Байқауда ақындар сөз маржанын теріп, ел тәуелсіздігінің жетістіктерін жырларына арқау етті. Үш кезеңнің бірінші турында ақындар Шымкентке, Оңтүстік өңіріне арнаған өлеңдерін оқыды. Екінші кезеңде жеребе арқылы екі ақын поэтикалық дуэльге шықты. Осыдан іріктелген 6 ақын финалға жолдама алды.
Қазылар алқасының шешімімен «Күміс қалам» поэтикалық дуэлінің бас жүлдесіне Шымкент қаласының жас ақыны Арайлым Мұраталиева ие болды. Күмістен жасалған қаламды жеңімпазға белгілі ақын Қалқаман Сарин табыстады.
І орын – Есенғали Раушан атындағы арнайы жүлде қостанайлық Дәулет Жадырасынға бұйырса, ІІ орын – Әбілда Аймақ атындағы арнайы жүлдеге тағы бір шымкенттік талант Ақбота Бейбітбек ие болды. Ал ІІІ орын – Тынышбай Рахым атындағы арнайы жүлдені Жезқазғаннан келген Аружан Оралбай иеленді.
Бұған қоса Жәркен Бөдешұлы атындағы арнайы жүлдеге Алтынбек Мерсадықов, Аманхан Әлім атындағы арнайы жүлдеге Нұртас Тұрғанбек лайық деп танылды.
– Дуэльдің бір ерекшелігі – өлеңнің әдемі болуымен қатар, өнерпаздың оны нақышына келтіре жеткізуі, сахна мәдениеті сияқты қырлары ескерілді. Сонымен бірге, қарсыласы оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі шығармасымен жауап беруі керек болды. Осындай ережелері арқылы жыр сайысы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін аша білді, – деді байқау жүлдегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Дәулет Жадырасын.