Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақтың «Темір генерал» кітабы Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқан Кеңестер Одағының Батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов жайында жазылған. Ал, заңгер, ғалым, қаламгер, Тәшенев университетінің проректоры Ғалымжан Битұрсынның кітабы ізгілікке, өмірге деген құштарлыққа бағытталған.
Оқырмандар мен кітап жанашырларының басы қосылған жиын рухани, мәдени кешпен ұласты. Әуелі жыр жинақтары таныстырылып, көпшілікке үлестірілген соң, Ә.Ысқақтың сөзіне жазылған әндер жанды дауыста шырқалды. Кітапхананың тұрақты оқырманы Жайна Мұратқызы әрбір кештің куәсі болатынын, әрі оның жоғары деңгейде өтетін айтып ыстық ықыласын білдірді.
– Кітапхана екінші үйім тәрізді. Жиі келемін. Кітапхана қоры жаңа кітаптармен толысып жатқанына қуаныштымын. Жай отырмай қос кітаптың мазмұнымен таныстым. Адам өмір бойы ізгілікке, қуанышқа ұмтылады. Өмір жеңісіне жетсем дейді. Кітап өмір құндылығына жетелейтін ізгі кездесулер, шығармашылық жұмыстар, адамдар арасындағы сыйластық, тілеулестік көңілге арналады. Екі кітап та қалың көпшілікке арналған,-дейді Жайна Мұратқызы.
Әкім Ысқақтың бұған дейінгі «Тұңғыш генерал» кітабы жаңа материалдарымен толықтырылып, екінші кітап «Темір генерал» деген атпен жарияланған. Қазақ пен өзбекке тел өскен батыр туралы ұзақ жылдар бойғы зерттеулерімен қоса жаңа ізденістерін оқырмандарымен шынайы ой бөліседі. Батырлығына, қайтпастығына байланысты «Темір генерал» деген атты Сталиннің өзі қойған. Кітаптың «Жатқа кеткен жампоздар» атты бөлімінде Сабырдан бөлек өзге ұлтқа телініп кеткен Кеңес Одағының батыры атанған қандастарымыз туралы да жазылған.
Г.Темірханқызы