«Мархабат музасы» оқырманға жол тартты

Среда, 23 Декабрь 2020 04:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2021 раз

999

«Жазушы Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінде өз өрнегімен, әсемдік әлемімен танылған, соқпағы соны, сонары олжалы, ішкі мәдениеті жоғары, Қаратаудың шертпе күйіндей күмбірлеген нәзік рухымен оқырманның жан дүниесін баураған бекзат жазушы.

Ол Биағаңнан тәбәрік алған, Чеховтан шеберлік үйренген, Шукшинге шұқшиып, Кекілбаевтан кеңдікті, Шерағаңнан теңдікті тәлім еткен, Оралханның ой орманымен сырласқан сырбаз да дегдар қаламгер; қойдан қоңыр қазақы мінезді қалыптаушы, алыс түкпірдегі ауыл өмірінің шебер суреткері, бейнетқор еңбек адамының риясыз ақжарқын да адал көңілін ақ қағазға айнытпай ажарлаушы автор. Оның әңгімелерінде ауылдастарының кеңдігі мен кемшілігі, кісілігі мен кісәпірлігі, кейіпкерінің қайшылыққа толы болмыс-бітімі мен мінез-құлқы шынайы сомдалып қана қоймай, оңтүстіктің шұрайлы тілімен қиюласа өрілетіні ғажап». Бұл – түркітанушы ғалым, журналист Дархан Қыдырәлінің «Қаратаудың қазыналы қайнары» атты мақаласынан үзінді.
Ал халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Киікотын көксеу» атты толғауында: «Бұл жазушыда Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар. Қазір жазушымын деп шіренгендердің көбінің тілінде уыз кемшін. Уызға жарымай, Көк базардан көп шалап ішкендер. Бұл жазушыда
Құдай өзі берген көз бар. Көз, әрине, бар. Ол кімде жоқ, адамдардың бәрінде дерлік бар. Шын жазушының көзі – көкірегінде. Ол маңдайға біткен екі көзден басқа-а-а. Жазушы сонысымен суреткер», - деген шынайы бағасын берген екен.
Осындай әдеби мақалалар, рецензиялар, зерттеулер «Мархабат музасы» атты әлі сиясы кеуіп үлгірмеген жаңа кітапта жарық көріп отыр. Мақамы бөлек Махаң хақындағы сәулелі сезімдер, терең толғаулар топтастырылған туынды оқырманына жол тартты. Кітаптың тұсаукесері Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Ерлік» музейінде өтті. Аталған туындыны музей меңгерушісі, педагогика ғылымдарының профессоры, тарихшы Ақмарал Құдайбергенова жинастырып, оқырманға тарту етіп отыр. Барлық кітапханаларға тегін таратылған кітаптың таныстырылымына кітапханашылар, журналистер, қоғам белсенділері қатысты. Арнайы көрме жасақталып, келушілерге таныстырылды. Бірнеше жылдан бері отбасымен бірге
Мархабат әлемін зерттеп, шығармаларын жинақтап жүрген Ақмарал Асанқызы енді бұл жинақ ойлы оқырмандардың сүйікті кітабына айналса екен дейді.

Последнее изменение Среда, 23 Декабрь 2020 09:23
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.