ФАРАБИ МҰРАСЫ – ӨРКЕНИЕТ ҚАЗЫНАСЫ Избранное

Пятница, 26 Март 2021 04:03 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3003 раз

Фарабитанушылар Шымкентте бас қосты

Бізге Әбу Насыр Әл-Фарабиді толық таныдық деп айтуға әлі ерте. Шымкенттегі Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әл-Фараби мұрасы – өркениет қазынасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында бас қосқан еліміздегі фарабитанушы ғалымдардың пікірінен осындай тұжырымға келдік.

434

 

Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Әбсаттар Дербісәлі көне Отырар жерінен 32 Әл-Фарабиді тапқан. Ал біз білетін Əбу Насыр əл-Фарабидің ғылыми мұрасы бүгінгі күнге толық жеткен жоқ. Саналы ғұмырының 50 жылын фарабитануға арнаған Ә.Дербісәлінің Фараби мұрасына қатысты көптеген еңбектері бар. Соның бірі – «Әл-Фараби: Ұлы даланың дара тұлғасы» атты кітабы.
Ол таяуда ғана Мысыр елінің астанасы Каирден олжалы оралыпты. Сол жерде өткен «Екінші ұстаздың ислам өркениетіне қосқан үлесі» деген халықаралық конференцияға қатысып, араб тілінде жарты сағат баяндама жасапты. Шетелдік әріптестері қазақ ғалымының өз баяндамасын арабша оқығанын, қолындағы кітабының құндылығын бағалап, жоғарыда аты аталған кітабын араб тілінде шығаруға келісімшартқа қол қоюын сұрапты.
–Каирде қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар қызмет еткен. Испаниядағы 1517 жылы салынған Эскориал кітапханасынан 10 трактат алып келдім. Соның ішінде Сайрамнан шыққан үш Сайрамидің, Ала ад-дин ас-Сайрами, Низам ад-дин Йахия ас-Сайрами және Әбдірахман әз Сайрамидің трактаттарын таптым. Үшеуі де Каирдегі мешіт, медреселерде қызмет еткен. Сол мешіттің маңайында сұлтан Барқұқ салдырған медресеге Тараздан шыққан Хибатулла ат-Тарази деген ғұлама басшылық еткен, - деді академик.
Фарабитанушының пайымдауынша, Әбу Насыр Әл-Фараби –энциклопедист ғалым, көрнекті ойшыл. Оның құдыреті сонда, өз заманында алғаш рет ғылымды классификациялады. Профессор Дамаскіге барған сапарында Әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» деген кітабын алып келіпті. Х ғасырда Еуропа ұйықтап жатқан кезде «Музыканың теориясын» жазу деген ғажап құбылыс қой. Әл-Фараби ғылымның қайсыбір саласына да философиялық көзқараспен қараған.
–Біз Әл-Фарабиді танып білу үшін тереңіне бойлауымыз керек. Орта ғасырлардағы зерттеушілердің бәрі оның Отырардан кеткенде араб тілін білмегенін жазады. Араб тілін білмей барып, араб тілінде ғылымның сан саласы бойынша шығармалар жазған. Араб, көне грек тілдерін еркін меңгеріп, Аристотельдің, Птоломейдің еңбектеріне араб тілінде түсініктеме беру үлкен шаруа, - деді академик Ә.Дербісәлі.

Әл-Фараби кітапханасында өткен ғылыми конференцияға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты.
–2019 жылы Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығы 2020 жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілген болатын. Тарихи-археологиялық деректерге сүйенсек, Шымшаһар – Қазақстандағы ең көне қала. Әл-Фараби бабамызға арналған конференцияның да көне қалада өтуі де бекер емес.
Бүгінде қала бюджеті бірнеше есеге өсті. Инвестиция көлемі артты. Кәсіпкерлік дамыса, руханиятқа да көңіл бөлуге мүмкіндік туады екен. Осы кітапханаға өткен жылдың соңында Әл-Фараби бабамыздың аты берілді. Бүгінгі конференция республикалық көлемде өтіп жатыр. Шымкент қаласы Әл-Фараби мұрасын терең зерттеуге үлкен басымдық беріп отыр. «Отырар» кітапханасына Әл-Фарабидің атын беріп, болашақта «Фарабитану орталығы» ету жоспарымызда бар. Себебі, ғұлама Шымкент пен Түркістанның арасында орналасқан Отырарда білім іздеп, шығысқа барып ғылымның шыңына шыққан. Сондықтан мұндай үлкен кітапхананың Әл-Фарабидың атымен аталуы заңдылық, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА академигі Ғарифолла Есім де осынау келелі жиынға қатысып, өз ойын ортаға салды. «1150 жыл бұрын осы топырақта дүниеге келген бабаларыңызды құрметтеп жатқан шымкенттіктер, сіздер – мықтысыздар. Фараби дүниеге келгеннен бері қарай 10 ғасыр өтті. 10 ғасырда көптеген империялар құралды. Жер бетінде қаншама халықтар пайда болып, жойылды. Бірнешедүниежүзілік соғыс болды. Бірақ, Әл-Фарабидің айтқанын қазақ халқы еш ұмытқан емес. Мен оның айтқан ойларын хакім Абайдан тауып отырмын. Сонда таңғалатыным, екеуінің арасы 9 ғасыр, 900 жыл. Сөз неге жойылмады? Сол сөз маржандары небір сынақтардан құнын жоғалтпай, аман-есен жеткені дана халқымыздың арқасы, - деді Ғ.Есім.
Бұдан бөлек, алқалы басқосуға ҚР ҰАК басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева, «Ұлы даланың ұлы тұлғасы – Әл-Фараби» музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашев, тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚПУ-інің бірінші проректоры Баршагүл Исабек, философия ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚУ-інің проректоры Сәкен Мәжінбеков сынды ғалым, зерттеуші, қоғам қайраткерлері қатысты. Тіпті, Францияның еңбек сіңірген профессоры Альберт Фишлер мен АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик онлайн қосылым арқылы тікелей байналысқа шығып, өзіндік үн қосты.
Көрнекті ғалым-философ Əбу Насыр əл-Фарабидің ғылыми мұрасы жөніндегі зерттеулерге айрықша көңіл бөліп, бүгінгі күннің талабы мен келешектің мүддесі тұрғысында зерделеп, елдің мемлекеттік ұстанымына сай қызмет етуге мүмкіндік жасау – қазіргі жаһандық мәселелердің маңыздысы.
Ғылыми маңызды жиында Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын әрі қарай терең әрі жан-жақты зерттеу және танымал ету қажеттілігі туралы ғалымдар ортақ пікірге келді. Мемлекеттер арасында туындап жатқан мәселелерді шешуде əл-Фарабидің көзқарасы мен ойларына мұқтаж екендігіміз айшықталды. Әл-Фараби мұрасын сақтаудағы және ілгерілетудегі маңызы, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен осы бағыттағы өзара іс-қимылдың мәнділігі ғылыми дәлелденді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.