«Мәртебелі поэзия мінбері»

Среда, 22 Январь 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3983 раз

ТМД елдерінің мәдени астанасы Шымкентте мәдениет пен руханиятқа айрықша көңіл бөлінуде. Былтыр ақын-жазушылардың өлеңдері қала көшелеріне ілініп, талантты жас ақындардың антологиясы жарық көрген еді. Биылғы жыл тағы да ақжолтай жаңалықпен басталды.

DSC 0718

Өткен аптада қаламызда «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби алаң ашылды. Поэзия мінберінің ашылу салтанатына қаламгерлер қауымы арнайы келді.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақалалары аясында атқарылатын жұмыстардың бір парасы Шымкентте осындай жаңалықпен жалғасын табуда. Поэзия мінберіне Қазақстан ақындары шақырылатын болады. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай, әр жұмадағы кездесуді Абайдың өлеңдерімен бастау үрдіске айналмақ.

Жиынға арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет қазақ қаламгерлері атынан поэзия алаңының ашылуымен құттықтады.
– Поэзия бұрышы емес, поэзия төрі деген жөн. Қайырымды қаланың ақын-жазушыларына төрін ұсынған шырайлы шаһардың мәртебесі өсе берсін. Шымкенттің көшелерінде Ұлы Абайдан бастап, қазақ ақындарының суреті мен өлеңдерін жарқыратып қойғандарыңыз поэзияға көрсетілген құрмет деп білемін,-деді ақын.

Енді еліміздің ақын-жазушылары әр жұма сайын поэзия мінберінде парасатты жырларын оқиды. Аптасына өтетін рухани жиында Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері де қамтылады.
Мұнан соң, рухани шара поэзия апталығымен жалғасын тапты. Жыр кешінің алғашқы қонағы көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет болды.

Көптен бері өлеңге шөліркеген қайырымды қаланың тұрғындары мен зиялы қауым Отырар кітапханасына қарай асықты. Оқырманмен ой бөліскен жыр кешін ақын Нармахан Бегалыұлы жүргізді.

Қара өлеңнің қара нары атанған ақын Ұлықбек Есдәулеттің қазақ поэзиясында орны ерекше. Отты жырларында халық мұңы, ел тағдыры жатыр. Жыр кешінде қаламгердің «Қарағай» кітабының тұсауы кесілді. Бұдан кейін Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Мархаббат Байғұт сөз алып, ақынға ізгі тілегін білдірді.

DSC 0552-1

– Елі ақынын құрметтесе, одан артық бақыт бар ма!? Айрықша жобаның ақындарға шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Сіз осы құрметке лайықтысыз. Әдебиетті өмірден алып тастасаң, сыңғырлаған ақша мен сықырлаған қару ғана қалады дейді. Президенттен бастап ел тізгінін ұстаған азаматтар әдебиетті, поэзияны елге етене енгізуде,- деді жазушы.

Шығармашылық кеште ақын Ханбибі Есенқарақызы ақынға ақжарма тілегін ақтарса, филология ғылымдарының кандидаты Анар Жаппарқұлова арнау өлеңін оқыды. Ал Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының 2 «д» сынып оқушысы Ернар Анарбек, 3 «б» сынып оқушысы Нұрымжан Өтеген, 4 «е» сыныбының оқушысы Айсана Әділхан Абайдың өлеңдерін жатқа айтса, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері ақын Ұ. Есдәулеттің өлеңдерін нақышына келтіріп оқып берді. Өз кезегінде ақын ағамыз оларға өзінің жыр кітабын сыйлады.

DSC 0548

Мәні мен мазмұны терең кеште ақынның сөзіне жазылған «Көздеріңе ғашықпын», «Заман-ай» әндері де шырқалды.
Кеш соңында қаламгер жылы кездесу ұйымдастырып, әдебиет пен мәдениетке қолдау көрсеткен қала басшылығы мен кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

фото
Береке СЕЙІТЖАППАР

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.