Версия для печати

Саяның сырлы һәм нұрлы әлемі Избранное

Среда, 20 Январь 2021 03:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6448 раз
Оцените материал
(2 голосов)

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы осымен 15 жыл қатарынан ұйымдастырып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен орайлас түсіп отыр. Сондықтан әдебиеттің поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма жанрлары бойынша «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясында таңдалған кітаптар республиканың түкпір-түкпіріндегі кітапханаларда кеңінен насихатталады. Сол таңдаулы 30 кітаптың авторлары қатарында жерлесіміз, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, белгілі драматург Сая Қасымбектің «Жанталас» пьесалар жинағы да бар.

550

 

Шымкенттегі Пушкин атындағы кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында күні кеше өткен кеш бір Саяның өзі бір әлем екенін көрсеткен кеш болды. Сол әлемнен сан түрлі нақыш таптық, сан түрлі сырға қанықтық, сан түрлі қазынаға кенелдік. Әсіре сөз емес, расы солай.
Бір адамның басына Алла осынша байлықты бере салғаны бір бөлек, Қасымбектің қара қызының соның бәрін игеріп, иі қанған қамырдай жұп-жұмыр һәм шып-шымыр дүние етіп ұсына салатынына қайранмын. Рухани байлыққа малынған адамның әлемі осындай болса керек. Драматург, режиссер, жазушы, ақын, әнші, оған қоса әлеуметшіл десең де артық емес. Әлеуметтік желідегі тап-тұйнақтай таңғы жазбаларынан, ФБ-ның хитына айналған қара пешінен маздақ алып, тастай түйін тауып жатқан ойларының астарында әлеуметтік пайымды ұқтыратын пәлсапа тұнып тұрады-ау! Бұл, әрине, бөлек әңгіме.
Ал кешегі кеш... Оның әсері тіпті ерек. Өнер әлеміне мүлде қатысы жоқ мамандықтың маңында жүрген адамды театрдың тұңғиығына сүңгітіп жіберген, Саяның бойындағы жасырынып жатқан құпияны танып, оның жанартаудай атқылап, жалынға айналып кетуіне жол ашқан айналайын Райымбек Сейтметов ағамыз қандай көреген еді, шіркін! Жатқан жері жайлы болсын!
Мейлі, дарынға – демеу, талантқа тіреу болатын жан табылғанымен, сол талант иесінің бойындағы игілікті төкпей-шашпай, аспай-таспай кәдеге асыра білуінің өзі бір құдірет емес пе?! Міне, Сая Қасымбектің табиғатына тұнған қасиет осы болып тұр. Оның драматург ретінде жазған пьесаларының республикадағы айтулы театрлардың сахналарында сұраныспен қойылып келе жатқаны, режиссер ретінде көрерменге ұсынған қойылымдарының сәтті шешіммен қуантып жүргені – соның айғағы. Республикамызда ғана емес, Түркия елінің сахнасында сол елдің басшыларының тамашалауымен түрік тілінде қойылған «Көктүріктер» тарихи драмасы екі мемлекеттің арасындағы рухани байланыспен қатар тарихи сабақтастықтың да салмағын арттырған өте құнды дүние болған еді. Сая Қасымбектің шығармашылығы көрші өзбек еліне де таныс. Астанамыз Нұр–Сұлтанның Жастар театры сахналаған «Лифт» психологиялық драмасы еліміздің басқа театрларымен қатар Өзбекстанның Бұхар академиялық театрында да табысты өткенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Жалпы, Сая Қасымбек психологиялық шиеленіспен өрілетін осындай шығармалары арқылы тәрбие тақырыбын ұлттық тәрбие деңгейіне көтеріп, санаға сілкініс туғызатын туынды тудыра білетінімен ерекше.

551


Ал Қасымбектің қара қызының тарихи тақырыптарға жүрексінбей, тартынбай қалам сілтейтіні тіпті тәнті етеді. Бұл бағытқа батыл қадам басуына да өмірлік ұстазы Райымбек аға қамшы болғанымен, екінің бірінің жүрегі дауламайтын, екінің бірінің білімі мен түйсігі түйісе бермейтін қиын тақырып – тарихи тақырыпты тарқатып алып кетіп, шым-шытырық шырғалаң оқиғалардың ортақ шешімін тауып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сыналап шығатын шеберлігі оның шын талантын танытады. «Жанталас» деп аталатын пьесалар жинағындағы қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары туралы тарихи драмасы қазақ халқын Ресейдің боданынан босатуды көксеп күрескен, сол жолда қилы-қилы аласапыран жанталасты жорықтар мен жойқын соғыстарды басынан өткеріп, қырғыз жерінде басы кеткен батыр бабамыздың образын сомдау мен тарихи шындықтың шырғалаңын қамырдан қыл суырғандай жеткізу қаншалықты күрделі екені, әрине, драматург жазушының өзіне ғана айқын. Міне, сол шығарманың, «Жанталас» пьесалар жинағының биылғы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдауға түсіп отырғаны бекер емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай түрлі әдеби жанрлар бойынша 30 кітап таңдалса, драматургия жанрында Рақымжан Отарбаев, Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Думан Рамазан секілді мүйізі қарағайдай драматург жазушылардың қатарында Сая Қасымбектің де шығармасының қатаң таңдауда қара үзіп шыққаны бекер болмаса керек.
«Бір ел – бір кітаптың» Сая шығармашылығына арналған тұсаукесері өзіміздің Шымкенттен бастау алды. Ал шындығында республикалық акцияның драматургия жанры бойынша алғашқы Әдеби аялдамасының қонағын Қасымбектің қызымен бастап, оның «Жанталасымен» ашуға ықылас танытқан өзге облыс, қалалардың кітапханалары аз болмай тұр. Дегенмен, өнерге тұсауын кескен өз өлкесінен бастау алған әдебиет жорығы бұдан соң қаламыздағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында жалғасып, жыл соңына дейін республиканың түкпір-түкпіріне жол тартқалы отыр.
Пушкин атындағы Түркістан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған кездесуде кеш модераторы Шәрбану Дінәсілова Әдеби аялдама қонағы Сая
Қасымбектің жұртқа беймәлім біраз қыры мен сырын ашуға мейлінше талпынды. Драматург, режиссер қыздың бізге беймәлім сол бір сыры – ақындық қырын да осы кеште танып, таң-тамаша болдық. Өзінің сөзімен айтсақ, «аяқ астынан тапсырыспен туа салған, қапыда қағаз табылмай, салфетка қағазға сүйкес салған» өлеңі Қанат Ботабаев пен Әлімбай Ботағараев жазған ән әуезімен үйлесіп, Оразкүл Дәулетованың орындауында жүректі шымырлатып, жанды тербетіп кетті. Таңдансақ та, біз білмеген бұл құпия қыр Саяның сипатына сиятын қуат екенін мойындадық. Сендік.
Әңгіме басында айтқандай, әдемі даусымен әнді сезіммен селдете айтатын әншілігі және бар. Бірақ оны өзі көп жария ете бермейді.
Таланттылықты адамға берілген қасиет десек, осыншама қасиетті бір бойына сіңірген Қасымбектің қара қызы сол таланттың қанатымен әлі талай қияларға самғарына күмән жоқ. «Талантқа қанат болар сезім емес, сенім болуы керек» деген екен зергер жазушымыз
Ғабит Мүсірепов. Бұл ой – Саяның да кредосы! Өйткені сенім—оның серігі!

P.S.

Бет қатталып жатқанда бізге тағы бір жағымды жаңалық келіп түсті. Қазақстан театр сыншылары қоғамының сараптауымен Қазақстан театрларында 2020 жылы шығармалары көп қойылған 15 драматург анықталыпты. Сол 15-тің ішінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, У.Шекспир, А.Чехов секілді классиктердің, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Ш.Құсайынов секілді белгілі драматургтердің қатарында Сая Қасымбек те бар екен. Бұл – оның тағы бір биігі!

Последнее изменение Среда, 20 Январь 2021 03:19
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.