Тіл үйренуде уақыт емес, ынта маңызды

Среда, 18 Май 2022 04:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2247 раз

Бүгінде еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы артқан. Тіптен, оны үйренсек деген талпыныстары да ерекше. Пейілі даладай дархан қазақ елі түрлі этнос өкілдерін бауырына басып, бір тудың астында татулық пен тұрақтылықты сақтап отыр.

520

 

Отандастарымыздың қазақ тілін үйренуге деген талпынысын олардың тарихқа, Қазақ еліне деген құрметі деп білдім. Бүгін қазақ тілін өз ана тілінен кем көрмейтін Ольга Коваленко туралы баяндамақпын.
Ольга Коваленко – Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Ол орыс мектебінде әріп танып, ЖОО-да да орыс тобында оқыған. Ал 8 жылдан бері ағылшын тілінен дәріс оқиды. Десек те, ойын қазақ тілінде іркілмей, еркін айта алады.
— Жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасқан кезімде мемлекеттік тілді меңгеру қажет болды. Саясаткер Нельсон Мандела «Егер біреумен түсінікті тілде сөйлессең, тіл табыса аласың. Ал оның ана тілінде сөйлер болсаң, ол сені жүрегімен түсінеді» деген ғой. Яғни, мен осы сәтте өзім өсіп-өніп отырған мемлекеттің тілін білмегенім дұрыс емес деп ой түйдім. Уақытты жоғалтпай дереу қазақ тілін үйренуді қолға алып, Шымкенттегі тілдерді оқыту орталығына курсқа жазылдым. Сабақтан қалмай, мұғалімнің айтқан тапсырмаларын бұлжытпай орындадым. Алғашқыда түсінбесем де тілімді сындыру мақсатында қазақ тілінде кітаптар оқи бастадым. Қиындықтар болды, десе де, курста алған білімнің көмегімен әдебиеттерді түсінетін деңгейге жеттім, – дейді Ольга.
Кейіпкеріміздің айтуынша, шын көңілмен ден қойған адамға қазақ тілін үйренудің еш қиындығы жоқ. Тілді жаттықтырып, еркін сөйлеу үшін қазақ тілінде кітап оқып, сонымен қатар үйренгеніңді күнделікті тәжірибеде қолданған дұрыс екенін тілге тиек етті.
– Мен курсқа аптасына екі рет екі сағаттан қатыстым. Бос уақытымның барлығын қазақ тілінде сөздік жаттап, грамматикалық жаттығу жұмыстарын орындап, кітап оқып жүрдім. Мейлінше күнделікті өмірде, жұмыс барысында қолдануға тырыстым. Тіл үйрену үшін адамға уақыттан бұрын ынта қажет деп ойлаймын. Мәселен, құрбым Мария менің қазақ тілінде сөйлегеніме қызығып, курсқа қатысып бастаған еді. Екі жыл өтсе де тіл үйренудегі жетістігі көңіл көншітпейді. Ал мен ол деңгейге 6 айда жеткен едім. Қазіргі уақытта қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлесе аламын. Дегенмен, қазір қазақ тілінен тілдік қорымды байыту үшін жұмыс істеп жүрмін, – дейді О.Коваленко.
Ольга қазақ тілін жедел әрі таза үйрену үшін грамматиканы тереңдетіп оқығанын алға тартады. Тіптен, достарымен қазақ тілінде спектакль көруге барады екен.
– Достарым татар, корей, неміс ұлтының өкілдері. Корей құрбым Юлия қазақ мектебінде білім алған, көршілері мен достары да қазақ. Көбіне білмейтінімді Юлиядан сұраймын. Менің достарымның да қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Жалпы, кез келген азамат туып-өскен жерін, ортасын құрметтеуі қажет. Ал «құрметті қалай көрсетеміз?» дегенге келсек, жауап біреу. Әрине, ол тұрып жатқан еліңнің мемлекеттік тіліне, тарихына, мәдениетіне құрметпен қарап, сол тілде қарым-қатынас жасау арқылы көрсетеміз. «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» демекші, маған
Қазақстанның күні де, түні де ыстық. Ниет пен ынта-жігер болса, алынбайтын қамал жоқ. Сондықтан барша замандастарымды қазақ тілін үйренуге шақырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Ал бізді орталықта тіл үйреніп, өзін жетілдіріп жүрген шәкірттеріміздің ниеті мен жетістігі қуантады.

Мөлдір БОЛАТ,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік
орталығының қазақ тілі мұғалімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Тарих – жұмбақ айдын «ЕРЕКШЕ ЕҢБЕКТОРЫ» »