Үлгiлi отбасы – мемлекет тiрегi Избранное

Среда, 08 Июнь 2016 04:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5950 раз

«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар есімі белгілі болды. Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған ұлттық байқауға аудан, қалалардан іріктеліп, топ жарған 30 үміткер отбасы бақ сынасты. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, жүлделі орындарға ие болған отбасыларға сый-сияпат тапсырып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

mereili otbasy 2

– Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан бұл байқаудың маңызы өте зор. Бұл байқауға біздің облыс тұрғандарының да қосқан сүбелі үлесі бар. 2014 жылы түркістандық Баймахановтар отбасы, ал былтыр Қуатбековтер отбасы жеңімпаз атанып, Елбасының қолынан марапат алған болатын. Ұрпақ өрбітіп, оларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ізгі қасиеттерді бойына сіңіру әрбір отбасының басты міндеті. Барша отбасына амандық, бақ-береке, ырыс-құт тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

mereili otbasy 1

Сонымен байқау нәтижесінде кентаулық Ошақбаевтар отбасы бірінші орынға лайық деп танылды. Отбасы мүшелерінің төрт адамына демалыс шипажайына жолдама берілді. Сондай-ақ, енді олар республикалық сында облыс намысын қорғайды.

– Сексеннің сеңгіріне таяп қалсам да байқаулардан шет қалған емеспін. Ең бастысы отбасымыздағы жылылық пен береке осындай мәртебеге жеткізді. Енді күзде өтетін республикалық байқауда жеңімпаз атанып, Елбасының қолын алып келсек деген үмітіміз бар. 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 25 немере, 22 шөбере сүйіп отырмыз. Барлық отбасыға осындай қуаныш бұйырсын, – дейді «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаз жанұясының отағасы Қаратай Ошақбаев.

Ал екінші орын Сарыағаш ауданының үлгілі отбасы Кулгиновтарға, үшінші орын түлкібастық Ешенқұловтар отбасына бұйырды. Бұл екі отбасыға Алғыс хат пен үй теледидары, қалған отбасыларға музыкалық орталық тапсырылды.