МОБИЛЬДІ АУДАРЫМНАН САЛЫҚ ҰСТАЛА МА? Избранное

Среда, 10 Март 2021 04:13 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4809 раз

Қазіргі таңда тұрмыстық қажеттіліктің көбісі цифрлық форматқа өтті. Қолымызда гаджет болса, қалағанымызды жүзеге асыруға үйрендік. Түрлі мобильді қосымшалар өмірімізді жеңілдетіп, қолымызды «ұзартты».
204

 

Алыстан зат алдыруды былай қойғанда үйден қалтамызға ұсақ ақша салмай-ақ шығып кетіп жүрміз. Ең бастысы, смартфон болса – болды. Мобильді аударымның бір артықшылығы – ақша төлеуге немесе қайтарымға тиын іздеуден құтылдық. Тіпті, Tolem жүйесі енгізілгенге дейін қоғамдық көлікте жолақысын да кейде мобильді аударыммен төлеп келдік.
Жалпы, елімізде қолма-қолсыз төлем жылдан жылға дамып келеді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, 2018 жылы елдегі барлық қаржылай операциядағы қолма-қолсыз төлемнің үлесі 29 пайызды құраса, 2019 жылы 46 пайызға жетті. Ал 2020 жылғы пандемия кезінде онлайнның дәуірі жүрді. Бұған дейін елдегі төлем жүйесі эволюциялық жолмен дамыса, былтыр бұл саладағы даму қарқыны революциялық деңгейге жетті, дейді мамандар. 2020 жылы қолма-қолсыз төлем үлесі 2,6 есеге артып, жалпы төлем жүйесінің 67 пайызынан асты. Ақшаға шаққанда – 34,6 триллион теңге.
Мұның барлығын не үшін тәптіштеп отырмыз? Адам жақсы нәрсеге тез үйренеді ғой, жақында сол үйреніп кеткен «онлайн аударымға салық салынуы мүмкін» деген әңгіме тарады. Нақтырақ айтқанда
Қазақстанда мобильді қосымшалар арқылы жасалған ақша аударымдарынан салық алу жоспарлануда. Бұл туралы
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Алихан Смаилов мәлімдеді.
– ... Бұған қоса кәсіпкерлерге тұтынушылардан мобильді қосымшалар арқылы түсетін ақша аударымдарын фискализациялау мәселесін шешуге баса назар аудару қажет. Қолма-қолсыз төлем үлесі қарқынды өсіп келеді. Дегенмен, кәсіпкерлер тиісті салық төлеуі тиіс, – деді Алихан Смаилов Қаржы министрлігінің алқалы жиналысында.
Бұл туралы БАҚ беттерінде жазылғаны сол екен, жаңашылдық әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жеке қолданушыларды айтпағанда жазылушылары көп түрлі пабликтер мен Youtube-каналдар дабырайтып тақырып қойып, контент таратты.
Тұрғындардың талқылағаны – жеке адамдардың бір-біріне аударған қаржысынан салық ұсталуы мүмкін деген болжам еді. Дегенмен, көп ұзатпай жауапты мамандар ресми түсінік берді. Қаржы министрлігі өкілдерінің мәліметінше, ақша аударымдарын фискализациялау тек кәсіпкерлерге қатысты болмақ. Ал жеке тұлғалардың бір-біріне жіберген аударымдарына салық салынбайды.
Сол аударымға үйреніп кеткенімізді жоғарыда келтірдік. Бәрімізге таныс жайт – жол-
ақысын төлеуден бастап, мысалы, сән салонына бару мен дүкеннен зат салып алуды былай қойғанда техника жөндету мен көлік, үй сатып алуға дейін ақыны аударыммен төлеп жүргеніміз кімге жасырын? Ал сол төлемнен түбіртек сұратамыз ба? Әй, қайдам, барлығымыз емес-ау...
Міне, қаржы мамандарын алаңдатып отырған да осы тұс. Себебі, екінші деңгейлі банктердің жеке мақсатқа арналған төлем жүйелері кәсіпкерлік мақсатта да жаппай қолданылуда. Сол көрсетілген қызметке немесе сатылған затқа түбіртек берілмесе, ортақ қоржынға салық түспейді деген сөз. Кәсіпкер өз табысын жасыру үшін ресми кірісін жеке аударым ретінде көрсетуге құмбыл. Барлығы емес, әрине.
Салық мамандарының айтуынша, мәселенің шешімін табудың бір жолы – кәсіпкерлікке арналған бөлек шот ашу. Яғни, тауар сату, қызмет көрсету секілді кәсіпкерлік көздерінен түскен табыс сонда аударылуы тиіс. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер тиісті мобильді қосымшалар жасап, кәсіпкерлерге ұсынуда. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару жүйесін жасау да ұсынылуда. Ол жүйе коммерциялық операцияларды жазбай тануға көмек береді деп күтілуде.
Осы орайда заң талаптарын орындап, тиісті салығын төлеп жүрген сатушылар жеке шоттарына клиенттерден бөлек жақындары да ақша аударып тұратынын айтып, салықшылар кіріс пен жеке қаржыны қалай ажырататынына алаңдайды. Ал Мемлекеттік кіріс комитетінің мамандары қазіргі таңда осы мақсатта жұмыс жүріп жатқанын айтып, салық тек кәсіпкерліктен түсетін қаржыдан жиналатынына сендіреді.
– Өмірде түрлі жағдайлар болатыны белгілі. Мысалы, бір адамға басқалары ақшалай көмек көрсетуі мүмкін, қандай да бір қуанышты сәтте көрімдік жиналады. Сол ақшаны қазіргі таңда мобильді қосымшамен аудара салу үрдіске айналды. Алған қарызын солай қайтаратын жағдайлар да бар. Әрине, мұндай жағдай белгілі бір тұлғаға қатысты күнде бола бермейтіні де белгілі. Ал енді бір адамның шотына күн сайын, апта сайын, ай сайын, белгілі бір мөлшерде ақша түсіп отырса, ол – кәсіпкерліктің белгісі деген сөз. Мұндай жағдайда іскер азамат заң бойынша салық төлеуі тиіс, – деді Қаржы
министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Абдилов.
Салық дегеннен шығады, пандемияға байланысты Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдері 2023 жылға дейін салықтан босатылған. Сондықтан, сала мамандары осы уақытты құр өткізбей, қоғам болып мобильді аударымдардың мәселесін оңтайлы шешуді көздеп отыр. Себебі, жасырын онлайн-аударымнан ел бюджеті қанша қаржыдан қағылып отырғанын нақты есептеу қиын. Ал сарапшылар мұндай төлемдер көлеңкелі экономикаға жататынының өзі оларға салық салу үшін жеткілікті деген пікірде.
– Бізде көлеңкелі экономиканың үлесі аз емес. Басқа жылдарды айтпағанда, пандемия мен карантинге байланысты көлеңкелі экономиканың үлесі 30-33 пайызға жетті деген болжам бар. Ал бұл – біздің ішкі жалпы өнімнің үштен бір бөлігі! Егер мұнша қаржы ресмиленіп, тиісті салығы жиналса, бюджеттің бүйірі де шығар еді. Басқаны қойғанда әлеуметтік төлемдердің көлемі артады, - дейді экономист Сапарбай Жұбаев.
Осыған орай Үкімет көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бағытындағы іс-шаралар кешенін қолға алуда. Премьер-
Министрдің ресми сайтының жазуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бақылаусыз экономика үлесі ішкі жалпы өнімнің 27 пайызынан 23,62 пайызына дейін төмендеді. Соның нәтижесінде бюджетке қосымша 1,5 триллион теңге түсім түсті. Ал 2025 жылға дейін көлеңкелі экономиканың үлесін 20 пайызға төмендету жоспарлануда.
Осы тұста бизнесін ашық етуге ұмтылған кәсіпкерлердің де көбейіп келе жатқаны қуантады. Жыл басынан бері 20 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі кәсіпкерлікке арналған банк өнімдерін қолдануға көшкен.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.