Мегаполистің өз энциклопедиясы құрастырылады Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:45 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2221 раз

Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Шымкент қаласының энциклопедиясы» қамтитын мәліметтерді саралау жиыны өтті. Басқосуға Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, энциклопедияны құрастырушы редактор М.Әбдәкімұлы, жазушы М.Байғұт, ОҚМПУ ректоры Г.Сүгірбаева және зиялы қауым өкілдері қатысты.

350

 

— Әрбір республикалық маңызы бар қаланың тарихын, ондағы тұлғалар мен тарихи-танымдық мәліметтерді топтастырып, бүтін бір энциклопедия етіп шығару өте дұрыс бастама. Біз бұл энциклопедияға қаланың тарихын, Шымкентті басқарған және түрлі салада еңбек еткен танымал тұлғаларды, ғалымдарды, өнер адамдарын және өзге де құнды деректерді енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Б.Нарымбетов.
Мәслихат хатшысының айтуынша, энциклопедия қала әкімдігінің қаржыландыруымен 2022 жылы мамыр айының соңында жарық көрмек. Ал, кітаптың тұсаукесері қала күніне жоспарланып отыр.
Энциклопедияны құрастырушы редактор, жазушы Момбек Әбдәкімұлы жиын барысында ақылдастар және редакция алқасымен таныстырып өтті. Ақылдастар алқасына Шымкент қаласы әкімі М.Әйтеновтен бастап, қаладағы басқарма, музей, архив және мәдениет ошақтарының басшылары кірген. Ал, редакция алқасында осы жұмысты үйлестіріп, топтастыратын журналистер мен ғалымдар бар.
— Баршаға белгілі жыл басында «Шымкент қаласының тарихы» жарық көрген-ді. Енді энциклопедияны құрастыруға кірісіп кеттік. Жоспар бойынша энциклопедия қала тарихынан басталады. Тарихты кезең-кезеңімен берген соң, өзге мәліметтер алфавиттік негізде ұсынылмақ. Қала тарихы, оны басқарған тұлғалардың қысқаша өмірбаяны, ғалымдар, еңбек озаттары, өнер адамдары, өндіріс орындары, мәдени ошақтар, барлығын қамтуды көздеп отырмыз. Тіпті, қаланың өркендеуіне үлес қосқан құрметті азаматтардың тізімін де енгізетін боламыз, – деді М.Әбдәкімұлы.
М.Әбдәкімұлының айтуынша, 1917 жылдан бастап көптеген мәліметтер архивтік құжаттарға сүйене отырып қысқа, әрі нақты дайындалады. Сондай-ақ, Шымкенттен шығып, республиканы, әлемді мойындатқан түрлі саладағы тұлғалардың тізбесі бүгінде мыңнан асып түсіпті. Ал, 1918-1991 жылдар аралығында Шымкентті 22 азамат басқарса, 23 кісі атқару комитетінің төрағасы болған. Редакция алқасы қаладағы аудандардың құрылу тарихы мен оларды басқарған азаматтар да назардан тыс қалмайтынын айтты. Сонымен қатар, энциклопедия шаһардың өткені мен бүгінін қамтитын болғандықтан, Тәуелсіздік жылдарында Шымкентті басқарған азаматтар, республикадағы орны, жеткен жетістіктерді және өзге де өзгерістер осы энциклопедияға топтастырылмақ. Мегаполистегі заман талабына сай салынған құрылыстар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылған ілкімді істер жайында анықтамалар беріледі.
— Шымкент энциклопедиясын құрастыруды қолға алғанына өте қуаныштымын. Академиялық универсализм, энциклопедиялық білім деген ұғымдар бар. Редакция алқасының басында осындай білім иесі, жан-жақты Момбектің жүргені қуантады. Ал, еңбекті құрастыру барысында бүгінге дейін жарық көрген энциклопедияларды негізге алып, сол бағытта жұмыс істеу керек. Кітап жарыққа шыққанша «пәленше» енбей қалыпты, «түгеншенің» фотосы жоқ екен деген түрлі әңгіме-сын болуы мүмкін. Осындай көлденең пікір мен сынға төтеп беру үшін ақылдастар мен редакция алқасы барлық мәліметті саралап, талғаммен, қысқа әрі нақты етіп ұсынуға тырысу керек. Ал, Шымкенттің тарихын жазғанда одан 2200 жылдық тарихи көне қаланың иісі аңқып тұруы керек деп ойлаймын. Бар мәліметті ұтымды пайдаланып, көп іздену қажет, - деді жазушы М.Байғұт өз сөзінде.
Кеңес барысында ұйымдастыру алқасының мүшелері өз салаларына қатысты ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, цифрлық мүмкіндіктерді де ұтымды пайдаланып, кейбір тарихы ұзақ немесе мәліметі көп тақырыптарда QR қосымшасын қолдану арқылы салалық мекемелердің сайтына сілтеме беру, сондай-ақ, қаладағы атауы ауысқан үлкен көшелер жөнінде мағлұмат енгізу ұсынылды.
Айта кетейік, жоспар бойынша энциклопедияның жүзге жуық беті түрлі-түсті суреттермен безендірілмек. Ал, алғашқы таралым 1500 дана болмақ.

Другие материалы в этой категории: « «Тағдырыма тәнтімін» «Торға» түсіп қалмаңыз »