Опера театрындағы бір күн Избранное

Пятница, 05 Февраль 2021 05:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3869 раз

«Театр мәдениеті киім ілгіштен басталады» дейтін бе еді В.Станиславский?! Өткен сенбіде күнгейлік журналистер Шымкент қалалық опера және балет театрының киім ілгішінен бастап, сахна сыртындағы жұмыс процесімен, тігін және көркем-бутафор цехтарының, сондай-ақ балет және вокалдық сыныптардың ішкі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Оның бәрін театр директорының міндетін атқарушы Майра Мұхамедқызының өзі аралатып көрсетті.

53

 

Жалпы соңғы уақыттары Шымшаһардың мәдени көкжиегінде бұрын-соңды болмаған жаңалықтар, тосын өзгерістер орын алып жатқанынан ел хабардар. Солардың ішінде ең елеулісі – опера және балет театрының әлемдік классикаға бет бұруы деген болар едік. Қазірде аталған өнер ордасының әртістері әлемдік классиктермен әріптестік орнатып, шеберлік сабақтарын алуда.
Ендеше Майра Мұхамедқызы бастаған баспасөз турынан не түйсіндік, көңілге не түйдік?
– Мынау үлкен зал, мұнда бір мезетте 530 көрермен сыяды. Сахнаның шұңқыры бар. Ал кіші зал – 80 орындық. Оркестрімізде әзірге 36-37 музыкант және үш дирижеріміз өнер көрсетеді, – деп Майра ханым сахна сыртындағы экскурсиясын бастап кетті. Сахнада оркестр мүшелері аспаптарының құлағын бұрап, кешкі қойылымға қызу дайындыққа кірісіпті.
Одан соң гримдеу бөлмесіне бастап барды. Ол жақта баритон дауысты әнші Қанатбек Айбек пен сопрано дауыстың иесі Айгүл Азатованың кезекті партияға қалай дайындалып жатқандығын көзбен көрдік. Әртістердің ішкі толқынысы жүзінен білініп-ақ тұр. Өйткені бұл кештің басқа кештерге ұқсамайтыны белгілі. Ол туралы сәл кейіндеу.
Сахна сыртындағы тамаша әсер жетегінде көркемдік қойылым бөлімі мен тігін цехы, сахналық костюмдер қоймасына бас сұқтық. «Тігін цехының меңгерушісі, дизайнер, халықаралық байқаулардың лауреаты Сәбира
Дәулеталиеваның өнерлі қолынан шыққан ғажап костюмдерді көріп тұрсыздар. Осындай талантты шеберлердің арқасында опералық кейіпкерлер дүниеге келеді», - деп Майра Мұхамедқызы театрдың үздік қызметкерлерімен таныстырып жатыр. Бұл бөлімде төрт тігінші жұмыс істейді екен.
Киім қоймасына кіргенде көркемдік қойылым бөлімінің басшысы Қадыркүл Сахова апайымыз бізді күлімдеп қарсы алды. Бұл кісінің жұмысы, тіптен, қызықты екен.
– Бұл бөлімде 16 опера, 1 оперетта, 1 мюзикл, 3 балалар балетінің костюмдері сақтаулы тұрады. Әр операда әр әртіске, хордың әр орындаушысына жеке-жеке киім тігіледі. Бізде костюмдердің қоры өте көп. Жуылады, үтіктеледі. Түймесі түсіп қалса, тігіледі. Киімдер әрдайым жаңартылып отырады. 7-10 жылдың ішінде есептен шығарылады. Орындаушылардың дене пішіні өзгеріп жатса, кеңейтетінін кеңейтіп, қысқартатынын қысқартып береміз. Қазір бұрынғы операда пайдаланған киімдерді қайтадан жаңартып тігіп жатырмыз. Ал «Домалақ ана» қойылымына барлық костюмдер жаңадан тігіледі. Декорациясы да жаңа болады, - деді көркемдік қойылым бөлімінің қыр-сырымен таныстырған Қадыркүл Сахова.
Бұлардан бөлек, бұл театрда неше түрлі цехтар бар екенін білдік. Реквизиттерді дайындайтын бутафор цехы, ағаш цехы, машина цехы, тағы басқасы... Әр цех өзіндік қайнаған жұмыс ырғағымен өз міндетін атқарып жатыр.

54


Баспасөз турынан кейін «Классикалық музыка жауһарлары» классикалық музыка кешін тағатсыздана күтіп отырмыз. Себебі бұл кеште әлемге әйгілі дирижер, Италиядағы Карло Феличе театры қорының көркемдік жетекшісі, халықаралық опера байқаулары қазылар алқасының мүшесі Джузеппе Аквавива дирижерлік ететіні алдын ала хабарланған болатын. Театрдың солистері мен симфониялық оркестрі жүргізушілердің хабарлауынан соң әлемдік деңгейдегі дирижермен бір сахнада өнер көрсетуді бастады.
Бұл қайталанбайтын құбылысты бүткіл зал ұйып тыңдап отыр. Концерттік бағдарламада атақты Дж.Россини, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Г.Донецетти секілді әлемдік сахналарда шығармалары орындалып жүрген әйгілі композиторлардың туындылары орындалды. Сондай-ақ Е. Брусиловский, М. Төлебаев және т.б. қазақ ұлттық операсының көрнекті өкілдерінің «Кармен», «Турандот», «Абай» операларының ариялары шырқалды.
– Біздің әртістеріміз осындай әлемдік жұлдыздармен бірге концерт берсе, неге қуанбасқа?! Концерттен өзге маэстро Джузеппе Аквавива шеберлік сабағын өткізіп, театр әртістерінің кәсіби шеберлігін арттыру бойынша үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Әйгілі маэстро театрдың әлемдік деңгейге жетуін және әртістердің кәсіби біліктілігін арттыруды көздеп отыр, - деді Майра Мұхамедқызы өз сөзінде.
Ал шетелдік әйгілі дирижер Д.Аквавива БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Майра Мұхамедқызының шақыртуымен келгеніме өте бақыттымын. Мен Қазақстанда өзімді жақсы сезінемін. Қазақстандықтар итальяндықтармен өте ұқсас келеді екен» деп ағынан жарылды.
...Қош, сонымен, опера және балет театрының ішкі тыныс-тіршілігінен біршама хабардар болып, өзгеше әсермен сыртқа шықтық. Кеш қарайып, ымырт үйіріліпті. Үйге қайтар аялдамада тұрмын. Мына бір ойды іштей күмбірлей беріппін. «Бізге Мұхамедқызының да, миландық маэстро Гусевтің де, итальяндық дирижер Аквавиваның да келгені қандай ғанибет болған?!. Келсін, Шымкенттің өнерін өрістетсін, елдің алғысын алсын, жаңа заманауи опера театрын салсын, бәрі де өзіміз үшін, халық игілігі үшін!».
Мен өзімді басқа Шымкентте тұрғандай сезіндім. Себебі, қазіргі Шымкентте өзгеріс көп, жаңалық жетерлік.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.