ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛЕР МЕН ТЕРМЕШІЛЕР САЙЫСҚА ТҮСТІ Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:32 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1601 раз

Шымкент қаласының Түркістан сарайында «Рухани жауһарлар» атты республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауы басталды. Конкурстың салтанатты ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

501

 

– Бұл бәсекелестікке толы байқау болғалы тұр. Қазақ даласында өнерпаз болып дүниеге келмеу мүмкін емес. Өйткені кең даланы сыртқы жаудан қорғау үшін және ішкі бірлікті сақтау үшін бір рухани тірек керек болды. Дәстүрлі ән, терме сол тіректің рөлін атқарды. Ғалымдар қазақтың ән дәстүрінде 40-тан астам жанр бар деп айтады. Ғасырдан-ғасырға ұлтымыздың дәстүрін жоғалтпай жеткізген – сол қазақ өнері. Оны сақтау – бүгінгі ұрпаққа артылған аманат. Шымкенттің мегаполис атанғанына биыл төртінші жыл. Мегаполис деп жариялау – бір бөлек, соған лайықты болу – бір басқа. Ол үшін осындай республикалық байқаулар өтуі тиіс, елдің студент жастары Шымкентте оқуы керек, емделуге оңтүстіктің шаһарына келуі қажет. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Сондықтан республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілер конкурсы осы үдеден толық шығып отыр деп нық сеніммен айта аламыз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Рухани жауһарлар» байқауының идеялық авторы журналист, Анар Сүлеева болса, ұйымдастыруға қалалық әкімдік қолдау көрсеткен.
– Бұл байқаудың мақсаты – Оңтүстік өңірінің дәстүрлі ән және терме өнерін насихаттау, ұмыт бола бастаған жырларды қайта жаңғырту. Сондай-ақ, қазақтың домбырасының қоңыр үнін сахнада әуелетіп, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі ән-жыр мектептерінің мақамдарын тірілту. Соның ішінде Оңтүстік өлкесінің дәстүрлі ән-термелерін халық арасында кеңінен таныстыру. Байқауға жалпы саны 32 адам қатысуда. Өнерпаздар әр өңірден келген. Тіпті Қытай мен Өзбекстаннан да шақырдық. Байқауды алдағы уақытта тұрақты өткізсек деген ойымыз бар, – деді А.Сүлеева.
Конкурсқа Рамазан Стамғазиев сынды елімізге белгілі өнер майталмандары қазылық етті. Өнер қайраткері байқауда халық әндері мен халық композиторларының шығармалары орындалатынын жеткізді. Сондай-ақ, байқаудың талабына сай бір ән Оңтүстік жыр мектебінің туындысы болуы шарт. Яғни, әр қатысушы қатарынан 3 ән орындайды.
– Сахна төріне шыққан конкурсанттардың өнерін жан-жақты бағалаймыз. Әннің нотасынан бастап домбыраны тарту мәнері, актерлік шеберлігі, дауыс ырғағы, әнді шырқаудағы стилі мен жеткізудегі шеберлігі – бәрі-бәрі есепке алынады. Қысқасы, сахна төрінде талантты жастар мен орта буын өкілдері дәстүрлі ән мен терме айтудан аламан бәйгеге түседі. Байқау – бұл өнердегі өмір елегі. Барлық қатысушыларға тек ақ жол тілеймін, – деді Р.Стамғазиев.
Өнер сайысының жеңімпаздарына қомақты жүлде қарастырылған. Байқаудың бас жүлдесі – 1 млн теңге.