыз-шағымдарды қарау кіреді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда өзгерістер енгізу, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдау, сайлауда дауыс беру үй-жайды дайындау, сайлауға қажетті құрал саймандармен жабдықтау, сайлау күні дауыс беруді ұйымдастыру, дауыстарды санауды жүргізу, сайлау нәтижелерін анықтау, сайлауға, дауыс беруге байланысты арыз-шағымдарды қарап, шешім қабылдау сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады.
–Бүгінгі күнге Шымкент қаласы бойынша мажоритарлық тәсілмен қанша үміткер тіркелді және олардың қаншасы сайлау бюллетендеріне енгізілетін болады?
–Шымкент қаласы бойынша бірмандаттық округтерден тіркелген үміткерлер саны туралы менде толық мәлімет жоқ. Дегенмен, қолымда тек аудан көлеміндегі үш округтік сайлау комиссиясына қатысты мәлімет бар. Ол округтерде 27 үміткер ұсынылған болатын. Бірақ, оның ішінде, жетеуі үміткерліктен бас тратты. Ендігі жерде 20 үміткер қалып отыр. Олардың 17 тіркелген.
–Үміткерліктен бас тартуының себебі неде?
–Депутат болып сайлану немесе сайлауда дауыс беру алдындағы екі күнді қоспағанда, басқа кез келген кезде бас тарту әр азаматтың Конституциямен және сайлау заңнамасымен қарастырылған құқықтары. Әркімнің әр түрлі себебі бар. Сондықтан біз ол мәселені сайлау кезеңінде зерттемейміз. Бізге тек олардың жазбаша өтініштері жеткілікті. Оған тек сайлау заңнамаларына өзгеріс енгізу қажеттігі талап етілетін жағдайда ғана қайта оралуымыз мүмкін. Осы жерде қоса түсіндіре кетер жағдай, егер үміткерліктен бас тарту – азаматтың өз қалауы болса, одан бөлек, кандидатураны аумақтық немесе округтік сайлау комиссияларының бастамасымен алып тастау, мәслихат депутаттығына кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою жөніндегі заң нормалары бар. Партиялық тізім ұсынған партиялар, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған немесе өзін-өзі ұсынған азаматтар тарапынан сайлау заңнамасы талаптарының өрескел бұзылуына жол беру бұл мәселені қоюға негіз болады. Аталған заңда заң бұзушылықтар тізімі берілген. Соның ішінде, ерекше көңіл бөліп, үміткерлерге ескерте кетер жағдай – ол кандидаттардың, немесе оның сенім білдірген адамдарының басқа кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтерді тарату, сайлаушыларды сатып алу фактілерін соттың анықтауы, сайлау алдындағы науқанда лауазымдық немесе қызметтік мүмкіндіктерін пайдалануы және тағы басқа да жағдайлар негіз болады.
–Сайлау бюллетендері туралы айттыңыз, осы сайлауда Сіз айтқан заңнамалық ерекшеліктерге байланысты сайлаушыларға қанша бюллетень берілетін болады және ол бюллетендерде қандай мәліметтер болады?
–Егер мысалы ретінде тек Шымкент қаласын алар болсақ, онда шымкенттік сайлаушылар қала шеңберінде бір ғана мәслихат болып, аудан маслихаттарының болмауына байланысты төрт сайлау бюллетендерімен дауыс беретін болады. Олардың екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарына қатысты болып, біреуімен кандидаттар тізімін ұсынған партиялар үшін дауыс берер болса, екіншісімен бірмандаттық сайлау округтерінен ұсынылған үміткерлерге дауыс береді. Сонда бір бюллетенде тек партиялар тізімі болып, ол бюллетенмен тек партияларға дауыс беретін болады. Ал, екінші бюллетенде сол округ бойынша депутаттықтан үміткер азаматтардың тізімі болып, ол бюллетенмен нақты кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, келесі екі бюллетенмен мәслихат депутаттығына үміткерлер тізімін ұсынған партиялар (пропорционалдық жүйе) мен мажоритарлық жүйемен сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге дауыс береді. Ал, облыстардың әр ауданында аудандық мәслихаттардың болуына байланысты оларда әр сайлаушыға ұсынылатын дауыс беру бюллетендер саны біздегіден артық болады.
–Тағы бір сұрақ, әр депутаттыққа қандидат өзіне қанша сенім білдірген адам ала алады және оларды ұсыну мерзімі қандай?
–Кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алды үгіт-насихатты жүргізетін, олардың мүдделері үшін жұмыс істейтін адамдары болуына заңмен құқық берілген. Сенім білдірген адамдардың саны сайлау округіндегі әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспауы тиіс. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының бірмандаттық сайлауын ұйымдастыру үшін республика аумағы 29 сайлау округтеріне бөлініп, оның екеуі Шымкент қаласында құрылған. Осы екі округтің әрқайсысының құрамында шамамен 165 сайлау учаскесі бар. Ал, қала мәслихатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыруға арналған сайлау округтерінің әрқайсысына орташа есеппен жиырма бес сайлау учаскесі енген. Демек, Шымкент қаласынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттың әрқайсысы өзінің сайлау жұмыстарына төрт жүз тоқсан беске, ал, мәслихатқа үміткерлердің жетпіс беске дейін сенім білдірген адамдар тарту мүмкіндігі бар. Олардың Қазақстан Республикасының азаматтары болуы міндетті және олар қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі немесе саяси мемлекеттік қызметші лауазымындағы адам болмауы шарт. Олардың сенім білдірген адам болуға жазбаша келісімдері болуы тиіс. Сенім білдірген адамдар саяси партиялар мен кандитаттардың жазбаша берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді. Заңмен осы өкілеттікті жүзеге асыруға қажетті құқықтар беріліп, тиісті міндеттер жүктелген. Оларды ұсыну мерзімі заңмен шектелмеген. Алайда, аумақтық немесе округтік сайлау комиссиясы сенім білдірген адам ретінде ұсынылған азаматтарды тіркеп, оларға куәлік береді. Сол себепті ол адамдар дауыс беру күнінен бұрын тіркеуден өтіп, куәліктерін алуы тиіс. Осы жерде саяси партиялар мен үміткерлерге, олардың сенім білдірген адамдарына ерекше ескерте кетер жағдай, – дауыс беру күні сайлау учаскелері ашылған уақыттан дауыс беру нәтижелерін анықтағанға дейін әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірген бір бір адамнан қатысуға құқылы. Сонда, бір сайлау учаскесіне бөлінген үш сенім білдірілгендердің сайлау процесіне кезектесіп қатысып отыру мүмкіндіктері бар. Бірақ, сайлау учаскесіндегі сенім білдірген адамдарды тіркеу журналына олардың әрқайсысы жеке өзі келіп тіркелуге жатады. Бұл сайлау учаскесінде қандай да бір талас немесе даулы жағдай орын алғанда олардың (сенім білдірген адамдардың) қатысуының заңдылығын қамтамасыз етеді.
–Сұхбатыңызға рахмет!