КӘСІБИ ТЕАТР ҰҒЫМЫН ӘКЕЛГЕН ТАУ ТҰЛҒА Избранное

Среда, 23 Февраль 2022 05:02 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3189 раз

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Биыл қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің туғанына – 130 жыл. Алаштың арда ұлының ұлт үшін еткен еңбегі мен төккен тері бүгінгі қазақ театрының қалыптасуындағы алғашқы қадам еді. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың 30-жылдарында Ж.Шаниннің қаламынан туған «Арқалық батыр», «Шахта» пьесалары Шымкент облыстық драма театрында қойылған деседі. Ал биыл өнер ордасы драматургтің өмір жолынан сыр шертетін спектакльді сахналамақ. Тақырыпты тарқатар болсақ.

300

 

Жылдық жоспар жаңалыққа толы

Әрбір театр үшін жыл басы жаңалыққа, шығармашылық ізденіске толы болады. Себебі, дәл осы кезде көркемдік кеңес мүшелері театрдың жыл бойы сахналайтын репертуарын талқылап, премьералық шығарманы таңдайды.
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Бекболат Құрманғожаевтың айтуынша, биыл театр көрермендеріне төрт жаңа қойылым ұсынбақ.
— Ақпан айының басында театрдың режиссері Қуандық Қасымов Жан Ануйдің «Медея», Хайнер Мюллердің «Филоктет» драмасын біріктіріп, жаңаша формада сахналады. «Медея/Филоктет» премьералық спектаклі антикалық дүниеден бүгінгі заманға бейімделіп, өңделген. Ертедегі жер, байлық, билік үшін күрес қазіргі уақытта да жалғасып отыр. Бұл спектакльдің тағы бір ерекшелігі — кейіпкердің де, көрерменнің де сахнаға орналасуында. Сахнада отырған көрермен актердің бейнесін, еңбегін, терін жақыннан көреді. Ал, әртіс көпшілік алдындағы жалғыздықты (публичное одиночество) сезінді. Яғни, режиссер қойылымның ойын көрерменге ерекше жеткізді, - дейді Бекболат Болатжанұлы.

302


Театр ұжымы сәуір айында Холиқ Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясын, ал келесі театр маусымының басында Ж.Шанинге арналған Сая Қасымбектің «Шанин.Занавес» драмасын, жыл соңында Мұрат Қолғанаттың «Мөде қаған» тарихи қойылымын сахналайтын болады.
— Көрерменнің көңілін көтере отырып, ой тастайтын қойылым іздедік. Осыдан 15 жылдай бұрын Жетісай драма театрында сахналанған, драматург Холиқ Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» комедиясын алдық. Пьесада әке мен бала арасындағы байланыс, әке уайымы ерекше сипатталған. Жолдасының ұлы әкесінің жаназасына келе алмай қалғанын көріп, перзенттерін шалғайда жүрген әке уайымдайды. Сөйтіп, ұлдарын сынап, жаназаға кімнің үлгеретінін білмекке «әкең дүние салды» деген жалған хабарды таратады. Комедияның тілі — жеңіл, бірақ айтар ойы — терең. Бүгінде театр актерлері Ерсін Аманғалиев пен Бақытжан Дәулетжановты жетекшілігіме алып, осы қойылымды сахналау барысында олардың режиссерлік қырын байқауға ниеттеніп отырмын, - дейді театрдың көркемдік жетекшісі.
Көркемдік жетекші, режиссер Б.Құрманғожаевтың алдынан драматург Сая Қасымбектің сиясы кеппеген «Шанин.Занавес» пьесасының толық және қысқартылған нұсқасын көрдік. Бекболат Болатжанұлы қоюшы режиссер ретінде ізденіс үстінде екенін айтады.
— Қазақ өнерінің дәріптелуі, кәсіби театрдың қалыптасуында Ахмет Байтұрсынов, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезовтердің еңбегі орасан. Шанин — Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ кәсіби тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірген тұлға. 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында кәсіби қазақ театры ашылды. Шанин қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екі мәрте алып барды. Екінші декадада «Қыз Жібекті» сахналады. Қазақ театрларын ертең Еуропаның театрларымен тең етемін, орыс театрынан бір мысқал да кем емес деп жүріп, «Халық жауы» деген жаламен өмірден өтті. Өткен жылдың соңында театрдың алдына Жұмат Шаниннің ескерткіші орнатылды. Бұл — біздің парызымыз. Өткенсіз ертең жоқ. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбектің Шанин туралы шығармасы сахналанатын болады. Мұндай деректі, тарихи туындыларды сахналау өте күрделі. Режиссер, суретші барлығы ізденіп, сахналық (сценографиялық) шешім таба білу тиіс, - дейді режиссер.
Театр репертуарына қосылатын сүбелі шығарманың бірі — «Мөде қаған» тарихи драмасы. Тарихқа тереңінен бойлап, Сақ, Ғұн дәуірінен бастау алатын қазақ тарихынан сыр шертпек. Көркемдік жетекшінің айтуынша, өзге қойылымдарға қарағанда тарихи драмаға көбірек қаржы жұмсалмақ. Себебі, сахна декорациясын дайындап, ұлттық нақыштағы костюмдер тігіп, тарихи атмосфераны қалыптастыру мол қаржыны талап етеді.
Мамандардың айтуынша, карантиндік шектеулердің салдары әлі де театрларға әсер етіп отыр. Көрермен санының шектелуі театр табысына да әсер ететіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде қойылым үшін сырттан режиссер шақыртуға да қолбайлау болуда.

«Қазақ халқы өткерген теперішті көрсеткім келді»

— Жұмат Шанин тақырыбына тосыннан келген жоқпын. 2012 жылы театрға қызметке ауысып, Жұмат Шанин тақырыбында тарихи деректерді жинақтап, іздене бастадым. «Оңтүстік өлкесіндегі тұңғыш театр қашан, қалай ашылды?» деген сауалдардың жауабын іздеп, өңірлік архивтерден ескі фотоларды, материалдарды зерделеу арқылы Жұмат Шаниннің өмір жолына келдім.

301


2019 жылы осы материалдар негізінде Шымкент қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен Жұмат Шанинге арналған кітап шығардық. Жұмат Шанин — «Театр» сөзін қазақ топырағына егіп, жолында бүкіл теперішті көрген, азабына шыдаған, кәсіби театр өнерін дамыту жолында өзін аямаған тұңғыш режиссер. ХХ ғасыр басында болмысынан ұяң қазақ қызының сахнаға шығуы жат мәдениет саналған тұста, әйелі Жанбике мен балдызын сахна өнеріне мәжбүрліктен жетелеген екен. Нәтижесінде Жанбике өнерімен сахнаға тез бейімделіп, Жұмат Шаниннің өмірдегі ғана емес, өнердегі серігіне де айналған, - дейді пьеса авторы Сая Қасымбек.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ батырларының тұлғасын таныту мақсатында «Арқалық батыр» спектаклін алғаш сахналағанда қойылым 4 сағатқа созылған екен. Себебі, Жұмат Шанин осы қойылым арқылы қазақтың би, айтыс, жыр өнерінің үлгілерін көрсеткен.
— Қазақтың ән-күйін, биін насихаттайтын Опера және балет театры керек деп алғашқы жылдардан-ақ Орталық комитетке ұсыныс хаттар жазады. Арасында өнер жолындағы «қызыл көздердің» қызғанышынан елге сыймай, Қырғызстанға барып, бір жылдай бас режиссер болып еңбек етеді. Алматыда Опера және балет театры ашылатын кезде қайта елге шақырылып, өнердегі достары Құрманбек Жандарбеков пен Қаныбек Байсейітов ағаларымыздың Жұмат Шанинге көрсеткен қолдауы қанаттандырып, тұңғыш Опера және балет театры «Қыз Жібек» спектаклімен ашылады. «Қыз Жібектен» кейін «Жалбырды» сахналағанда, көптен күткен арманы — қазақтың айтысы мен ұлттық биін енгізеді.
Шанин бастаған қазақ өнерпаздары Мәскеудегі онкүндікке екі мәрте сапарлаған. Өміріндегі ең қиын сәттер де осы кезеңде орын алған. Біріншісі, Жұмат Шаниннің 1927 жылы Мәскеуге қазақ фольклорын таныстыруға барған алғашқы онкүндік сапары еді. Оған құндақтағы үшінші ұлын бірге ала барады. Ұзақ жолда баласы ауырып, шетінейді. Перзентінің бақилық болғанын Мәскеуге жеткенде айтатын болса, «қазақ делегациясы Мәскеуге жаман хабар әкелді» деп бұрмалану қаупі тұрды. Ұлттық мүдде, республика мен халық тағдыры үшін Жұмат пен Жанбике жанкештілікке барып, бақилық болған перзентін құндақтап, бетін бүркеп, пойыздан ешкімге білдірмей алып түсуге мәжбүр болады. Арада бір тәулік өткеннен соң ғана Мәскеуден мұсылман зиратын тауып, баланың денесін түн жарымында, елден жасырып жерлейді. Перзентінен айырылып, жүрегі қан жылап тұрса да, Жанбике сахнаға шығып ән айтып, би билеген, жымиып суретке түседі.
Екінші сапар — 1936 жылғы Мәскеудегі есеп беру онкүндігі. «Қыз Жібек» спектаклі басталар алдында сахна пердесі (занавес) механизмдегі ақаудан 12 минутқа кеш ашылған. Спектакльге Сталин бастаған ЦК комитеті түгелдей келіп отырғанда шымылдықтың 12 минутқа кешіккені Жұмат Шаниннің тағдырын шешті. Премьерадан кейінгі банкетке қойылымның бас режиссері Жұмат Шанин мен әйелі Жанбикені қатыстырмайды. 12 минуттың салдарынан Темірбек Жүргеновке, Жұмат Шанинге және сол кездегі Қазақстанның Мәскеудегі өкілетті өкілі Сәкен Сейфуллинге «Сталинге қастандық жасамақ болды... Жапонның тыңшысы» деген айып тағылып, үшеуі бір бұйрықпен ату жазасына кесілді.
Алайда, Шаниннің бүкіл өмір жолын бір қойылымға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан пьесаға драматургтің түрмедегі кезін арқау етіп алдым. Драмада «Карлик» есімді жинақталған образ арқылы «қызыл террордың» ықпалын көрсетемін. 1936-1938 жылдары өлім жазасына кесілген қазақ зиялыларының орны ешқашан толмасы анық. Біз, қызыл террордан опат болған айдындарымызды ұмытпауымыз қажет, - дейді драматург.
Драматургтің айтуынша, Жұмат Шаниннің ұлы Рауыпбек 19 жасында Мәскеуде тергеліп, қамауда өкпесіне тиген суықтан қайтыс болған. Сүйген жары Жанбике апамыз АЛЖИР-де 8 жылға қамалады. Ортаншы ұлы Қасымханды Жұматтың інісі Әкіш өз атына жаздырып, қудалаудан аман алып қалады. Жазасын өтеу мерзімі аяқталған соң да Жанбикенің Қарағандыдан шығуына шектеу қойылып, өмірінің соңғы сәтіне дейін сонда қалған.
— Әкіш Шанин әйелі мен Қасымхан үшеуі Кереку жерінен қудалаудан қашып пойызбен келе жатқанда Шымкент стансасына тоқтайды. Вагоннан түсіп, айналасындағы адамдардан «Шымкентте театр бар ма?» деп сұрастырады. Театр барын ести сала вагондағы түйіншектерін алып, Жұматтың ұлы Қасымханды жетелеп театрға келген.
Қасымхан Шанин Жетісайдағы Қ.Жандарбеков атындағы театр ашылып, бас режиссер қызметіне тағайындалғанға дейін Жұмат Шанин атындағы театрда қызмет еткен. Қасымхан Шаниннен 3 қыз, 1 ұл тараған. Қасымханның ұлы Болат Шанин бүгінде ата жолын қуған режиссер, - дейді Сая Қасымбек.