Версия для печати

Әбдіхан Нұрмаханбетов: «Сахнаны сағындым»

Среда, 13 Январь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5840 раз
Оцените материал
(0 голосов)

IMG 20201229 191202

Соңғы кездері Шымкенттің мәдени көкжиегінде көптеген өзгерістер орын алуда. Соның бірі – өткен жұмада Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры ауысты. Қазақ эстрадасы мен операсында тек жанды дауыста ән шырқайтын өнердің өз адамы, ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов аталған өнер ордасын тұп-тура 10 жыл басқарыпты. Ауыс-түйіс алдында ағамызға кіріп шықтық. Өзі сәл сырқаттанып жүр екен. Иә, кезіндегі – Ш.Қалдаяқов атындағы филармониядағы, содан соң Шымкент қалалық опера және балет театрындағы директорлық қызметі тарлан таланттың сахнада алаңсыз ән айтуына «кедергі» болып жүріпті. Ал шын дарын іште бұғып, өнері булығып жатса – онда өнер иесінің жан дүниесі жүдеу тартатыны түсінікті. Ә.Нұрмаханбетовтің де сырқаты сол сахнаның сырқаты деп ұғынғандайсыз.
Ал оның шекпенінен шығып, эстрада жұлдызына айналған Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартетіндегі шәкірттері жайлы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Әбдіханның сайыпқырандары бүгінде өнерден ойып тұрып орын алған. Ұстазы балапандарын осы күнге қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізген ата қыранша марқайып һәм мақтанып алыстан шолып, көңілмен торып отырады. Бірақ, өткен күндер оңай болды деп кім айтыпты?! Біз кейіпкерімізден оқырманның көкейінде жүрген біраз сырды суыртпақтадық.

5555– Әбдіхан Бескемпірұлы, көптен бері сахнада көрінбей кеттіңіз. Сахна сізді жатырқап жүрмеген шығар?!

– «Неге сахнаға шықпай кеттіңіз?» деген сұрақ маған жиі қойылады. Құдай берген дауыс пен өзімнің адал тыңдарманым бар. Ол, әсілі, өзгермейді. Иә, ән салғым келеді. Шындығын айтсам, шығармашылығым қызметтің көлеңкесінде қалып қоюда. Арасында оқта-текте оркестрмен ән саламын. Менің қызметке кеткеніме он шақты жыл болды ғой. 1995 жылы Алматыдан Шымкентке қоныс аударып, Филармонияға әнші боп орналасқанмын. Одан соң аталған өнер ошағына директор етіп тағайындады. Сосын күні кешеге дейінгі қызмет орным – Опера және балет театрына келдім. Ешкім басшы боп туылмайды. Алматыдағы Консерваторияны әнші, педогог боп бітірдім. Ең әуелі, мен – әншімін. Одан соң – ұстазбын. Мұғалімдік екінің біріне беріле бермейді және ол мамандық қана емес, ол – қасиет. Негізі біздің Шымкентте эстрада әншілерімен жұмыс істейтін мамандар жоқтың-қасы. Жалпы эстрадалық әншілерді дайындайтын оқу орны да жоқ бізде. Халық қазір фонограммадан шаршады. Бұл – өнердегі трагедия. Кім де болса әнді табиғи дауыста естігісі келеді. Концертке шыққан кей әншілерге қарның ашады. Репертуарын дұрыс таңдай алмай жатады. Талғамы талапқа сай келмейді. Алла денсаулық берсе, өртеңге шыққан жауқазындай талантты жастарды жанды дауыста ән шырқауға баулығым келеді. Жалпы, шығармашылығымды жалғастыруды ойлап жүрмін. Себебі, сахнаға шықпасам, ауырамын. Сол үшін сахнаға оралуым қажет. Негізі өткен жыл мен үшін мерейлі жыл болды. Өмірін – әнге балаған ағаларыңыз 2020 жылы 50-ге келсе, өнерде жүргеніме 25 жыл толыпты. Мерейлі қос қуанышты атап өтуге пандемияның кедергі болғаны рас. Індет аяқталған соң студенттік жылдарды бірге өткізген қатарластарым мен өнердегі әріптестерімнің басын қосып халыққа есеп беру концертімді ұсынсам деймін.

– Жастарды баулығым келеді деп қалдыңыз. Бұған дейін де «Жігіттер» тобы мен Асқар Жүнісбековтің танымал болуына сіздің ықпал еткеніңізді ел біледі. Қазіргі күнде шәкірт тәрбиелеу жағы не болып жатыр?

– Мен жүрген жерімде талантты балаларды іздеп жүремін. Мәселен, ауылда тойларда, жиындарда жылт еткен таланты барын байқап қалсам, өзіме шақырамын. Тәрбиелеймін. Алдымен конкурсқа дайындаймын. Шәкірттерімнің бәрі конкурстан қара үзіп шықты. Сіз айтып отырған «Жігіттер» тобы мен Асқар Жүнісбеков те қарапайым ауылды жерден шыққан. Өзім барды бар, жоқты жоқ деп айтамын. Жасыратыны жоқ, ол кезде жігіттердің әлеуметтік жағдайы төмен болатын.
Бердібек Сапарбаев әкім боп тұрған кезде маған бір бөлмелі пәтер берді. 20-30-дай шәкіртіммен бірге сол жерде сыйып жатамыз. Бір қазаннан тамақ ішеміз. Әнші болғанымнан кейін сахналық киімдерге үлкен мән беремін. Қандай ән айтсам соған сәйкес костюм тіктіремін. Ешкімге «Киім тігіп бер!» деп жармасқан емеспін. Бәріне өзімнің адал еңбегіммен қол жеткіздім. Мысалы, 1995 жылғы «Арай» конкурсынан бірінші боп жүлде алған кездегі сахналық киімімді кейіннен Асқар Жүнісбеков киіп шықты. Гран-при жеңіп алды. Өзіме тіккізген костюмдеріме дейін шәкірттеріммен бөлісіп жүрдім. Қысқартатын жерін қысқартып, ұзартатын жерін ұзартып, сәйкестендіріп беретінмін. Біз күндіз-түні ізденуден шаршамадық. Күн сайын кешке қарай қаладағы ғимараты бар көке-жәкелерге өтініш жасап, зал іздейміз. Сөйтіп, түнімен дайындаламыз. Одан жаман болған жоқпын. Мүмкіндік болса әлі де шәкірттермен жұмыс істеймін.
Сол балалардың жұлдызының жанғаны – менің тұтас өміріме азық. Жасындай жарқыраған шәкірттеріме қолымнан келгенше ақылымды айтып, әлі де жол көрсетіп отырамын. Дәл қазір шәкірт тәрбиелеу жағы жұмысқа байланысты тоқтап тұр.

– Асқар балаңыз сахнадан төбе көрсетпей кетті ғой?..

– Ол қазір Алматыда. Асқардың бір қасиеті бар. Арзанқол ән айтпайды. Оның айтқан әні хит болып шығуы керек. Көңілі құлаған әнді шын мәнінде жететін жеріне жеткізіп айтады. «Асеке, мынаны айта сал» дегенге көнбейді. Талғамы мықты. Бірінші шыққаннан жарқ етті де, барлық байқаудан бас жүлдені қанжығасына байлады. Жақсы аты шықты. Қазіргі уақытта талғамына сай дұрыс ән кездеспей жүрген сияқты.

– Сахнаны сағынған кезде бәріне қолыңызды бір сілтеп кетіп қалғыңыз келмей ме?

– Жақында Нұр-Сұлтаннан «Астана-Операның» әншілері келіп, оркестрмен концерт қойды. Ішінде бір әнші «менімен бірге сахнаға шықсаңызшы» деп өтініш айтты. Білесіз, қазір сахналық формада емеспін. Әнші деген үнемі бабында жүруі керек. Сонда да тәуекелге бел буып, әннің бір шумағын айтып шықтым. Сахнаның құдыреті сұмдық қой. Оған дейін ауруханада 20 күн емделіп келген болатынмын. Сахнаға бір шыққанымның өзі қандай демеу болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаныма қуат, рухыма рух қосты. Бүткіл ауруымның бәрі сол жерде қалып қойғандай әсер алдым. Мен сахнадан алыстап кете алмайды екем. Қызмет те, лауазым да уақытша нәрселер екені түсінікті.

– Сізді бұған дейін қызметте не ұстап тұрды? Таза шығармашылықтың адамысыз. Енді сахнаға деген сағыныштан пайда болған сырқатыңыздан жазылатын шығарсыз...

– 2010 жылы осы театрға сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев ағамыз бен мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Күлия Айдарбекованың шақыртуымен келген едім. Алматыда эстрада әншілерімен жұмыс істеп жүргенмін. Әрі қолымда әке-шешем болды. Сөйтіп, Шымқалаға қоныс аудардым. «Операны түсінеді» деп осы орынтаққа отырғызған шығар. Мен басшы болған уақыттарда «жұмыс істей алмады» деген әңгімені естіген жоқпын. Кезінде Филармонияның да тек жақсы аты шықты. Мақтанғаным емес. Өнерді бір кісідей түсінемін. Құлағым қалтқысыз естиді. Әрбір дыбысты сезінемін. Театрға келгенде көрермен жақсы нәрсе көріп кетсе екен деймін. Ол үшін әртістерге әрдайым сөзбен де, іспен де қолдау көрсетемін. Опера әншісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхаммедқызы Шымкент қалалық Опера және балет театрының директоры қызметіне тағайындалды. Әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген аңыз адам ғой. Мен бұл шешімді қуана қабылдадым. Әріптесіме шығармашылық табыс тілеймін. Ал өзім шығармашылығыма мұқият кірісіп, жандандыра түсемін деп отырмын.

– Өзіңізді эстрада әншісі деп таныған былайғы жұрттың көкейінде «Операға қалай келді?» деген сауал да болуы мүмкін. Дейтұрғанмен, оң жамбасыңызға қай жанр жақын?

– Мен екеуін бөліп жара алмаймын. Кезінде консерваторияда 7 жыл оқыдым. Сол кезде факультет жанында «Опера студиясы» болатын. Бірақ, оның жабылып қалғанына біраз уакыт болды. 7 жыл бойына операның қыр-сырын меңгердік. Оңтүстікке келгеннен кейін эстрада жанрында да ән салдық. Көбіне оркестермен жұмыс істеймін. Ол үшін дауыс пен тәжірибе болуы қажет. Екеуіне де мүмкіндігім бар.

– Шынайы әңгімеңіз үшін рахмет!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.