Манежде – Мұстафиндер!

Пятница, 25 Декабрь 2020 04:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5795 раз

E-HbYmQxjXU

Сынған аяқпен алған күміс медаль

2019 жылдың 6 шілдесі. «Шымкент-Цирктегі» отбасылық жұп Сергей, Гузель Мұстафиндер 13 мемлекеттің арасында өткен халықаралық додада күміс жүлдені қанжығаға байлаған күн. Шымкенттік цирк ұжымы сол жолы бар болғаны екі-ақ нөмір алып барған. Соның бірінде манежге Мұстафиндер отбасы шықты. Бірақ, сау шыққан жоқ. Иә-иә, тура мағынасында солай болды. Дайындық кезінде таяқпен жүгіруші жігіт Бағлан Ережепов серіппелі тақтайдан секірем деп тізесі шығып кеткен еді. Сол сәтсіз секіріс кезінде нөмір жетекшісі Сергей де аяғын жарақаттап алады. Жарысқа бір сағат қалғанда Гузель қос әріптесіне ауырсынуды басатын инені қос-қостап шаншып, бір Құдайға жалбарынып сахнаға алып шыққан еді. Нәтижесі – сынған аяқпен алған күміс медаль болды. Осыдан кейін манеж – шым-шытырық пен қым-қуыт арпалыстың алаңы десек, қателеспейтін болармыз.
Иллюзия жанры қазақ циркінде кенжелеп тұрған бағыт. Бірақ, Мұстафиндер отбасы шама-шарқынша иллюзион-шоу жасап жүр. Бұл жанрды өнерлі отбасы Қытайға іссапармен тәжірибе алмасуға барған төрт жыл ішінде үйреніпті. Аспан асты елінде цирк өнерінің атағы аспандап тұр дейді. Ең азы бес мың орынды үлкен залдарда көрермен алдына шығып, жабайы аңдармен ешқандай қорғаныссыз жұмыс істепті. Сондай бір кезекті қойылым кезінде кенгуруды жүгіртемін деп Гузелдің аяғы тайып, топылайының біз өкшесі еденге кіріп кетіп, омақаса құлайды. Соған қарамастан орнынан атып тұрып, нөмірін ары қарай жалаңаяқ жалғастыруына тура келеді.
Иллюзион-шоуда әртіс үлкен бокстардың ішіне тығылып, қайта пайда болуы тиіс. Дайындық кезінде әбден пысықтағанмен, қойылым барысында бәрі ойдағыдай бола бермеуі мүмкін. Кейде бокстың есігі ашылмай қалады, тағы бірде киім не шаш бокс ішіндегі сымдарға оралып қалып жатады.
– Бірде бокс ішіндегі электр сымдарына шашым оралып қалып аяқ астынан тыпырладым да қалдым. Бірақ, сол тығырықты сәттен де амалын тауып шықтым. Себебі, біз үшін көрермен ең басты орында тұрады. Біз отбасылық жұппыз ғой. Кейде ренжісіп қалуымыз мүмкін. Манежге ондай көңіл-күйді алып шықпаймыз. Барлық көңіл-күйді сахна сыртында қалдыруға тырысамыз, - дейді Гузель Зуфаровна манеждегі қызықты да қауіпті сәттерін еске алып.

 

WhatsApp Image 2020-10-14 at 13.43.19

 

Болмаған балалық шақ

Сергей-Гузель Мұстафиндер әулетін отбасылық династия деп танығанымызға көп жылдар өтті. Әсілі, олардың цирк саласында жүргеніне 30 жылдан асып жығылады. Ерлі-зайыптылардың қызы мен ұлы да осынау алуан түрлі асау да ақпатша өнер жолын таңдаған. Қызы – Сабина Чандчжоу циркінде авторлық нөмірлерімен таңқалдырып жүрген мықты иллюзионист әрі әуе шарында ойнайтын гимнаст. 26 жасар Сабина Мұстафинаның тартымды да таңғажайып авторлық нөмірлері жетерлік. Әлемде пандемия орын алып, карантин енгізілгелі онлайнда шекара болмай қалды. Біз де Сабинаның өнерін тікелей эфирде онлайн тамашалап, таңдай қақтық.
Ал 16 жасар Марк Мұстафин бүгінде Мәскеудегі мемлекеттік цирк өнері университетіне (ГУЦИ-ға) грантқа түскен бірден-бір жеткіншек. Тіпті, бұл оқу орнына басқа елдерден әлі ешкім тегін түсе алмапты. Пандемияға орай емтиханның 3 кезеңін де онлайн тапсырыпты. «Бұл біздің циркіміз үшін де үлкен жетістік дер едім. ГУЦИ-ға үш жасынан циркте өскен бала түспегенде кім түсссін?! Біз оны қаршадайынан осы оқуға дайындадық. Түске дейін циркте үлкендермен бірдей жұмыс істесе, түстен кейін сабағына қатысатын. Жазда да демалыссыз оқыды. Бір сөзбен, оның балалығы болмады десек те болады. Бірақ, өзі оған өкінбейді», - дейді Марктың әкесі С.Мұстафин.
Марк бүгінде бақытты бозбала. Циркте кәсіби маман атану үшін де ол осы оқу орнын таңдады. Бала шағынан өзін әр алуан жанрларда байқап келеді. Жонглерлік, моноцикл, акробатика, серіппелі тақтайда секіру, барлығында да салымы бар. Бір жылдары ағайынды Сұраншиевтермен қатар арқанжолмен жүрген. 9 жасында серіппелі тақтайда секірген. Негізі циркте 14 жасқа толмай қауіпті трюктар жасауға тыйым салынған. Марктың көзін ашып көргені цирк пен манеж болған соң, барлық жанрларға ерте араласуы заңдылықтай сезіледі. Титтейінен цирктің түрлі жанрларын ұршықша иірген Марк ән де жазады. Таяуда ғана өзінің жеке әнжинағын шығарды. Көптеген бейнебаяндары бар.

 

W7QeFNoLi I

 

Цирк әртісінің жанды жері

Цирк әртістерінің жалақысының аздығы деген мәселе бұрыннан айтылады. Бірақ, Мұстафиндерді одан да маңызды бір мәселе алаңдатады.
–Цирктегі әртістер айлыққа жұмыс істемейді. Олар өз ісінің фанаты. Кәсіпқой адам қосымша табыс таба алады. «Шымкент-Цирк» ашылғанға дейін кооперативті циркте, түрлі спорт залдарда, мәдениет сарайларында өнер көрсеттік. Бізге осындай Цирк ғимаратын салғанын 20 жыл күттік. Әйтпесе, көптеген шетелдерден шақырту алдық. Дегенмен, біз туған қаламыздан аттап ешқайда кете алмадық. Қазір, Құдайға шүкір, барлық жағдай жасалған. Арнайы ғимарат салып берді. Бірақ, жатақхана мәселесін оңтайлы қарастырмағанына қынжыламыз. Басты проблема – жатақхана. Ауылдарда цирк өнеріне бейімі бар талантты балалар көп. Оларды Шымкентке жинап, өнерін кеңге жаюы үшін цирк жанынан жатақхана болса жақсы болар еді. Бұл мәселені талай әкімге айттық. Олар жиі ауысады да мәселеміз шешілмеген күйі қалуда. Пәтер жалдауға цирк әртістерінің жалақысы аз. Мәселен, Алматы мен Қарағандыдағы цирк әртістеріне арнайы жатақхана қарастырылған. Көптеген талантты жастар Ресейге, Қырғызстанға кетіп жатыр, - дейді Сергей Мустафин.
Расымен, «Шымкент-Цирктің» ашылғанына 17 желтоқсанда 9 жыл толды. Алайда, он жылдың ішінде цирк әртістеріне баспана мәселесінің қаралмағаны қиындау екен. Еліміздің байрағын дүниежүзілік өнер сайыстарында желбіретіп жүрген жампоздар негізінен осы мекемеде істейді. Тіпті, Қытайда жүргенінде этнос өкілдерінің саябағында Мұстафиндерге арнап күн сайын қазақ музыкасын қойып отырған екен. Бұл да бір цирк әртістері арқылы қазақ өнерін, қала берді тұтас ұлтымызды құрметтеу деп білеміз. Мұндай толғағы жеткен көкейтесті мәселені шаһар басшылығы назардан тыс қалдырмайды деп үміт етеміз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.