SHYMKENTTE баламасы жоқ кәсіп Избранное

Среда, 24 Апрель 2019 03:54 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5423 раз

Ол өз кәсібін ашқанда небәрі 20 жаста еді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ІІ курсында оқып жүрген студент қыз бизнеске қажет бастапқы қаржыны жалақысынан жинады. Сөйтіп, ерекше істі қолға алды. Өзі сияқты пікірлес адамдардың басын құрап, антистрестік жиһаз – қолайлы қаңқасыз кресло-қаптарды, жұмсақ дивандарды тігуді бастады.

53543453

«Starbag». Жігерлі де жалынды жас Эриэтта Дукоян шағын компаниясын осылай атады. Бизнесін бастап, атауын да қойды, ары қарай нарыққа қалай бейімделді? Бұл турасында Эриэттаның өзі сөйлесін.

Бизнес жас талғамайды

Университет қабырғасында жүріп қосымша жұмыс істей бастадым. Қаржыдан тарыққаннан емес, өз-өзімді дамытып, кәсіби тұрғыда өсу үшін. Оқу деген жақсы ғой, бірақ, оқығанды тәжірибе жүзінде байқап көрген, тіпті, басқаша. Сондықтан, оқуымды кешкі бөлімге ауыстырдым.

Ерте тұрмысқа шығу да кедергі келтірмеді. Қайта қамшылады. Үйде отырып, қарайып қалғаннан қорқу керек.

Сайттардың жұмысымен айналысатын компанияда бір жыл жұмыс істедім. Маркетинг пен іскерлік байланыс жүргізуді үйрендім. Өз-өзіме сенімді болып, жеке қызығушылықтарыммен айналыса бастадым. Ол жер маған нағыз мектеп болды. Кәсіп те жас талғамайтынын түсіндім де, өз кәсібімді ашуға бел будым.

Жолдасым екеуміз үйімізге кресло-қапшық сатып алғымыз келген кезде идея туындады. Жұмсақ жиһазды тек американдық интернет-дүкеннен ғана іздеп таптық. Тапсырыс беріп, алдырдық. Антистрестік жиһазға көңіліміздің толғаны сондай, неге өзімізде осындай жиһаз жасап көрмеске деген ойға келдік.

Әрине, мұндай креслолар жеткізілуімен бірге тым қымбатқа түсті. Сөйттік те Шымкентте кресло-қапшық тігу ісін қолға алдық. Қазір біз қаңқасыз жиһаз шығаратын қаладағы бірден-бір компаниямыз.

Тұтынушының тілегі – бірінші орында

Арманымның жүзеге асуы үшін мен әр айлығымнан ақша жинадым. Әдемі көйлек пен әшекей бұйымдарына емес, әрине. Өз ісімді бастау үшін. Бизнеске салған алғашқы жарнамыз – 500 мың теңге болды. Несиеге мақсатты түрде әдейі жоламадым. Кәсіптің берекесін қашыратынын білдім.

Кеңсе жалдап, тігін машиналары мен тігін заттарын сатып алдым. Ең бастысы – ниеттес, пікірлес адамдарды жинау еді. Әлбетте, бұл да оңайға соқпады. Ал ең қиыны – кресло-қапшықтар өндірісіне қажетті, сапасы бағасына сәйкес келетін шикізатты табу. Жиһаздың ішін толтыратын полистеролдың антиаллергендік түйіршіктерін отандық және ресейлік өндірушілерден сатып алдық.

5

Біз жұмсақ жиһаздың 10 түрлі үлгісін – балаларға, жасөспірімдерге және үлкендерге арналған ерекше үлгідегі, көз тартатын, креативті жастарға арналған, кеңселік қызметкерлеріне арналған салмақты стильдегі дивандар, кресло-матрастар ойлап таптық.

Сондай-ақ аяғы ауыр келіншектерге арналған жастықтар мен кереуеттің жанына қоятын кемершелер, құрғақ бассейндерді нарыққа шығарып жатырмыз. Біз ұдайы қызықты дизайн мен жаңа үлгілерді іздеп жүреміз. Тұтынушының тілек, ниетіне қарай тапсырысты орындаймыз.

Әрине, біздің орындықтарға отыратын адамдардың анатомиялық ерекшеліктері мен жасын де ескереміз. Өйткені, біздің креслолар даладан жүгіріп келіп ыңғайланып отыра салғанға, сөйтіп, барынша демалуға арналған.

Бәрінен де балаларға арналған жиһаз жасаған ұнайды. Жайлы креслоларға сүйікті мульткейіпкерлерді бейнелеу арқылы кішкентай балғындарға қуаныш сыйлаудың өзі бір ғанибет.

Арасында ерекше тапсырыстар да болып тұрады. Бір тұтынушы табиғи былғарыдан жасалған креслоға тапсырыс берді. Біз таңғалдық, бірақ алушының тілегі біз үшін заң, өтінішін орындадық, әрине.

Қуаныш сыйлаудың өзі қуаныш

Кәсібімізді бастағаннан үш айдан кейін бізді «Ақылды үй» деп аталатын жиһаз көрмесіне қатысуға шақырды. Шынымды айтсам, басында алты кресло-қапшықпен үлкен көрме павильонында кілең классикалық жиһаз компанияларының қасында иық тірестіріп тұруға ыңғайсыздандық.

Алайда көрмеге келушілер бізді байқап қана қоймай, айтарлықтай қызығушылық танытты. Содан бастап біз туралы жарнама дүйім елге тарады десек те болады.
Шымкенттің қақ ортасында креслоларымызды қойып, ниет білдірушілерге отырып, демалып, суретке түсуге мүмкіндік бердік.

Сол арқылы олардың қызығушылығына одан ары тереңдей түстік те шын мәнінде адам өзін жайлы сезінетіндей бірегей жиһаз шығардық.

Бес айдан кейін кәсібімізге салған қаржы өзін-өзі ақтады. Айына 50 креслодан сатқан кездеріміз болды. Дегенмен, қазіргі кезеңдегі дағдарыс бізге де әсер етпей қоймады, сатылым азайды. Бір тігін машинасын қысқарттық. Ең бастысы – сападан үнемдемейміз, алушылардың сенімін жоғалтқымыз келмейді.

Алдағы жоспарымыз жүйелі. Интернет-дүкен ашып, сол арқылы бүкіл Қазақстанға, сосын көрші елдерге тасымалдасақ па дейміз. Тағы бір бағыт – антистрестік ойыншықтар шығарсақ па деп жоспарлап отырмыз. Мұндай ойыншықтардың балаларға ұнайтыны сөзсіз.

Р.S.

Елбасы Н.Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде «Бүгінде ХХ ғасырға тән «отбасы әлде жұмыс» деген ұлы дилемманың заманы өтіп барады. Біз «ер жұмысшы мен әйелдің» үй кеңістігі арасындағы шекарасының түпкілікті жойылып, араласып бара жатқанын бақылап отырмыз» деген еді.

Эриэтта да дәл қазіргі уақытта отбасында екі баласының бесігін тербетіп, бизнесінде креативті идеяларды жүзеге асырып келеді.

Марк Цукерберг 19 жасында «Фэйсбукты», Билл Гейтс 20 жасында «Майкрософты», Стив Джобс 21 жасында «Apple» компаниясын құрып, жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ.

Біз де көптеген жылдардан соң Эриэтта Дукоян секілді замандастарымыздың 20 жасында «Starbag» компаниясын ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып, еңбек нарығына өз күшімен бейімделді деп жазып отыратын күнге
жететінімізге сенеміз.

 

Кәсіпкер, алаяқтан сақтаныңыз!

Кәсіпкер палатасы жеке кәсіпкерлердің құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, оңай олжа тауып жүрген алаяқтар барын ескертеді.

Шымкент қаласындағы кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу барысында бірқатар мәселе анықталды. Белгісіз топ кәсіпкерлерді ақылы келісім-шарт жасасуға итермелеген көрінеді. Қоғамдық ұйымдар немесе жеке фирмалар атынан әрекет еткен алаяқтар кәсіпкерлерге құқық қорғау және мемлекеттік органдардан көмек беруді ұсынған.

Ал бұдан бас тартқандарға салық органдары, санитарлық-эпидемиология және басқа да фискалды қызметтер тарапынан тексерулер ұйымдастыратынын айтып, қорқытқан. Соның нәтижесінде кейбір кәсіпкерлер 25 мыңнан бастап 50 мың теңгеге дейін ақша төлеп, келісім-шарт жасасыпты.

Палата қызметкерлері осы келісім-шарттармен танысып, олардың жалған құжат екенін анықтады. Кәсіпкерлер аталған қоғамдық бірлестіктен нақты көмек алмаған. Осы келісімдер бойынша шағын бизнес өкілдері белгісіз біреулерге себепсіз ақша төлеген.

– Олар – алаяқтар. Толық сеніммен айта аламын. Айлакерлер шағын дүкен, дүңгіршек пен салон иелерін, бір сөзбен айтқанда, шағын бизнес өкілдерін алдап соққан. Олар қала шетінде, оқшау тұрған кәсіпкерлік субъектілерін таңдаған. Олар жеке кәсіпкерлердің құқықтық сауатсыздығын жеке басына пайдаланған, - дейді Шымкент қаласы ӨКП директорының орынбасары Данияр Дәрмен.

Кәсіпкерлер палатасы осы мәселеге орай ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің басқармасына және өңірлік прокуратураға қоғамдық бірлестіктердің іс-әрекеттерінің заңдылығына баға беру және прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдау туралы өтінішпен жүгінбек.

Бұған қоса азаматтарды сақ болуға және осындай «қоғамдық-бақылаушылар» туралы дер кезде прокуратураға хабарлауды сұрайды.

Айта кетелік, жыл басынан Қазақстанның барлық өңірінде кәсіпкерлерге сауалнама жүргізу науқаны басталған. Бұл ауқымды іс-шараны «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнестің мәселелерін анықтау және оларды нақты шешу мақсатында ұйымдастырады.

Последнее изменение Среда, 24 Апрель 2019 05:19
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.