«...БІРАҚ, МЕНІҢ ӨЗІМНІҢ ӘЛЕМІМ БАР» Избранное

Среда, 20 Апрель 2022 04:01 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3002 раз

деп жыр толғайтын саясаткер - қаламгердің жазбалары жайлы сыр

Ол – қоғам қайраткері.
Ол – белгілі саясаткер.
Ол – ғалым, экономика ғылымдарының кандидаты.
Ол – әкімдік институттың әліппесінен басшылық қызметтің биік баспалдағына дейін өткен іскер де, ілкімді азамат.
Ол – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2014 жылдан бергі үзіліссіз депутаты.
Ол – «Ауыл» халықтық демократиялық, патриоттық партиясының төрағасы.
Ол – ақын, қаламгер, сөз өнерін өмірінің бір бөлшегіне айналдырған, көңіл сарайын шығармашылықтың шуағымен шырайландырған шабыттың адамы.
Ол... Ол– деп отырғанымыз беделі биік, әлемі әдемі – Әли Әбдікәрімұлы БЕКТАЕВ.
Иә, ол туралы айтылар сыр көп.
Бірақ біз бүгін сол көп сырдың бір қырына ғана тоқталуды жөн санадық.
Ол сырдың ашылуына Әли Әбдікәрімұлының баспадан жаңа шыққан «Ана құдіреті» атты кітабы себеп болып отыр. Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген туынды Әли Әбдікәрімұлының мерейлі 60 жасқа толуы қарсаңында өзіне ғана емес, өзін мына жарық дүниеге алып келіп, саналы тәрбие беріп, аялап өсірген аяулы анасы Роза Жайлаубекқызына арналған үлкен сыйы, еңселі ескерткіші болды. Ендеше...

42

 

Оның аты –махаббат

Иә, анаға деген махаббатты әлемнің ешбір құдіретіне теңгермейтін перзент жүрегінің дүрсілін ол осы дүниесіне сыйғызуға тырысыпты. «Мен әлемдегі Алладан кейінгі бір құдіретті мойындаймын. Ол – Ана құдіреті», деп өзі жазғанындай, Әлекеңнің анасы да бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аяулы жанның бірі. Әрине әр балаға өзінің анасынан артық асыл да, бірегей жан жоқ. Себебі ол оның жанының бөлінбес бөлшегі, жанарына, жан дүниесіне жақұт нұрын төккен ең сұлу әлем.
Адамның ұлылығы, қастерлі қасиеті оның атақ-даңқымен, мансабымен өлшенбейді. «Қарапайымдылық, жақсылық пен ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ» деген екен Лев Толстой. Орыстың заңғар жазушысы айтқандай, ұлылықтың ұясы саналатын қарапайымдылық пен жақсылыққа, адалдыққа жаны суарылған Әлекеңнің анасы сол бекзат болмысымен қадірі асқан әйел. «Біздің анамыз Роза Жайлаубекқызы негізінен үй шаруасымен айналысып жүріп-ақ, бар уақытын бала тәрбиесіне арнаған адам»,- дейді автор.

43


Роза апамыз жастайынан қиындықтың, еңбектің қайрағында шарболаттай шыңдалып, жетілген екен. Екі жасында анасынан айрылған ол кейінгі анасы Зияш апамыздың тәрбиесін көріп өсіпті. «Перзенттің үлкені ретінде қызы Роза әулеттің бар шаруасын арқалап, кішкентайынан еңбектің ащы дәмін татып, өзінен кейінгі екі қыз, екі ұлға тіреу болып бірге жетіледі». Сол еңбекқорлығы Роза апамыздың қанына сіңген қасиет болумен қатар балаларын да адалдыққа, еңбекті сүюге баулыды. Оған кітаптағы: «Мен ес білгелі анамның бір тынғанын көрген емеспін. Қашан қарасаң бір нәрсе істеп жатады. Әкеміз әжептәуір қызметке араласып, басшылықта жүргенде де үйден бұзаулы сиыр мен 10-15 қой үзілмейтін. Бізді ертіп алып, өзі көрсетіп сол кішігірім шаруашылықтың басында анам жүретін. Анамызбен бірге барып, аудандық су шаруашылығы мекемесінің еденін жуатынбыз. Әкемізбен бірге, қосымша табыс тауып, бізді асырау үшін қайсыбір қара жұмыс болса да атқаруды қор санамай, өзі де еңбектенетін, бізді де еңбекке баулитын» деген жолдар дәлел.
Әлекеңнің әкесі Әбдікәрім Бектаев Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер ауданында (қазіргі Төлеби) халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы, одан соң Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін 15 жылдай атқарған, елдің үлкен кішісі құрметтеген азамат еді. «Анамыз әкеміздің қызмет көлігін ешқашан да пайдаланбайтын. Базарға барса да, дүкенге шықса да маршрутты автобуспен барып-келе беретін. Оны көрген қарапайым халық «Автобуста жүрген хатшының әйелін бірінші рет көрдік», – деп әңгіме айтады екен. Базардан алған азық-түлігін де өзі арқалап, автобуспен үйге келетін. Осындай қарапайымдылығын білетін халық та анамызды қатты сыйлайтын», – дейді Әлекең анасының қастерлі болмысын үлгі етіп.
Расында, неткен әулие адам дерсің! Ойлап қараңызшы, қай әкім қараның, тіпті кішігірім басшы-қосшының әйелінің әлдебір мекемеге барып, еден жуғанын көрдіңіз? Құдайым ау, еден жумақ түгілі, қатардағы жұмысшы, қызметші болуға арланатындар аз ба? Күйеуінің қызметтік көлігін пайдаланбай, автобуспен үйіне азық-түлік тасу туралы сөз етпей-ақ қояйық. Бірақ Роза апамыздың одан беделі де, құрметі де кеміп қалмапты. Қайта сол қарапайым, парасатты, адал, көргенді кейпімен сыйы мен қадірі артқан адам болды.

44


Роза Жайлаубекқызы – ерін сыйлап, балаларының бойына ізгіліктің дәнін сеуіп, отбасын ұйытып, ошағының отын маздата білуімен бірге қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұлттың ұлағатты ұстанымы деп ұққан адам. 20 жасында Қазығұрт тауының баурайындағы «Жаңаталап» ауылындағы кішкентай ғана кепене тамның табалдырығын аттап, қос ененің қолына (аталары ертерек қайтыс болып кеткен) келін болып түскен ол осы әулеттің бағын жандырған, үлкендердің батасымен көгерген келін атанды. Сүйген жары Әбдікәрім үйлене салысымен Ташкенттегі ирригациялық институтқа оқуға түсіп кетеді де, жас келін екі кемпірдің бабын жасап, үйдің бүкіл тіршілігін мойнына артып қала береді. Қолдағы малға қарап, шөп шауып, есік алдына гүлдей жайнатып егіс егіп, үй шаруасын ұршықша иіріп, қараша үйдің берекесін арттырған жас келінге екі ене де дән риза еді.
Жалғыз бала Әбдікәрімнің бетіне қарап, тілеуін тілеген Жұлдызай мен Тасбике апалар да өте бейнеткеш, көкірегіне иман үйірілген, жандары жарқын жандар болатын. Тұңғыш немерелері Әли дүниеге келгенде жүректері жарылардай қуанып, Тасбике апамыз жаңа туған нәрестені бауырына басып, «Әлижан әкесінің інісіндей болады, оның атын атамайсың» дейді келініне. Енесінің талабына тақ тұрған Роза анамыз Әлекеңді «Төрежан» деп ныпсылапты. Тасбике әже 1986 жылы 86 жасында өмірден озды. Бірақ Әлекеңді туған анасы әлі күнге өз атымен атамай, «Төрежан» дейді.
«Бір күні мен «Анашым, апам болса өмірден өтіп кетті. Енді Сіз менің атымды Әли деп атай бермейсіз бе?» – дегенімде, «айналайын, балам-ау, енемнің өзі дүниеден өткенмен, әруағы төбеден қарап тұр ғой, мен ол кісіге берген уәдемді қалай бұза аламын?» деп ыңғай бермеді», – деп жазады Әли Бектаев «Ана құдіреті» кітабында қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып, адалдықтың ақ жібін аттамайтын аналардың қасиетіне бас ұрып.
Балаға әкенің қадір-қасиеті мен беделін биіктетіп көрсетіп, сол арқылы тәрбиенің тізгінін берік ете білу де ақылды, пайымы терең әйелдің амалы. «Анамыз бізді сыртта, қызметпен жүрген әкеміздің атын, орнын, сөзін айта отырып тәрбиелейтін. «Балам, қазір әкең келеді, үйді жинап қой», «әкеңнің қолына су құй», «әкеңнің аяқ киімін тазалап қой», «әкең ұрсады», «әкең естіп қоймасын», «әкеңе айтамын», – деген сөздермен-ақ тәртіпке шақырып отыратын. Ол кісі әкемізді өнеге ете отырып, бауырмашылықты, адалдықты, әділдікті, тазалықты, адам қадіріне жете білуді бойымызға сіңірді», – дейді Әлекең анасы Роза Жайлаубекқызының ер адамды пір тұтуды өнеге еткен қасиетіне тоқталып.
Иә, әке шаңырақтың тірегі болғанымен, баланың бағбаны – анасы. «Адамның жаны Алладан, бағы – Анадан» деген сөз бар. Олай болса әрбір перзенттің болмысы, тәрбиесі, ақылы мен парасаты, жүрегі мен тілегі анаға байланысты», – деген автор сөзінің жаны бар. Әли Әбдікәрімұлының ары таза, жақсылыққа, өнерге, өлеңге ынтық болып өсуі анасынан алған тәрбиенің жемісі. Роза анамыздың бойындағы ән жырға құмарлық, мақал мәтелдің мәйегін тамыза сөйлейтін шешендік Әлекеңнің бойына да дәнін сепсе керек. Бірде көрші үйге барып, қабырғада ілулі тұрған домбыраға қызығып, қолына алып, дыңғырлата бастағанында туыс ағасы «сен оны тарта алмайсың» деп аспапты қолынан жұлып алады. Соған қатты намыстанған бала Әли үйге келгесін тақтайды жонып, домбыраның сұлбасын жасап, сым тартып, тыңқылдатып отырғанын көрген анасы оған жаңадан алып берген плащты дүкенге қайтып өткізіп, домбыра сатып әперген екен. Сол домбырамен ән салып, күй тартып үйренген Әлекең өзі кітапта жазғанындай, Қазақ ауыл шаруашылығы институтына студент болып қабылданған соң, сондағы Самигулла Андарбаев басқаратын Ахмет Жұбанов атындағы ұлт-аспаптар оркестріне қабылданып, сонда бес жыл бойы домбырада ойнапты. Осы өнерінің арқасында 1982 жылы Таллин қаласында өткен «Бүкілодақтық еске алу вахтасы» фестиваліне қатысқанын анасының сонаау бала күнгі, плащты домбыраға айырбастап, көрсеткен қолдауының жемісі деп біледі.
«Анамыздың қастерлі қасиетінің бірі – ұлағаттылығы. Марқұм әкеміз «Аналарыңның қолында дипломы болмаса да, дипломы бар барлығымызды басқарып отыр» дейтін». Осылай деп жазған Әлекең анасының шешеден ерте айрылып, тұрмыстың тауқыметімен арнайы мамандық ала алмағынымен ойы – орман, зейіні – зерек, парасаты – биік, кітапқа құмар, поэзияға ынтық, суырып салма ақындығы, әдемі ән салатын өнері бар, қазақтың салт-дәстүрін жетік меңгерген, он саусағынан өнер тамған ісмер жан екенін ұрпаққа тағлым етіп жеткізеді. Расында, автор айтқандай, «Адам болмысының өзі тәрбие».
Төрінен қонақ, дастарханынан береке арылмаған, имандылық пен ынтымақтың ордасына айналған шаңырақтың алтын шегесі, 80-нің сеңгіріне шығып отырған Роза Жайлаубекқызының аналық өнегесі мен ұлының оған деген перзенттік махаббаты жымдаса өрілген бұл шығарманың жастарға, жас отбасыларға, келіндер мен қыздарға берер тәрбиелік тағлымы зор.
Автордың «Ана құдіреті» кітабын тек өзінің туған анасы Роза Жайлаубекқызына арналған туынды деп түсінбеуіміз керек. Бұл кітап жалпы аналардың асыл қасиетін дәріптеп, ұлағат еткен шығарма. Мұнда қайтпас қайсарлығымен қол бастаған, даналығымен жол бастаған, шешендігімен сөз бастаған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Ұмай, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере секілді аты аңызға айналған аналардың ұлт тарихындағы алар орны ерекше аталып көрсетіліп, олардың біразына жеке дара сипаттама берілген. «Бұдан басқа Алтыншаш Ана, Қызай Ана, Мұрын Ана, Жанат Ана... деп шежіре жылнамасында руға, бір қауым елге айналғандары да бар», – дейді автор.
Ананың құдіреті оның бойындағы сарқылмас махаббаттың бұлағында жатқанын мәністей келе, туынды авторы Әли Бектаев мектепте білім нәрімен сусындатқан ұстаздары
Айгүл, Жамал, Рахима, Дәмеш, Галина апайлары мен әкесі Әбдікәрім атаның марқұм болған құрдастары Идаят, Зәтбек, Алдаберген, Елтай сынды ақсақалдардың асыл жарлары, бүгінде солардың шаңырағының шырағына айналған Дүрия,
Ұлбосын, Тұрдай, Үгіт апаларды да қазақ әйелінің үлгі тұтар бейнесі ретінде атап өтеді.
Жалпы Ана деген ұлы тұлғаның бір отбасының ғана емес, бүтін ұлттың тәрбиешісі, өнегенің өрісі, тағлымның тамыры, салт сана, дәстүр-дәріпіміздің дәнекері екендігі осы шығарманың өне бойында шынайы да шебер үйлесім тапқан. Ана құдіретін қашанда жаратылыстың ерекше құбылысына балаған Әлекең Түркістан қаласында әкім болып тұрғанында рухани астананың төріне аналардың еңбегі мен ерлігіне құрмет белгісі ретінде «Анаға тағзым» атты ескерткіш орнатқан болатын. Қолына сәбиін көтерген ана бейнесі бедерленген мұндай ескерткіш республикада тұңғыш бой көтерген еді.
« ...Сыйынатын болса, өмірде құдірет, сыйынар ем ана деген Тәңірге» деп ақын Аманжол Шамкенов жырға қосқандай, ана туралы жыр да, сыр да, ән де ешқашан аяқталмайды. Ал қаламгер Әли Бектаевтың «Ана құдіреті» кітабы сол түгесілмейтін сырдың бір үзігі.

«Өлең менің жанымның айнасы тәрізді»

«Қандай ақын демеңдер мына мені,
Бұл да тұрған алдымда сынақ еді.
Ақиық Ақан сері бола алмаспын,
Қазақы қара өлеңнің Құлагері»
немесе:
...«Тұманбайдай тұғырлы емеспін мен,
Ойы менен сезімін теңестірген.
Махаббатты аймалап өлеңімен,
Айдарынан арудың жел естірген», деген өлең шумақтарын оқи отырып, Әли Бектаевтың ақындық әлемінен әдемі өрнек тапқандаймыз. Бойына біткен қарапайымдылығы мен өзінің жыр жолдарында келтіргеніндей: «Жырлағанмен көңілдің еліктерін, Ақынмын деп желпініп, желікпедім,» деп асып таспаған Әлекеңнің өлеңдеріне баға беріп, «Әлемімді әрлеймін өлеңменен» деген жыр жинағына алғысөз жазған қазақтың қайталанбас ақын қызы Фариза Оңғарсыновадан асырып ештеңе айта алмаспыз. Біреуге жағынып, жалпақтауды білмейтін, барды бар, жоқты жоқ деп, көкейіндегі ойын шоқ қарығандай қаймықпай жайып салатын
Фариза апамыз Ә.Бектаевтың өлеңдерін оқып шығып: «...ұйқас ырғағы төрт аяғын тең басқан жорғадай төгіліп тұрған шумақтар!» деп бір ақ ауыз сөзбен түйін айтыпты. Содан соң былай дейді:
«Ауылым – алтын бесігім,
Өзіңді сүйсем, несі мін?!
Ақ жолға әкеп салып ең,
Өмірдің ашып есігін».
Немесе «Әке» өлеңін оқып көрейікші:
«Балалық та, жас шағың да,
Өтеді екен қас-қағымда.
Балапандай күй кешемін,
Бауырыңа басқаныңда».
Өлең бе? Өлең!
Әли аспаннан алып, өлең жазбайды. Шығармаларының бәрі өзін қоршаған ортадан көрген жақсылығы мен қиындығы, өскен ауыл, ата-ананың махаббаты, сүйген жар, бауырынан өрген ұл-қыздарына деген әкелік мөлдір сезім, жүрек лүпілінен өлең болып өрілген шумақтардан тұрады. Ақын тек өзін толғандырған жайларды жазады, ренішін де, қуанышын да бүкпейді».
Бұл – ақиқат. Әли Әбдікәрімұлының өзі де бір сұхбатында «Өлең жаза қояйын деп арнайы жоспар құрмаймын. Бірақ жанымның ішкі дүниесі ретінде, санадан шыққан сәуле тәрізді өлең пайда болып, көкірегіме құйыла кететін тұстары бар, сол кезде қағазға түртіп жүретінім рас. ...Өлең менің жанымның айнасы тәрізді» деген екен. Солай «түртіп» жүріп-ақ Әлекеңнің «Әлемімді әрлеймін өлеңменен» және «Көңіл өзен» атты екі жыр жинағы жарыққа шықты.
Ойдың құйылысы мен ұйқастың қиылысы жымдасқан, шумағы мен бунағы, ырғағы мен дыбыс үндестігі үйлескен, өрнегі мен өлшемі өзектескен өлеңдер сенің де жаныңа мұхиттың Гольфстриміндей жылы, жайлы ағыс құяды.
Айталық, Әли ақынның «Ауылды сүйсең, менше сүй» деген өлеңіндегі:
«Өзегі тірлігімнің,
Өзені – жыр гүлімнің,
Туғанда қаны тамған,
Төсіңе кіндігімнің».
немесе:
«Көңілім көкпен таласып,
Сағынам туған жайлауды.
Сенімге сезім жарасып,
Жайлауға жаным байлаулы»,
деген жолдар жүрегіңде туған жерге деген сағынышты түлетеді. Өскен жер, ұшқан ұя ақын шабытының тамызығы секілді. Ол содан от алып, соның жылуынан жанына ләззат табатындай.
«Жүрсе дағы күйбіңімен мың істің,
Туы болып тұра алатын ұлы істің.
Тарихымның қатпарынан үн қатқан,
Оңтүстігім – ұйытқысы ұлыстың.
Бір басынан қанша зұлмат өтсе де,
Мұқалмаған жүзіндей боп қылыштың.
Етегінен қанша бөрі тартса да,
Айнымаған ақ жолынан дұрыстың.
Соңғы нанын бөліп беріп қонаққа,
Босағасы құты болған ырыстың,
Ұл-қыздары тоба етіп барына,
Гүлі болған тіршіліктің – тыныстың.
Қырандары шыңға салған ұясын,
Тұлпарлары үлгісіндей шығыстың.
Болмысына тәңір берген өр мінез,
Қызуындай балқытылған құрыштың»,
деп төпелете төгіліп келетін жолдар оның шабыттың арғымағын желдірген арынын аңғартады. Сол арғымақпен ол балалықтың ауылына да ат шалдырады («Балалық шаққа оралу»):
...«Алыста қалған жылдардан,
Жанымды тербеп тәтті арман.
Бейкүнә сезім ұрланған,
Балалық махаббаттардан»
Әли Бектаевтың өлеңдері құрылысы жағынан да әртүрлі. Синтаксистік ойдың аяқталуына қарай шумақ саны бірде қысқа, бірде ұзақ болумен қатар, ондағы тармақ та, бунақ та ақынның өлең құрылысын жүйелей білуіне байланысты құрылады. Бунақ ішіндегі буын саны өлеңдерінде өз өрнегімен өзгешеленіп жатқанын байқаймыз. Әлекеңнің өлеңдерінің дені қазақ поэзиясының ежелден қалыптасқан он бір буынымен жұптасады.
«Тірліктің есіп ескегін,
Еліңе керек өскенің.
Өрнекті болсын өмірің,
Оюындай кестенің»,
деп келетін сегіз буынды шумақтары да, яки:
«Санадан кетпес,
Баға да жетпес,
Әкеммен өткен қайран күн.
Көзіндей болған,
Сөзіндей болған,
Ақылдарыңнан айналдым»,
деген секілді аралас буынды өлеңдері де кездеседі. («Әкемнің көзін көргендер»). Сондай ақ:
«Асыл жарым,
Жасыл бағым.
Әркез сенің,
Қасыңдамын»,
деп төрт буынмен тарқайтын шумақтармен де ойды жұп-жұмыр жеткізеді. Қайсыбір буын, бунақты өлеңінің болмасын техникалық, көркемдік кестесі поэзия талап ететін канондармен шебер шендесіп жатқанын айтуымыз керек.
Әрине, біздің мақсатымыз жыр жинағындағы өлеңдерге түгел жан жақты сипаттама беру емес. Айтпағымыз, Әли Бектаевтың поэзия әлемінде өзіндік өрнегі қалыптасып, «өлең сөздің патшасы» алдында ұятқа қалмайтындай жорға жырды ерттеп мінген мәнерін мәністеу ғана.
Фариза апамыз: «...қазақ поэзиясы бір ақынын әкімдікке айырбастаған екен деп ойладым» деп жазған еді. Әйткенмен ақындықтың да, әкімдіктің де (мансап мағынасында. автор) жорғасына шаң жұқтырмай, екі көштің де тізгінін тең ұстай білген Әлекеңнің, жұрты құрмет тұтатын Әли Әбдікәрімұлының қайсы жолда да жүзі жарқын, санасы айқын екендігі даусыз.

«Айтылмаса, сөз жетім»

Қоғамдағы келелі мәселелерді, өзекті проблемаларды қамырдан қыл суырғандай етіп, кібіртіктемей, кесімді, шешімді сөзбен айта білу де терең парасаттылық, алғырлық, тіпті үлкен өнер десек болады. Әли Бектаевтың болмысына біткен бұл қасиет оны қызмет барысында да, саясат сахнасында да, көпшілік алдында да, БАҚ өкілдеріне берген сұхбат әңгімелерінде де өз қырынан көрсетіп келеді. Кіндігі ауылға байланып өскен Әлекеңді әсіресе ауылдың жай күйі көп толғандырады. Парламент Сенатының депутаты ретінде болсын, «Ауыл» партиясының төрағасы ретінде болсын, ауыл тіршілігінің толғақты тұстарын назардан тыс қалдырмай жүрген саясаткер һәм қаламгердің республикалық басылымдарда жарияланған мақалалары, сұхбаттары, толғамдары «Айтылмаса сөз жетім» кітабына топтастырылған.
Ауыл шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін техникалық жабдықтау, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы орта және кіші буын қызметкерлердің жалақысын арттыру, Оңтүстік Қазақстан облысын газдандыру, сондай ақ өңірде балабақшамен қамту мәселесін шешу, экология, отбасы құндылықтарын сақтау, және басқа да толып жатқан проблемаларға қатысты Үкімет басшысына, тиісті Министрліктерге жолдаған депутаттық сауалдары мен оған берілген жауаптарды осы кітаптан көріп, депутаттың елдік мәселелердің тиісті шешім табуына шыр пыр болған жанының айқайын сезіндік.
Бұл жинақта сондай-ақ автордың тәуелсіз еліміздің саяси әлеуметтік мәселелерін, жеткен жетістіктері мен өркенді бастамаларын, өрісті қадамдарын саралап, сараптаған ой түйіндері де топтастырылған.
Айтылмаса, сөз жетім. Кітаптың атына сай Бектаевтың азаматтық үнінің жаршысындай жарық көрген жинақтан қоғамның келбеті, отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбие сияқты тақырыптар да көрініс тауыпты.
«Ана», «Қазақ қыздарының патшайымы – Фариза» атты толғаулары сөз өнерін серік еткен Әли Бектаевтың шығармашылық шабытының бір шырайын танытатын дүниелер.
Қорыта айтқанда, бірнеше кітаптың авторы Әли Бектаевтың қара сөзінен болсын, өлеңдерінен болсын, ой толғам, сұхбаттарынан болсын оның жан әлемінің жарқылын, бүкпесіз жайып салған сезімі мен сырларын көреміз. Біз оны бір ауыз сөзбен: «Бұл – Бектаевтың болмысы» деп түйіндеген болар едік.

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі

 

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.