Версия для печати

Мирвахид МИРАЗИЗОВ: Өнерін – өмірім деп білетіндер театрдан кетпейді Избранное

Пятница, 28 Январь 2022 03:38 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3739 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент — мәдениет ордасы. Бүгінде мегаполис тұрғындары үшін онға жуық театр ұжымы қызмет етіп, түрлі жанрда қойылымдар ұсынып келеді. Осындай өнер ұжымының бірі — Шымкент қалалық өзбек драма театры. Жуырда театрдың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында мекеме директоры Мирвахид Мырсабырұлы МИРАЗИЗОВПЕН сұқбаттасудың сәті түскен еді.

120

 

— Мирвахид Мырсабырұлы, Шымкент қалалық өзбек театрының шымылдығын түргеніне 19 жыл. Театр ұжымы осы ширек ғасырға жетпейтін мерзім ішінде қандай белестерді бағындырды?

— Кең байтақ, көп этносты елімізде қазақ театрларымен қатар орыс, ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары жұмыс істеп келеді. Шымкент қалалық өзбек драма театрының ашылуы — Қазақстанды мекен еткен өзбек ұлты өкілдеріне өз мәдениеті мен әдебиетін жаңғыртып отыру үшін берілген мүмкіндік. Театрдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қатысуы — театр ұжымына білдірген мол сенімнің белгісі.
Осы 19 жылдың ішінде театр өз көрермендеріне 90-ға жуық қойылым сахналады. Репертуарда дүниежүзі драматургтарының, қазақ және өзбек драматургтарының шоқтығы биік шығармалары таңдалып келеді. Театр ұжымы гастрольдік іссапармен Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Қызылорда, Көкшетау қалаларына және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларына барған.
Өзбекстан Республикасының Сырдария, Гулістан, Самарқан, Жиззах қалаларында өнер көрсеткен. 2022 жылы да бірқатар ауқымды жобаларды қолға алуды жоспарлап отырмыз.

121

 

— Театр қоржынында 90-ға жуық қойылым бар дедіңіз. Жалпы репертуар таңдағанда қай жанрға басымдық бересіздер? Көрермен сұранысына мән бересіздер ме?
— Театр — идеология құралы. Әр қойылым арқылы көрерменге ой салып, содан сабақ алуға септігіміз тиіп жатса, біздің негізгі міндетіміздің орындалғаны дер едім. Премьералық спектакль таңдау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттік саясатты насихаттайтын, яғни елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған, айтары бар қойылым таңдауға тырысамыз. Сондай-ақ, театрдың жылдық жоспарын көркемдік кеңестің талқысына салып, жан-жақты саралап, талдаудан өткен шығарманы сахналаймыз. Біздің көркемдік кеңестің құрамында театр сыншылары, профессор-ғалымдар, еліміздің мәдениет қайраткерлері мен еңбегі елеулі актерлер де бар. Осындай зиялы қауым өкілдерінің ой елегінен өткен дүние жаман болмайды деп ойлаймын. Әрине, драма театрымыз деп тек ол бағытта ғана емес, міндетті түрде халыққа ерекше көңіл-күй сыйлайтын комедия жанрында да қойылымдар таңдалады. Алайда, «Әр әзілде — бір шындық» демекші, сол комедияның өзінде әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды жеткізуге тырысамыз. Көрермендердің де сұранысын ескереміз.

— Театр ұжымы биыл қандай шығармаларды сахналайды? Көрермендерді немен қуантасыздар?
— Иә, көркемдік кеңес бірнеше шығарманы қарап, 2022 жылы ұсынылатын 4 қойылымды таңдап отыр. Шымкент қалалық мәдениет басқармасы да біздің бастамаларымызды қолдап, келісімін берді. Мәселен, өткен жылы 4 қойылымға бөлінген қаржы 9 миллион теңгеге жуық болса, биыл 4 қойылымға 16 миллион теңгеге жуық қаржы қаралып отыр. Бұл театрларға ерекше көңіл бөліне бастағанын көрсетеді. Себебі, кейде жоқтан бар жасауға да тура келетін еді. Бүгінде қалалық мәдениет басқармасы 2025 жылға дейін мәдениет саласын дамытуға арналған тұжырымдама қабылдаған болатын. Сол тұжырымдамаға сәйкес, алдағы уақытта ел мәдениетіне деген қолдаудың артатынына сенім мол. Себебі, қаржы арқылы қойылым сапасы да арта түседі. Әрине, актерлік шеберлік өз алдына бөлек әңгіме. Алайда, қойылым тек актердің шеберлігімен сахналанбайтынын ескерсек, қаралған қаржының басым бөлігі сахна декорациясы, сахналық костюмдер мен заманауи техникалық құрал-жабдыққа жұмсалады. Бұл мүмкіндіктер қойылым сапасына әсер етері сөзсіз.
Ал, биылғы таңдалған репертуарға келер болсақ, мемлекеттен қаралған қаржыға 4 премьера, театрдың өз табысына 1 спектакль ұсынуды жоспарлап отырмыз. Олар Хамзаның «Сүйгенімнен айырма» комедиясы, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасы, Саид Ахмадтың «Ақша» комедиясы және жас көрермендерге арналған Хамит Әлімжанның «Самұрық» аңызы. Ал, театрдың өз қаржысына жергілікті драматург Хавазмат Қошқаровтың «Қарсы құдалар» комедиясы таңдалып отыр.

— Театр жұмысының жемісі оның қойылымдарының аншлагпен өтуімен бағаланса керек. Сіздерде театрға көрермен тарту мәселесі қалай?
— Көрермен тарту мәселесі тек біздің емес, әлемде бар проблема деп ойлаймын. Алайда, бар мүмкіндігімізді пайдаланып, көрермен қатарын арттыру мақсатынды түрлі жұмыстар жүргізіліп отыр. Техниканың қарыштап дамыған дәуірінде жастар театрға келгеннен гөрі, түрлі әлеуметтік желілерден немесе кинотеатрлардан кино қарауды дұрыс көреді. Дегенмен, біз барынша театр жұмысының мән-маңызын дәріптеуге тырысып келеміз. Мәселен, алғашқы қадамды жастар жиі парақтайтын әлеуметтік желіден бастадық. Оның жұмысын жарнама бөлімінің маманы Бақтияр Әбдіқадыров есімді азаматқа жүктедік. Ол әлеуметтік желіде театрдың ресми парақшаларын ашып, театр репертуарындағы қойылымдар туралы ақпараттармен, сахна сыртындағы тіршілікпен таныстырып жүр. Ал, билет сату бойынша тек кассалық жүйе емес, электронды билет сатумен айналысатын компаниялармен байланыстамыз. Екіншіден, жыл басында ауқымды жобаны қолға алдық. Бұл жоба арқылы театрдың жас көрермендерінің санын арттырып, өнерге жақын жасөспірімдерді ерте жастан баулуды қолға алып отырмыз. Осы жоба аясында «Сахна тілі» және «Актерлік шеберлік» курстары ашылды. Үйірме сабақтары аптасына 2 рет, тегін оқытылады. Дәрістерді театрдың бас режиссері Жавлон Сайитов пен белгілі актер Ұлықбек
Насыров жүргізеді. Әзірге карантиндік шектеулерге байланысты аптасына 1 рет жиілікпен өткізілді. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес жүргізіледі деген үміттеміз. Алғашқы іріктеу сабағына келген мектеп оқушыларын топтарға бөліп, театрдың тыныс-тіршілігімен таныстырдық. Жасөспірімдердің қызығушылығы өте жоғары. Жұмыс нәтижелі болады деген сенім мол. Үшіншіден, «өнерде шекара болмау керек» деген ұстаныммен қалалық тілдерді дамыту орталығымен бірлесіп, ерекше іс бастадық. Ондағы мақсат — театр қойылымдарын қазақ, орыс тілдеріне сауатты, мағыналық тұрғыда жүйелі аударма жасап, өзбек тілін толық түсінбейтін көрермендерімізге синхронды аударма қызметін ұсыну. Театр репертуарындағы қойылымдардың біршамасы аударылды. Арнайы құрылғылар, құлаққаптар бар. Енді тиісті маман алуға мүмкіндік туса болғаны.

— Театр жұмысын ширатып, дамыту үшін бір ғана режиссердің жұмысы аздық етеді. Сіз басқарып отырған театр қай режиссерлермен шығармашылық байланыс орнатқан?
— Әрине, еліміздің, Өзбекстанның режиссерлерімен шығармашылық байланыс орнатқанбыз. Мәселен, Жетісай және Шымкент қалаларынан Ғазиз Арынов, Асқар Алтынбеков, Әскер Құлданов, Қуандық Қасымов сынды ағаларымыз шығармашылық байланыстамыз. Ал, Өзбекстаннан Авлиёқули Хожақулиев, Махсуд Мансуров, Мунавара Абдуллаева, Қахрамон Садуллаев, Алимжан Салимов, Тожи Мухаммад Исроилов, Александр Гамиров, Сайфиддин Мелиев сынды азаматтар 20 жыл ішінде театрымызда өз қолтаңбаларын қалдырды. Сондай-ақ, өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің Мәдениет министрлері меморандумға қол қойып, екі ел арасындаға мәдени байланысты нығайтуға күш салып отыр. Қазан, қараша айларында Самарқан, Наманган облыстарының театры мен Ташкенттегі «Мырза» театрының ұжымы гострольдік сапармен келді. Олардың білікті мамандарымен тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Меморандум аясында биыл біздің театр Өзбекстан еліне барады. Сондай-ақ, Өзбекстанның өнер академиясымен де байланыс орнату арқылы актерлердің біліктілігін арттыру мәселесін де жолға қоймақпыз.

— Бүгінгі ұжым жөнінде айтып өтсеңіз. Актерлік құрамда қанша маман бар? Актерлердің қосымша табыс көзі бар ма?
— Театрда барлығы 53 қызметкер бар. Оның 17-сі актерлік құрамда. Жалпы, талап бойынша өнер труппасында кемі 25-26 актер болуы керек. Алайда, штаттық кестеге сәйкес, актер саны шектеулі. Өткен жылы театр әкімшілігіндегі қызметтік лауазымдарды басқарма келісімін ала отырып, актерлік орынға ауыстырдық. Әрине, ауқымды жобаларды қолға алған кезде актер тапшылығы сезіледі. Кейде қажеттілікке қарай, театрдың өз қаржысы есебінен келісімшарт арқылы көмекке актер шақыруға тура келеді. Жалпы, мәдениеттің қай саласын алып қарасаңыз да айлық-жалақылары мардымсыз. Кейінгі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әр жыл сайын айлық көлемін 20 пайызға көтеру туралы шешім қабылданған болатын. Биыл жыл басында 25 пайызға көтерілетінін хабарлады. Ол да болса қызметкерлеріміздің көңіліне демеу. Әрқайсысы бір отбасының асыраушысы екенін ескере отырып, қосымша жұмыс істеуге шектеу қоймаймыз. Тек негізгі жұмыс кестесінен тыс кезде айналысса болғаны. Айлықты азсынып, жұмыстан шыққан мықты мамандарымыз да болды. Өкінішті, әрине. Енді біреулері киноиндустрияда бағын сынап жүр. Ешқайсысына өкпеміз жоқ. Ал, өнерін – өмірім деп білетіндер театрдан кетпейді.
— Әңгімеңізге рақмет.