«Иықтан шашы төгіліп жерге, Күмісті шашбау жарасып белге» Избранное

Пятница, 23 Октябрь 2020 04:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4650 раз

Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Қазақ халқы мұндай әйел шашының әр-ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған, ызылған бауы бар шашбауды ежелден қолданып келеді.

800

 

Жасалу, әшекейлеу әдістеріне қарап оларды үзбелі шашбау, шашақты шашбау, сөлкебай шашбау, шаштеңге, үкі аяқты шашбау, шаштүлек (лентадан жасалынған), шашбаутас (жалпақ күміске асыл тастар орнатылған) деп топтастыруға болады. Міне, осындай керемет шашбаулардың бірнеше түрі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залының төрінен орын алып, халық назарына ұсынылып отыр.
Ұлттық әшекейдің бұл түрі көбіне күмістен қақталып соғылады, ұшына теңгеден (сөлкебай) шұбыртпа тағылып немесе түсті масатыдан, жібектен ызылып шашақталынады. Матадан жасалған шашбаудың екі ұшына зер шашақ тағып, оның жоғарғы жағынан бунақтап құндыз тұтады. Шашбауды бұрымға қоса өріп, шаштың ұшына таяу жерден оны бір шалып байлайды да, бұрымның ұшын бекітіп тастайды. Жасы келген әйелдің шашбауы қарапайымдау болады. Шашбау біріншіден, әйел шашының өсуіне ықпалын тигізеді, екіншіден, басқа массаж жасайды.

801


Ерте заманда шашбау тағу шаш арасындағы жын-шайтандарды қашырады деген түсініктен туындаған. Сонымен қатар, шашбау қыз баласын тәрбиелеп, қыздың болмысы туралы мағлұмат берген. Мысалы, шашбаудың 3 келіге жететін түрлері де тұрмыс-тіршілікте қолданылған. Қыздың қос бұрымына қосып өрілген 3 келі шашбау қос бұрымды артқа тартқанда, қыз бойын тік ұстап, омыртқасы майыспай, тұла бойы көркем болып жетілуіне әсер еткен. Қыздың шашбауы көпшілік жиналған жерде немесе ақсақалдар отырған жерде қатты сыңғырлап, көпшіліктің әсіресе ақсақалдардың назарын өзіне аударатын болса, «бұл әдіпсіздік танытқан кімнің қызы, мінезі жеңіл екен, тәрбиесі аз екен» деп наразылық білдірген. Сол үшін шашбау таққан қыздарымыз көпшілік орындарда, әсіресе жасы үлкен кісілердің жанында жүргенде шашбауларын сыңғырлатпай, өте биязы, сыпайы жүруге тырысқан. Яғни, шашбау қыздың жүріс-тұрысының әсем болуына үлесін қосқан. Бойжеткен қызға көзі түскен жігіт немесе жігіттің жеңгесі қыздың болмысын, үй шаруасына икемділігін байқау үшін қызға арнап тігілген киіз үйдің маңайына келіп тың тыңдаған. Егер киіз үйдің ішінен шашбаудың сыңғыры жарқын-жарқын естілсе, демек, қыз шаруаға өте бейім, яғни үйдің ішіндегі жұмыстарды ылдым-жылдым атқарып жүр деп топшылаған. Ал кешке дейін шашбаудың сыңғыры естілмесе, қыз шаруаға өте икемсіз, баяу қимылдайды деген қорытынды шығаратын болған. Яғни, қазақ қызының тәрбиесінде бір ғана шашбаудың рөлі орасан болғанын аңғарамыз.

ШАШБАУДЫҢ  ОМЫРТҚАҒА ЕМ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

802

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әсел Мұсаева шашбауды омыртқаның қисаюының алдын алуда қолдану құрылымын зерттеп, бұл табысты жұмысы үшін авторлық құқық алды. Ғылыми жоба жетекшісі – Жанна Дүйсенбиева.
Жоба авторы зерттеу жұмыстарына қазақ сұлуларының әдемі мүсініне ықпал еткен, мезгілсіз әжімдердің пайда болуына жол бермейтін және қан айналымын жақсартқан «шашбау» мен «шолпы» сияқты ұлттық әшекейлерімізді негізге алған.
Шашбауды пайдаланғанда қауіпсіздік, қолжетімділік және қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында автор артық бөлшектерді алып тастап, өнімді жиырма бірінші ғасырға сай етіп жаңартты. Нәтижесінде, бұл шашбау омыртқаның мойын-жақ бөлігіндегі бұзылулардың алдын алуға көмектеседі. Онымен қоса, вегето-тамыр ауруларының санын азайтуға септігін тигізеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.