«Qora z»: көрермен көзімен Избранное

Среда, 19 Май 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3488 раз

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 14 мамыр күні «Qora z» трагикомедиясының премьерасын өткізді.

822

 

Ұрпағына адам болуды өсиет еткен Абай философиясының тереңдігіне ешкім де күмән келтіре алмас. Қара сөзінде адамның ішкі психологиясына, танымына философиялық тұрғыдан үңілген. Адам болмысы - Абай заманында, Шекспир кезеңінде, тіпті адам баласы пайда болғаннан-ақ қозғалған ең өзекті мәселе.
У.Шекспир шығармаларының желісі бойынша қойылған трагикомедия бүгінгі адамды, демек, өз шындығымызды баяндайды. Сан ғасырларды артқа тастаса да өзектілігін жоғалтпаған тақырыпты көтереді.
Қоюшы режиссері әрі сахналық нұсқасын жасаған – Ресей театр өнері институтының (ГИТИС) студенті, Д.А.Крымов пен Е.Б.Коменькович шеберханасында тәлім алып жүрген
Әлібек Өмірбекұлы. Қойылым аз ғана уақытта қызу талқыға түсіп, көрермен пікірі екіге бөлініп үлгерді. Біз солардың бірнешеуін шашауын шығармай ұсынып отырмыз.

Анар САИМЖАНҚЫЗЫ,
театртанушы, халықаралық театр сыншылары ассоциациясының төрайымы, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Өнертану ғылымдарының кандидаты:

–Қойылымдағы үзік-үзіктің өзі де осы заманға, жастардың ой-санасына лайықталып жасалынған. Көрерменді жалықтырып жіберетін де жерлері бар. Бірақ, уақыт өте келе мұның бәрі өз арнасына түседі, жинақталады.

823


Қан көп деп жатқандар да болды. Шекспирдің әр трагедиясы – қанды трагедия. Сондықтан көп театрлар оны көрсете бермейді. Ал шаниндіктер осы сюжеттердің барлығын сахнаға қорықпай шығарып, Шекспирдің көтерген тақырыбы осы күнге дейін өзекті болып отырғанын, бүгінгі күнмен үндес екенін көрсетті. Киімдері тамаша шыққан. Әсірелеу әдістері сәтті қолданылған.

Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, «Өнертану» ғылымдарының магистрі:

– Негізінде сыртқы формасы, пішіні ұнады. Бізге мұндай спектакльдер керек. Тек қана бұл жерде лас дүниелер басымырақ болып тұр. Соны жинақтап, реттесе, қоқыстың бәрін ретке келтірсе... Мата түтіліп кетеді ғой, сол түтілгенді тазаласа әдемі киім болып шыға келеді ғой, сол сияқты кей тұстарын тазалау қажет. Ерекше атап өткім келетіні, актерлық ойын. Режиссердің актерлермен жеке-жеке жұмыс істегені көрініп тұр. Өйткені, актерлердің барлығы сахнада суда жүзген балықтай еркін көсіліп жүр. Сосын оқиғалар үзігі көп. Солардың арасын байланыстыру керек. Бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысқанда «крутой поворот» кетіп қалуда. Көрермен қорытып үлгере алмай жатыр. Әшағамның (Әшірбек Сығай): «Бір режиссер, екі драматург, үш актер түсінгеннен не пайда, қарапайым халық түсінбесе», - деп айтқан сөзі бар. Сол айтпақшы, сәл қарабайырландыру керек. Арасында артық көрініс, басы артық 40 секундтық, 1-2 минуттық қайталау бар. Соларды қысқартып, жинақтаса екен.

Күлия АЙДАРБЕКОВА,
мәдениет саласының ардагері:

– Шанин театрының премьерасына барып, 3 сағаттан астам уақыт қойылымды көрдік... Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған қойылымнан көңілім құлазып қайттым. Сонша негативті көрудің өзі ауыр.
Мәдениет жоқ, идеология жоқ... Жоқ, жоқ деген сайын жоқ боп бара жатыр... Академиялық атағы бар театр, бір ғасырға жақын тарихы бар Қазақ театрының Тәуелсіздіктің мерейлі жылында осындай қойылым ұсынғанына аң-таң болып отырмыз. Театр басшылығы Алаш зиялыларын сахна төрінде аттарын түгел айтқызып, кейін Алихан-Малихан деп қайталатып... Солар отырған орындықтарды доп сияқты тепкізгені мазаққа айналдырғаны ма? Шаниннің атымен аталатын театрдың иесі мен киесінен қорықпай, Жұмат Шанин отырған орындықты ары-бері лақтырып, аяқасты ету соншалықты қажет пе еді?!
Ата театрда ана тіліміздің қор болғаны бөлек әңгіме...

Әсет ӘССАНДИ,
қоғам белсендісі:

– Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы екенін жақсы білеміз. Ал, «жақсысын асыра, жаманын жасыра білмеген» ұрпақтан ұлттың ұтары қайсы? Қоғамның бүкіл нәжісі мен қиын сахна төріне шығарып, «біз – сондаймыз, біз оңбаймыз» дегеннен аса алмаған режиссер «өзін жамандаған өзгеге қор болатынын түсінбей ме»... әлде түсінгісі келмей ме? Зиялыларымыздың есімдерін («Әлихан – Мәлихан» деп) келемеждеу, Қыз Жібектің алғашқы неке төсегін көздерімізді бақырайтып тұрып көрсету – эстетиканың қай санатына жатады екен?...

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.