Шымкент – ежелден мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен бірліктің ордасы. Қонақжай қала. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен үшінші мегаполис атанды. Сол өзгеріс қаладағы көп саламен қоса мәдениет саласында да дүр сілкініс ала келді. 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғалы отыр. Осы орайда мегаполистегі мәдени іс-шараларға тоқталып өтсек.
Әлемдік музыка мерекесі – Шымкентте
Биыл жерлестеріміз Қала күнін ерекше деңгейде атап өтеді. Елбасының Шымкентке республикалық статус беру жөніндегі Жарлыққа қол қойған 19 маусым күні қала тарихындағы ерекше датаның бірі болып қала бермек. Мереке қарсаңында мегаполиске әлемдік деңгейдегі музыканттар келіп, өнер көрсетті.
Бұл сапар 21 маусым – бүкіләлемдік музыка күнімен де тұспа-тұс келіп, француздың шебер пианистері Максим Зекини және Давид Бисмут «4 қол ойыны» концертін тарту етті. Халықаралық фестиваль – Fete De La Musique мерекесін Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесе ұйымдастырған.
Бұл күні Түркістан сарайына көрермен лық толды. Сәлден соң пианино пернесінің фәни сазы сарай ішін әуелей жөнелді. Әдетте фортепианоның әуезді әні құлақтан кіріп бойды алатын. Ал Максим Зекини мен Давид Бисмут бір мезетте, қатар отырып ойнағанда зал сілтідей тынды. Хас шеберлердің сүйріктей саусақтары клавирлерді нәзік қана басқанда, кеңістік тынысын дөп басқандай әсер алдық.
Айта кету керек, фортепиано – екі адам бір уақытта қосарланып ойнайтын бірден-бір аспап. Ал шымкенттіктерді өнерімен қуантқан екі музыкант Париж жоғарғы ұлттық консерваториясының түлектері әрі өз заманының ең дарынды 10 француз пианистерінің қатарына кіреді.
Максим Зекини Қазақстан, Ресей және Түрікменстанда бірнеше рет өнер көрсеткен. Италиядағы Имола қаласындағы «Incontri col Maestro» беделді академиясының дипломын алған бірінші француз пианисті. Максим композиторлық қырынан де танылып, көптеген туындының авторы атанған.
Давид Бисмут айқын әрі терең орындаушылық шеберлігімен сыншылар тарапынан жоғары баға алған. Көптеген халықаралық фестивальдердің қатысушысы. Сонымен бірге жыл сайын Ресейдегі «Educational Centers for Musicians » орталығында жиі шеберлік сабақтарын өткізеді.
Француз пианистері «Шахерезададан үзінді» шығыс ертегісіндегі Николай Римский-Кwорсаковтың музыкасына жазылған көркем туындыны ойнады. Концерттік бағдарламада Камиль Сен-Санстың «Аллегро Аппассионато», Клод Дебюссидің «Лунный свет», Шарля-Валентин Альканның «Молитва» шығармалары мен т.б. болды.
Браво, «Астана Балет»!
Шымкентке «Астана Балет» театры да гастрольмен келіп, қала тұрғындарына естен кетпес ерекше рухани кеш сыйлады. Көрермен назарына балет өнерінің жауһарлары – «Love Fear Loss, «A fuego lento» бір актілі балеттер мен «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Театр репертуарының байлығын әйгілеп тұратын «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы – балетмейстерлер Айгүл Тати мен Мукарам Авахридің туындысы.
– Мұнда түрлі мәнердегі би өрнектері көрініс тапқан: неоклассика мен заманауи және ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен өрілген билер көрерменді ерекше күйге бөлейді.
Қазіргі заманға сай пластиканың көмегімен балетті қазақ фольклорының негізінде қойған шығармашылық топтың ерен еңбегін айта кету керек. Дивертисменттің әр нөмірі Ұлы Даламыздың төсінде орын алған ғаламат уақиғаларды баян етер дербес спектакль, - дейді балетмейстер Айгүл Тати.
Концерттік бағдарлама бейнелі-көркем әсерлермен сүйемелденіп, қайталанбас хореографиялық суретімен және жарқын костюмдерімен көрермен жадында көп уақытқа дейін хатталып қалары анық. Костюм демекші, бұл театрдың костюм суретшілеріне ерекше ілтипатымызды білдіргіміз келеді. Неткен талғам, түстердің неткен үйлесімділігі! Қазірше айтсақ, no comment!
Балет, ал балетке музыка қажет. Бишінің мың бұралған денесі музыка арқылы көркемдік құралға айналады. Бүкіл музыкалық партитура балетмейстермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асқан. Өнерпаздар Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ренат Салаватов, Еділ Құсайынов, «Тұран» этно-фольклорлы тобының, «Hassaq» фольклорлы-этнографиялық тобының, Нұрғиса Тілендиев, Хамит Шаңғалиевтің өңдеуіндегі қазақ халық музыкасын керемет шеберлікпен таңдап алып, саф алтындай өнер туындысын ұсынды.
Көрермен қауым, сонымен қатар, театр репертуарындағы неоклассикалық шығармаларды да тамашалады. Бразилиядан шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің бір актілі «Love Fear Loss» («Махаббат. Айырылу. Үрей») балеті француз әншісі Эдит Пиафтың ғажайып өмірінен нәр алып, оның музыкасы мен әндеріне негізделген.
Балеттегі әрбір дуэт махаббат, айырылып қалу қаупі мен үрейге толы сезімдерді айшықтайды. «A fuego lento» («Баяу жалын») – классикалық қимылдарды негізге ала отырып, бразилиялық самбо мен танго элементтерінен өрілген балет. Бишілер шеберлік шыңын танытып, көрермен көңілін шалқытты.
Осы екі қойылым да зор қошеметпен қабылданып, балетмейстердің қайталанбас пластикалық тілінің әсемдігі ерекше көзге ұрып тұрды.
Сахна сәні, 3D авансцена классикалық қойылымдарға көрік қосты.
Мінсіз мүсін, пластика, эстетика, элеганттылық және жеңілдік... «Астана Балет» солистерінің бойында осының барлығы да бар. Хореографиялық композициялар бірінен бірі өтеді. Көрген сайын тәнті бола түсесің. «Балет» атты тылсым өнер өне бойыңды жаулап, билеп алып, «сол сәт тоқтамаса екен» дейсің.
Бірақ, уақытты ешкім тоқтата алмайды. Көрерменнің есін ала елітіп, сахна атты құдыретке телміртіп қойды да, әдемі әсерлі нотада шорт үзілді. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдық. Міне, өнер! Міне, құдірет!
Репертуарының сан алуандығы, орындаушылық шеберлігі мен сахнаны безендіру сапасының мінсіздігімен «Астана Балет» театрын Қазақстан ғана емес, шетелдік өнерсүйер қауым да ерекше ілтипатпен, зор ықыласпен қабылдайды.
«Сыншылар хореографиялық миниатюралардың тың интерпретациясы жаңашылдығымен қатар дәстүрге берік, эмоционалды бояуы қанық екенін атап, стилінің мүлтіксіз сақталғанына тәнті», - дейді «Астана Балет» театрының Бас балетмейстері Мукарам Авахри.
...Қазақстанмен қатар Ресей, Қытай, АҚШ, Әзірбайжан, Франция, Италия, Белоруссия, Бельгия, Жапония мен Польша сынды елдердің айтулы сахналарында бағдарламаларын паш етіп, көрермен көзайымына айналған «Астана Балет» театрын шымкенттік көрермен тағы да күтері анық.