31 млрд. теңгеге 31 жоба іске асырылады Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 04:54 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 10257 раз

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының берген мәліметіне сәйкес мегаполисте агроөнеркәсіп кешені саласындағы өндірілетін жалпы өнімнің көлемі 2021 жылы 37 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі - 104,3 пайызға жетеді деген болжам бар.

654

 

–Биыл сондай-ақ жалпы құны 31,8 млрд. теңгені құрайтын 31 ірі жоба іске асырылып, 1 600-ден астам тұрақты жаңа жұмыс орындары құрылады. Атап айтқанда, жаңадан 10 өндірістік жылыжай кешені іске қосылады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы заман талабына сай жобалар жүзеге асырылады. Осының барлығы Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйекте «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмалар аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда Президент өз Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, олар – жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.
Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.
Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек.
Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деген болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының берген тапсырмалары негізінде мегаполисте агроөнеркәсіп кешенін заман ағымына сай дамыта беретін боламыз, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров.
Жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарының ішінде қосымша 3 қарқынды алма бауы (ЖК Терещенко, «Кентау» ЖШС, «Мәртөбе» АӨК), 1 жеміс-көкөністі қайта өңдеу цехы («Дары Сайрама» ЖШС қуаттылығы-3 тн/сағ), 2 құс шаруашылығын кеңейту жобасы («Тассай құс» ЖШС - 50 млн дана жұмыртқа өндіру, «Султанкулов» ЖК - 500 тн бройлер етін өндіру), 2 тауарлы сүт фермасы («Эгамназаров» ЖК - 200 бас, «Корно» - 1 ӨК - 50 бас), 10 мал бордақылау («Абдукаримов» ЖК –1 000 бас, «Наркулов» ЖК - 500 бас, 8 жоба - 25 бастан жоғары), 2 балық шаруашылығы («Ал-Тур-Су» АӨК, «Алина» ШҚ) секілді бизнес жобалар да бар.
Сонымен қатар, басқарма өкілінің қалада 2 бірдей агро-индустриалды аймақ іске қосылатын жеткізді. Біріншісі көліктік-логистикалық орталық маңында орналасады. Жалпы аумағы– 136 га. Онда заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешендері бой көтереді. Оның құрылысы 2 кезең бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, І-кезеңде (2020-2021 жж.) жалпы құны 9,4 млрд теңгені құрайтын 30 га өнеркәсіптік жылыжай кешенін салатын 8 инвесторға осы күнде («Таза өнім» ШҚ -3 га, «ASM Corporation» ЖШС-3 га, «Татыбаева» ЖК-3 га, «AIDI Agro Trade» ЖШС-6 га, «Agro Trade» ЖШС-3 га, «Колесников» ЖК-3 га, «High Yield» ЖШС-3 га, «Nur Alem» ЖШС-6 га) жер жалға беріліп, құрылыс жұмыстарына дайындық басталып кетті. 2021 жылы бұл жобалар іске қосылса, жаңадан 450 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ал ІІ-кезеңде (2022-2025 жж.) 60 га аумаққа жылыжай кешенінің құрылысы жүргізіліп, 20 жоба жүзеге асырылатын болады. Жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын жобалар іске қосылса,
1050 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Ә.Жанбатыровтың айтуынша екінші агро-индустриалды аймақ – Қайнарбұлақ тұрғын алабы аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылады. Жалпы аумағы 132 га құрайтын оның құрылысы да 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 6,7 млрд теңгенің 6 жобасын («Дары Сайрама» ЖШС, «СП» ЖШС, «Балмұздақ» ЖШС, «Жұлдыз» ШҚ, «Tengri World» ЖШС, «Kaz Building» ЖШС) жүзеге асыру жоспарлануда. 2021-2023 жылдары осы аталған жобалар іске қосылғанда жаңадан 610 жұмыс орны ашылады. Ал, екінші кезеңде жалпы құны 16 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып, 1200 адам тұрақты жұмысқа орналасады.
Ветеринария саласына тоқталсақ, эпизоотияға қарсы іс-шараларға - 123 654,5 мың теңге, энзоотияға қарсы жұмыстарға (көктемгі-күзгі кезең) - 66 683 мың теңге қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жоюға - 130 800 мың теңге, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық нысандарға - 876 мың теңге қаржы қаралған.