Шымкентте «Жаңа ғасыр» күндері Избранное

Среда, 27 Апрель 2022 03:39 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2286 раз

Сәуірдің 24-25 күндері Алматы қаласының «Жаңа ғасыр» жастар театры Шымкентке гастрольдік сапармен келіп, театр сүйер қауыммен қауышты. Гастрольдік сапар КСРО халық әртісі,
Еңбек Ері, «Жаңа ғасыр» театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімұлының 85 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

82

 

Халық әртісі А.Әшімовтің шәкірттерінен құралған «Жастар театры» екі күннің ішінде шымкенттік көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап та, ой салып та үлгерді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде білім алып, еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясы мен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастаған Асанәлі Әшімұлы — қазақтың театр және кино өнерінде айшықты қолтаңбасы қалыптасқан тұлға. Ұлттық өнеріміздің бастауында тұрған ұлы тұлғалардың көзін көріп, тәлімін алған және бүгінде арадағы сабақтастықты үзбей, қазақ өнеріне еңбек етіп келеді.
Еңбегі аңызға айналған актер бүгінде шәкірттері үшін үлкен өнер мектебі іспеттес. Театр актерлері 2004-2018 жылдары Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясындағы А.Әшімов шеберханасында білім нәрімен сусындап, оқудан кейін ұстазының жанына топтасып, қанаттанған таланттар. Әуелде
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанынан құрылған өнер ұжымы Жастар жылында өз алдына бөлек отау тіккен.
«Жаңа ғасыр» театры 24 сәуір күні гастрольдік сапардың сахнасын Елдар Дүйсенұлының «Соңғы қоңырау» спектаклімен ашты. Қоюшы режиссері — А.Әшімов пен автор. Арнайы гастрольдік сапарға қолайлы етіп жазылған, декорация мен реквизиттері өте аз қойылым болса да, бүгінгі жас буынға айтары бар поэтикалық комедия.
Ал дәл осы күні кешкі уақытта И.Штраустың шығармасы негізінде «Жарқанат» музыкалық комедиясы сахналанды. Қоюшы режиссерлер —
А.Әшімов пен Қ.Демеу. Режиссер қойылым арқылы махаббаттың мәңгілік болуы адалдық пен шынайылықта екенін астарлап жеткізген.
Асанәлі Әшімовтің өміржолына негізделген Б.Беделханның «Тағдыр тақтасы» автобиографиялық драмасы 25 сәуір күні Ж.Жұманбайдың режиссерлігімен қойылды. Драма мэтрдің күнделіктегі жазбалары мен естеліктері негізінде жазылған. Яғни, қойылым кейіпкерлері де шынайы өмірден алынған. Асанәлі Әшімовтің анасы, курстастары, алғашқы ұстазы мен театр режиссері Асқар Тоқпанов, досы Әнуар Молдабеков, өмірден озған ұлдары Мәди мен Сағидың образдары арқылы тағдырдың түрлі соқпағы, мэтрдің өнер мен өмірдегі жолы бейнеленген.
Шымкенттік театрсүйер қауым небәрі екі күннің ішінде күлдіріп те, ой салып та үлгерген өнер ұжымына алғысын білдіріп, ерекше қошемет көрсетті.
Айта кетейік, театр ұжымының гастрольдік сапары 27-28 сәуір күндері Түркістан қаласында жалғасады.