«Киелі кимешек» Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3828 раз

Кимешек – қазақ әйелдерінің киелі баскиімі. Бойындағы иманы, инабаты, қорғаны, бетжүздігі, талғамы, дәрежесі, мәртебесі.

102

 

Қазіргі таңда қасиетті кимешек қазақ қоғамынан алшақтап барады. Осыған байланысты қазақы нақыштағы кимешек үлгісін насихаттау мақсатында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Киелі кимешек» этно-танымдық іс-шарасы өтті. Танымдық шараға Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы шақыртумен келген қазақтың ұлттық киім, қолөнер түрлерін дәріптеуші, белгілі шебер Мейрамгүл Адахқызы, кимешекті насихаттаушы, дизайнер, тігінші Ақмарал Жұматайбекқызы, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық «Абдулхамит Қаттани» мешітінің бас имамы
Ахметжан Керімбек және ақ жаулықты әжелер, аналар, қыз-келіншектер, дизайнерлер, ұлттық киім тігетін тігіншілер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шымкенттік қолөнер шебері Ақмарал Жұматайбекқызы мен белгілі шебер Мейрамгүл Адахқызы жасөспірім қыз баласының бас киімінен бастап, ақ жаулықты әже атанғанға дейінгі киетін баскиім үлгілерімен таныстырып, келген көпшілікке кимешектің қыр-сыры мен мән-мағанасын түсіндірді.
Мәселен, қыздар бастарына тақия, бөрік, сораба, қасаба кисе, жаңа түскен жас келіншек кимешек кимеген, келіннің басына ақ орамал ораған. Құрсақ көтеріп, нәресте дүниеге келген соң, бала қырқынан шыққанда ақ жаулықты әжелер, абысын-ажындары жиналып, дастархан жайып, жас анаға «Енді сен осы шаңырақтың толық мүшесісің, ана болдың, Ел анасы бол, ұлағатты ұрпақ тәрбиеле» деген ақ тілекпен, маңдайынан сүйіп, батасын беріп, кестелеп тігілген кимешек кигізген. Кимешек үстінде тақия киген келіншек, ол - күйеуге жаңа шыққан, бір бала туған жас келіншектің стилі екен. Кимешектің ана мен баланың тазалығы үшін маңызы зор болған. Жас босанған келіншектің денесінің жылы, таза болуына да ықпалы зор. Кимешек бала емізген кезде келіншектің кеудесін көлегейлеп тұрған. Кимешекті ақ матадан тігіп, жиегін астарлап кестелеп тіккен. Кезінде кимешекке қарап, әйелдің қай рудан, қай әулеттен екенін білген. Кимешектегі кестеге қарап әйелдің жасын да болжап білген. Жас келіншектің кимешегінің бояуы ашық қызыл, жасыл түсті, көркем айшықты, жылтыры көп, оюланып өрнектелген.
Ал, егде әйелдердің кимешектерінің кестесі аз, онша әшекейленбеген, сары, ақ жіппен сырылып тігілген. Жасы ұлғайған әйелдердің киіміне иір кесте, күміс теңге мен моншақ тігілген және қызыл-жасыл түсті кимешек кимеген. Бұл жасы келген ел анасы екенін білдірген. Күндіктің функциясына тоқталсақ. Мәселен, кимешектің үстінен орайтын ақ мата жас әйелдер жолай босана қалса, жөргекке қолданылған. Егде әйелдердің күнікейінің қарқарадай мол оралу себебі: жол-жөнекей қаза болса, кебіні болған және жаугершілікте жарақатты байлауға қолданған.
Орталық қызметкерлері іс-шара соңында ескі мен жаңаны үндестіріп, заман талабына сай ұлттық нақыштағы заманауи кимешек үлгілерін әжелерге, жас келіндерге желек, күндік кигізіп, тарту етті. Танымдық, өнегелік шараның жастарға тәрбиелік мәні зор, берері мол болды. Кимешек – аса киелі, ұлттың тазалығын сақтауды ниет еткен бас киім. Сондықтан өзге ұлттың, діни жат ағымдардың киімінен гөрі қазақтың әппақ кимешек, етек-жеңі мол пішілген, ашық түсті қамзол, шапанын киіп, ұлттық нақыштағы киіміміздің мәртебесін арттырып, дәріптеп жүрсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Камила Мұса,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.