Бұл туралы «Жасыл экономикаға» өтудің аса маңызды бағыттары ретінде қала шаруашылығындағы энергиялық тиімділікті арттыру және жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу бойынша семинар-конференцияда айтылды.
БҰҰ Даму бағдарламасы еліміздің бірнеше қаласында әлеуметтік нысандар мен үйлерге пилотты жобалар әзірлеп, ол нысандарға баламалы энергия көздері қолданылған.
– Қазақстан аумағында 7000 мектеп, 3000 аурухана бар. Солардың барлығын мемлекеттік энергетикалық тізімге кіргіздік, - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Жақсылық Тоқаев.
Маман осындай пилотты жобаларды аумағы 428 га, 55 мың адам тұруға арналған «Шымкент Сити» жобасында да қолдануға болатынын айтты.
БҰҰДБ-ЖЭҚ пен ҚР Үкіметінің энергия тиімділік бойынша жобаларының менеджері Александр Белыйдың айтуынша, жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, Шымкенттің біраз тұрғындары үйлерінің шатыры мен жертөлелерінің апатты жағдайда тұрғанына шағымданған. Қолданыстағы ғимараттар энергияны өте көп тұтынады.
Шымкент қаласында жүргізілген ең алғашқы энергоаудит мәселесі 1 шаршы метріне 150 кв/сағ. жылу энергиясы тұтынылатынын көрсетті. Ал норма бойынша 77-80кв/сағ. болуы тиіс. Осыдан-ақ біздің қаламызда баламалы энергия көздеріне өту мәселесінің толғағы жеткенін аңғаруға болады.