«Шымкентте құрылыс көлемі 1,9 есеге өсті» Избранное

Среда, 17 Октябрь 2018 04:02 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3090 раз

Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсаруда. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

1506971717

Министр мәжілісте биылғы қаңтар-қыркүйек айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген өңірлерді атады.
– Өңірлік бөліністе өнеркәсіптің қарқынды өсуін Атырау облысы (11,9%), Қостанай облысы (9,5%) және Шығыс Қазақстан облысы (9,2%) көрсетіп отыр, – дейді Т. Сүлейменов.
Министрдің айтуынша, 3 өңірде төмендеу байқалады. Бұл Қызылорда (-6,5%), Батыс Қазақстан (-3,7%) және Түркістан (-3,0%) облыстары. «Бұл өңірлерде мұнай, газ конденсатын және уран кенін өндіру көлемі қысқарды. Ауыл шаруашылығы бойынша оң үрдіс 12 өңірде сақталуда. Сонымен бірге, Батыс Қазақстан облысы теріс аймақта қалып барады. Астық өнімдерін жинаудың азаюының есебінен төмендеу деңгейі 4,5 пайызға дейін болып отыр», – дейді ол.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жалпы құрылыс жұмыстарының өсуіне қарамастан, 3 аймақта төмен көрсеткіштер анықталды. Мұндай көрсеткіштер Ақмола облысында (-18,5 пайызға), Астана қаласында (-13,3 пайызға) және Қызылорда облысында (-5,9 пайызға) тіркеліп отыр.
– Бұл ретте Шымкент қаласындағы жағдай айтарлықтай жақсарды. Құрылыс жұмыстары 1,9 есеге өсті, – деді министр. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша Түркістан облысынан (-9,2 пайыз) басқа барлық өңірлер өсімді көрсетіп отыр. Аталған өңірдегі төмендеу Азиялық газ құбыры құрылысының және Шардара су электр станциясын жаңғыртудың аяқталуына байланысты болған. Ең үлкен өсім Шымкент қаласында (175,8 пайыз) және Атырау облысында (35,6 пайыз) байқалады.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.