«Ақбілек» жазылған үйдің ізі де жоқ Избранное

Пятница, 30 Октябрь 2020 03:36 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3092 раз

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы Шымкентте жазылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Шығармада қазақ халқының күрделі кезеңдері тарихи шындықпен астасып жатыр. Сол дәуірдегі ауыр шақ романда асқан шеберлікпен түйінделеді. Өкініштісі, көп талданып, тарихи шежіреге өзек болған үй сақталмаған. Тіпті мемуарлық мұражайға айналатын баспананың жұрнағы да қалмаған.

700

 

Қазақ әдебиетінде алғашқы психологиялық шығарма ретінде тіл ұшына алдымен «Ақбілектің» оралатыны сөзсіз. Бас кейіпкерден бастап жанама кейіпкерлердің де ішкі әлемін жарқырата көрсетуде Аймауытов шеберлігіне бас иесің. Шындығында “Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар» деп басталатын роман оқырманды әп-сәтте баурап алады. Әлі күнге шығармашылықтың шыңына шыққан күрделі роман сиясы кеппегендей әсер қалдырады.
Иә, әдебиеттануда нарратор, нарратология деген ұғымдар пайда болмай тұрып Алаш ұранды әдебиет өкілі баяншының басты қасиетін «Ақбілекте» тамаша көрсетті. Бай мен кедей арасындағы тап тартысы, зиялы жастардың топ-топқа бөлінген араздығы, жаңа үкімет орнаған тұстағы қазақ ауылындағы өзгерістер, қала қазақтарының орысшылдығы шығармада қаз-қалпында баяндалады. Айналып келгенде «Ақбілек» арқылы құрдымға түскен қазақтың бейнесін танисың.

701


Бірақ, бізді алаңдатқан мәселе ол емес. Тарихи шығарма жазылған үйдің сақталмағандығында болып отыр. Дерек көздеріне сүйенсек, 1926-1929 жылдар аралығында
Ж. Аймауытов Шымкентте педагогикалық техникумда ұстаздық қызмет атқарады (кейбір деректерде директор болғаны айтылады). Қазақ прозасының классигі жұмысымен қатар, қысқа уақыт ішінде әйгілі романды жазып шығады. «Қартқожадан» үлкендігі екі есе еңбекке Аймауытов бар ынтасын қояды. Шабыты мен бойындағы қабілет-қарымын жұмсайды. Тіпті тамаша еңбегі үшін дос, жолдасты да ұмытуға тура келеді. Романның жазылуы жайында МәшҺүр Жүсiп Көпеев пен Жүсіпбек Аймауытовтың өзара жазысқан хаттарынан да аңғаруға болады.
«Таңертең сағат сегiзде тұрамын да, шай iшiп, қызметке – бала оқытуға кетемiн. Күнiне алты сағат бала оқытамын. Сағат үште үйге келемiн, тамақ iшемiн. Одан кейiн ұйықтаймын. Сағат алты-жетiлерде оянамын. Сөйтем де, жазуға отырамын. Сол отырғаннан түнгi сағат екi-үшке дейiн отырып қаламын. Әбден талғанда барып ұйықтаймын. Мiне, екi жарым айдай көрген өмiрiм – осы». Бұдан кейiн автор сөз еткен романының соңғы нүктесiн қойып, «баспаға жiберiп отырмын» дейдi. Автордың өзі айтқандай, көлемді көркем ұзақ әңгіме қысқа мерзімде аяқталады. Бұл келтірілген үзіндіден арнайы дәлел, дәйектеменің қажет емес екені белгілі. Себебі, филология ғылымының кандидаты Ә. Оспанұлының «Ақбілек» Шымкентте жазылған» атты мақаласындағы: «...ең әуелі жазыла бастауы да, аяқталуы да біздің облыс орталығында (Шымкентте) жүзеге асқан» деген жолдар нақтылай түседі.
Сонымен, оқытушылық қызмет атқарған жазушы Шымкенттегі бұрынғы Пушкин көшесіндегі (қазіргі С. Тұрысов көшесі) №9 үйде тұрады. 1900 жылы қам кесектен салынған үй ол кезде ағарту училищесі болған көрінеді. Алайда жазушы қолжазбаларының кітап болып басылғанын көре алмады. 1930 жылы Ж. Аймауытов жасырын «Алаш Орда» ұйымына қатысушы ретінде қамауға алынады. Кейін ату жазасына кесіледі.
Тарихи үй неге сақталмады?
Қазақ әдебиетіндегі роман негізін салушы Жүсіпбекті білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда Кеңес дәуірінде классик жазушының отбасы, өскен ортасы, өмір жолы сырт қалып келді. Қаламгерді іздеп, шығармаларын насихаттаған адам болған жоқ. Алаш арыстары ақталып, егемендікпен тұспа-тұс келген уақытта 1991 жылы 1 қарашада қаламыздағы №64 қазақ орта мектебіне жазушының аты-жөні беріледі. Білім ордасының ашылуына қызы Муза Аймауытова келіп қатысады. Мектептің бұрынғы директоры, марқұм зейнеткер-ұстаз Зәуре Садықбекова Муза Жүсіпбекқызының өз үйіне тоқтағанын айтады.
– Кездесуден кейін Музаны жазушы тұрған үйге алып келдік. Әр адам үшін туған үйдің орны ерекше ғой. Көз алдына әке бейнесі келді ме, әлде балалық шағы түсті ме, ол өксіп жылады. Біз оны жұбата алмадық. Тарихи шығарма жазылған үйде қаншама сырдың жатқаны өзіне ғана аян еді...», – деген екен Зәуре апай.
Қазақ әдебиетінде ерекше орны бар үй бертінге дейін сақталады. Бірақ еліміз егемендік алған тұста баспананың маңыздылығына ешкім мән бермейді. Билік тарапынан да, қоғам тарапынан да назардан тыс қалады. 1996 жылы қаламызға Жүсіпбектің ұлы марқұм Бектұр ақсақал келеді. Сексен жастағы қария ол кезде Ресейдің Кемеров облысындағы Праков қаласында тұрады екен. Қалаға келген сәтінде ол көпқабатты үйлердің арасында өзі тұрған ескі үйге келіп, аялдайды. Ұзақ қарап, ауыр күрсінеді. Кенет қария үй қабырғасына басын қойып, егіледі. Сол үйде тұрғанын, әкесі екеуі Қошқаратаның суына барып шомылатынын айтып, еске алады. Бектұр Аймауытовтың айтуына қарағанда қуғын-сүргін зардабынан жүрегі шайлыққан ол бертінге дейін өзгеге де, өз балаларына да ұлтымыз «татар» деп, шынайы ата-тегін жасырып келіпті. Бектұр қария 2006 жылы елге оралады. Алматыдағы «Ардагерлер» үйінде тұрып, 92-ге келгенде қайтыс болды.
Өкінішке қарай, жазушының үйі көпқабатты үйлердің тасасында ескерусіз қалады. Кейін қарашаңырақтың орнына дәмхана мен тұрғын үй салынады. Қазір С. Тұрысов атымен аталатын көшеде «Ақбілек» романы жазылған үйдің жұрнағы да жоқ. Белгілі ғалым, қаламгер Құлбек Ергөбек «Жүсіпбек тұрған «Ақбілек» туған үй еді» деген мақаласында кеңінен ой толғайды.
– Бәлкім бұл үйдің қалай салынғанын, Ж. Аймауытовтың тұсында, кейін оған кімдердің келіп-кететінін анықтау қиын шығар. Алайда, үйді тарихиландыру қажет. Тіпті ол құлап, жер бетінен жойылып кетсе де, орны жойылмауы тиіс. Бұл ғимаратта 1926-1929 жылдар арасында отбасымен Жүсіпбек Аймауытовтың тұрғаны тарихи шындық, – дейді Қ. Ергөбек.
Қазақ прозасының классигі тұрған үйді сол қалпында сақтау мүмкін болмағандығы өкінішті-ақ. Тарихи шындық тек қағаз күйінде қалғаны жанды жабырқатады. Бүгінде мемуарлық мұражайға сұранып тұрған баспана жермен жексен болып жатыр. Әйгілі роман жазылған үйдің қазір ізі де қалмаған. Осындайда ақын-жазушысын құрметтеп, айрықша ардақ тұтатын орыс халқынан үлгі алсақ артық болмас еді деген ойға келесің. Мәселен, орыс ақыны Марина Цветаеваның үйі мұражайға айналған. Қазір ақын тұрған баспана Мәскеудегі әсем ғимараттың бірі саналады.
Ал үшінші мегаполисте қазақтың қабырғалы жазушы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың тұрғанын, осы шаһардағы ол тұрған қазіргі С. Тұрысов көшесіндегі №9 үйде әйгілі «Ақбілек романы жазылғанын мақтаныш етсек те, соған дәлел болар тарихи орынды сақтай алмағанымыз қандай өкінішті?! Өте өкінішті!

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.