«SHYMKENT NOMAD FILM FEST» үздіктері анықталды

Пятница, 24 Сентябрь 2021 11:15 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 744 раз

finofest

Үшінші мегаполисте жас режиссерлердің дәстүрлі байқауы қорытындыланды. Қалалық жастар ресурстық орталығында «SHYMKENT NOMAD FILM FEST» қысқаметражды фильмдер фестивалінің марапаттау рәсімі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жүлделі орыннан көрінген жас таланттарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

– Байқаудың мақсаты – қаламыздағы киноиндустрия саласына үлкен мән беріп, жас таланттарды қолдау. Сонымен қатар фестивальге қатысушы талантты жастардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы мүмкіндік беретін үлкен шығармашылық алаң құру. Жүлделі орын алған 4 фильмді көрермендермен бірге тамашаладық. Жас режиссерлердің аяқ алысы жаман емес. Жастар осындай қарқынмен еңбектеніп, іздене түссе, әлі талай мықты кинорежиссерлер шығатыны сөзсіз. Қаламызда өткен шағын кинофестивальдер солардың танылып, шыңдала түсуіне жол ашады деп сенеміз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Байқауға қатысуға 30 үміткер ниет білдіріп, соның ішінен әділқазылар алқасы 10 киноны іріктеп алған. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, байқау қатысушылары жастығына қарамастан қоғамдағы көкейтесті мәселелерді фильмдеріне арқау ете алыпты.

Жүлделі орындарға тоқталсақ. Үздік үштікті Ерсұлтан Тілеуовтің «Таңдау» туындысы қорытындылады. Екінші орын Дмитрий Владимировичтің еншісінде («Успех. Жетістік» фильмі). Ал бірінші орын «Садақа» фильмінің режиссері Болат Қожахметке бұйырды. Бас жүлдеге «Әке» фильмінің режиссері Ердаулет Алибеков ие болды.

Байқауға қатысқан бірқатар өнерпаз арнайы алғыс хаттармен марапатталды. «Бірінші пландағы үздік актер» номинациясына Е.Амангелдиев иеленсе, Ж.Налибаева «Бірінші пландағы үздік актриса» атанды. Екінші пландағы үздік актер – Д. Беркінбаев, екінші пландағы үздік актриса – А.Сулейменова. «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы – Д.Тұрдыматов, үздік монтаждық жұмыс – Т.Шайдуллин, үздік композициялық жұмыс – М.Айжанов, үздік сценарист номинациясы бойынша М.Әбдішәріп марапатталды.