Версия для печати

«Қуыршақтардың «тағдырына» алаңдап отырамыз» Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:23 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2065 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Актердің шеберлігі – қойылымның жарты жұмысы. Көрерменді сендіру, қойылым кезеңіндегі атмосфераны беру — сахна сыртындағы әрлеуші, безендіруші, суретші сынды мамандардың еншісінде. Біз бүлдіршіндерге ерекше көңіл-күй сыйлап, қиял әлеміне жетелейтін қуыршақтарға жан бітіріп жүрген шеберлер жөнінде баяндамақпыз.

850

 

Бір қуыршақ-кейіпкерді жасау үшін шамамен 6-7 маман тынымсыз еңбек етуі тиіс. Әуелі, театрдың бас суретшісі пьесамен танысып, ондағы кейіпкерлердің бейнесін өз қиялымен дамыта отырып кескіндейді. Дайын эскизді режиссермен, театрдың көркемдік кеңесімен келіскен соң, жұмыс өндірістік бөлімге тапсырылады. Яғни, суретші-бутафорлар эскизге сай бейне жасайды, инженер-конструктор қаңқасы мен қимыл-қозғалыс құрылымын құрастырады. Ал, тігін цехының қыздары кейіпкерлерге сай киім пішеді. Бір апталық тынымсыз еңбектің нәтижесінде жарыққа келген қуыршақ бас суретшінің қолына тиген соң, оның бет-әлпеті образына сәйкес боялады (гримделеді). Міне, осынша еңбектің жиынтығынан сіздер мен біздерді қуантып жүрген қуыршақ дүниеге келеді.
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының бас суретшісі
Ақмарал Қосбармақова еңбек жолын осы театрдан бастапты. Суретші-бутафор қызметінен шыңдалған Ақмарал бүгінде өз ісінің білгірі.
— Спектакль кейіпкерлерінің образын ашу үшін, әуелі, қиялыңды шарықтау шегіне дейін жұмыс істетесің. Кейіпкер бейнесі режиссер мен көркемдік кеңестің келісімін алған соң, процесс ары қарай жылжиды. Режиссермен кеңесе отырып, декорация, кейіпкерлердің сахналық орны, барлығын макетке белгілейміз. Макеттен қағазға түсіріп, бекітілген қуыршақтар мен реквизиттерді дайындау үшін тиісті цехқа әкелеміз. Қуыршақ қандай материалдан болуы тиіс? Мәселен, папье-машье, поролон, қатты қағаз, гипс, бәрі-бәрі нақтыланады. Мамандарға тиісінше қуыршақтың қолы, басы немесе көзі, ерні сынды мүшелерін қимылдату керек болса, оны да алдын ала ескертеміз. Қуыршақ жасайтын материал қойылымдағы қуыршақтың іс-әрекетіне қарай таңдалады. Мәселен, «Гамлет» спектаклі үшін биіктігі 1 метрлік

851


5 қуыршақ жасалды. Ал, басты рөлді театр актері сомдады. Қойылымдағы қуыршақтардың басы папье-машье әдісімен дайындалды. Бұл әдіспен дайындаған кезде суретші ермексазбен жобасын ұсынады. Суретші-бутафор-оны гипстен құйып, ары қарай қағаздан бет әлпетін жасап шығарады. Ал бас суретші 1 аптадай уақытта дайын болған қуыршаққа грим жасайды. Жуырда премьерасы өтетін «Кішкентай ханзада» спектакліне дайындалып жатырмыз. Жасөспірімдерге арналған бұл қойылымда қуыршақ болмайды. Сондықтан рөлдерді сомдайтын 7 актерге киім тігіліп, бутафор-суретшілер қойылым бұйымдарын дайындауда, - дейді Ақмарал Дәулеталықызы өндірістік бөлімнің жұмысымен таныстырып.
Бас суретші сызған эскиздерді алып, бутафор цехына келдік. Мұнда 3 маман бар.
Талғат Серікбаев — Ә.Қастеев атындағы өнер колледжінің 1988 жылғы түлегі. Ол — ағаш, гипс, қағаз, фанера, пенопласт немесе поролон сынды материалдардың кез келгенін икемдеп алатын бесаспап шебер.
— Қуыршақ театрында төртінші жыл еңбек етіп келемін. Өз қолымызбен жасалған әрбір қуыршақ өз перзентіміздей. Спектакльдің премьерасы өткенше қуыршақтардың «тағдырына» алаңдап отырамыз. Топтық жұмыс болған соң, барлық детальдің өзара үйлесім табуына күш саламыз. Алайда, бір қуыршақты жасағанмен жұмыс бітпейді. Гастрольдік сапарларда зақымданған қуыршақтарға реставрация жасайтын кездер де бар, - дейді Т.Серікбаев.
Ғазиза Әшірбаева — он саусағынан өнер тамған шебер келіншек. Қ.А.Ясауи университетін «Көркем керамика» мамандығы бойынша тәмамдаған ол, қуыршақтардың бет-әлпетін жасау жанына жақын екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, пенопластан реквизиттер дайындауда алдына жан салмайды екен.
— Бізде «қоқыс», «жарамсыз зат» деген ұғым жоқ. Кез келген қоқысты кәдеге жаратамыз. Папье-машье әдісімен қуыршақтың бет-әлпетін жасаған ұнайды. Әуелі форма дайындап, қағаз бен желімнен қуыршақтың бетін жасаймыз. Сосын дәкемен қаптап, тегістегіш ұнтақ жағамыз. Ол кепкен соң бетті тегістеп, адам терісіне жақын негізгі түспен бояп шығамыз. Ары қарай инженер-конструктор мен тігінші жұмыс істейді. Инженерлік жұмыстардан соң, поролоннан қуыршақтың қол-аяғын жасаймыз, - дейді Ғазиза қуыршақ жасаудың әдісін түсіндіріп.
Андрей Трояновский — қуыршақ театрында 20 жылдан астам еңбек етіп, бұл саланың «жілігін шағып, майын ішкен» инженер-конструктор маман. Қуыршақты сөйлету де, билету де осы кісінің қолында. Өз ісінің хас шебері Андрей Николаевич бүгінде театрдың көркемдік жұмыстарына жетекшілік етсе де, конструкция құрастыруды қатар алып келеді екен. Ол бүгінге дейін 150-ге жуық қойылымның қуыршағына конструкция жасағанын мақтанышпен айтады.

852


— Әр қойылымда түрлі өлшемдегі қуыршақ жасалатындықтан оның ішіндегі конструкция, іс-қимыл механизмдері де өзгеріп отырады. Жалпы технология ертеден келе жатқанымен, бізде зауыттардағыдай дайын детальдар болмайды. Сондықтан темір болсын, ағаш болсын, өзіміз өңдеп, жонып, сымнан серіппе жасап, құрастырамыз. Бір қойылымда 2-3 қуыршақ жасалса, енді бірінде
20-25 қуыршақ керек болады, - дейді ол.
Қуыршақтың эскизге сай киіндіру тігіншілер Пернегүл Іңкәрова мен Айнұр Бурабаеваға жүктелген. Қуыршақ театрына жақында келген мамандардың айтуынша, 25 жыл тігін цехының тізгінін ұстаған
Умида Егамсапарованың еңбегі орасан.
Жуырда театрдың өндірістік бөлімі Жарылқап Әмірбек есімді жас маманмен толығыпты. «Жастар практикасы» бағдарламасымен келген жас суретші-бутафордың талабы зор.
Балаларға қуаныш сыйлайтын әр қуыршақ — осынша еңбек пен тердің жемісі. Сондықтан да мұндай асыл өнердің бағасы әрқашан жоғары болмақ. Ал, сахна сыртындағы сарбаздардың еңбегі — жас көрермендердің қошеметімен бағаланбақ.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.