«Наурыз Шымкенттен басталады» онкүндігі аясында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен Көрме орталығында өткен іс-шарада қыздар кесте тігіп, тоқыма тоқыды. Игі шараның мақсаты – өскелең ұрпақты қолөнерге баулу.
– Жастарымыз қолөнер бұйымдар жасаумен ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңіреді. Қазақтың салт-дәстүріндегі қолөнеріміздің адам айтқысыз қымбат, замандар бойы тарих жасап қалдырған асыл мұра екендігін жете түсіне білуі керек. Бұрынғы ата-бабамыздың қолөнерін жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру бүгінгі күнгі басты міндетіміз, - дейді кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева.
Кітапхана оқырмандарына арналған кеш барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген №127 мектебінің ұстазы Ақбөпе Қайсарқызының шәкірттері №59 мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар түрлі қолөнер бұйымдарының жасалу жолы мен қыр-сыры түсіндірілді. Жиын соңы тұсаукесер рәсімімен жалғасып, қазақтың тағы бір салт-дәстүрі насихатталды.