Дәстүрлі ән өнері ұлықталды

Среда, 08 Июнь 2022 04:48 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1528 раз

«Дәстүрлі ән-жыр мектебінің өз орталығы болу керек. Ол «Рухани жауһарлар» деген атаумен аталса». Шымкентте өткен республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауында қазылық еткен өнер майталмандары Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында қазақтың дәстүрлі өнерінің келешегі тақырыбында ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» отырысында осындай ұйғарымға келді.

550

 

Музыкатанушы ғалым Әміреқұл Әбуов үшінші мегаполиске музыка өнерін үйрететін іргелі оқу орны керек десе, өнер қайраткері Рамазан Стамғазиев Оңтүстіктің дәстүрлі ән-жыр мектебін бұрыннан елге танымал Жетісу, Арқа,Тарбағатай, Сыр өңірі, Маңғыстау ән-жыр мектептерінің деңгейіне жеткізу қажет деген ойын білдірді.
Қазақ өнерінде оңтүстік жұртының дәстүрлі ән-жырлары Жетісу, Арқа мақамы деп әлі күнге дейін термин ретінде бекітілмеген. Осыған орай мәдениет саласының үздігі Әлімжан Серікбаевтің халық бұрыннан атап кеткен «Оңтүстіктің дәстүрлі ән-жыр мектебі» деген атаумен қалса деген ұсынысын барлық өнер қайраткерлері бірауыздан қолдады.
Мәдениет саласының қайраткері Жақып Сыпатаев жуырда жаңа жинақ жарық көретінін атап өтті. Ж.Спатаевтың айтуынша, кітапқа Ташкент өңірінің белгілі жыршысы, өткен ғасырдың ортасында жырлары телевизия архивіндегі таспалардан табылған Құтбайдың әндері нотасымен бірге жарияланады. Автор жаңа кітап дәстүрлі ән-жыр өнерінде үлкен жаңалық әкелмек, себебі, бұл дәстүрлі әншінің домбыра қағыстары мүлдем басқа, аспапты шерткенде іліп ойнайтынын, сондықтан халық әндерін өзгеше мақамда орындайтынын жеткізді.
Жиын соңында жиналғандар дәстүрлі ән-жыр орталығы келешекте ғылыми-зерттеулермен, ел ішіне экспедицияларға шығып, көне жырларды жинастырумен айналысуы керек деген идеяларын да ұсынды.
«Дөңгелек үстел» конкурстың соңғы күні ұйымдастырылды. Дәл осы іс-шарадан кейін республикалық «Рухани жауһарлар» дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өз мәресіне жетіп, Түркістан сарайына жиналған жеңімпаздар тиісті дипломдармен марапатталды.
Байқаудың жабылу рәсіміне арнайы қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жеңімпаздарды құттықтап, жүлделер тапсырды.
—Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінде 6 мектеп бар дейді. Соның ішінде Оңтүстік өңірінің де өзіндік өрнегі бар. Осы өнерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, осындай байқаулар арқылы насихаттап отыру – біздің міндетіміз. Өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен небір талантты жастар келіп қатысты. Олардың өнерін бағалаған әділ қазылар алқасы да кіл мықтылар. Қазақ барда, оның ұлттық ән дәстүрі өлмек емес, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сонымен, екі күнге жалғасқан сайыс нәтижесінде дәстүрлі ән бойынша А.Ермекбаева, Ә.Бекниязов, Б.Нуриддинұлы, Б.Айтахметов, Н.Жуасбеков арнайы номинацияның иегерлері атанды. Осы ән дәстүрі байқауында ІІІ орынды А.Дәуен, ІІ орынды А.Сағындық, І орынды О.Жаңабаев жеңіп алса, бас жүлде Қ.Сынабайға бұйырды.
Терме сайысында А.Рустамов, Д.Рахман, Ж.Жәнібек, А.Қонысбаева, Ж.Оспанқұлов арнайы номинациялық жүлделермен марапатталды. Терме айту жарысынан ІІІ орын - К.Түрікпен, О.Құлсымақов, ІІ орын - Ә.Мырзағалиев, Б. Көштаев, І орын - Е.Құрасбектің еншісіне тисе, гран-при жүлдесімен Р.Ақынбеков марапатталды.
Өнер додасы дәстүрлі әншілердің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.