Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланысты. Әртүрлі сәндік бұйымдар, асыл тастардан жасалған қымбат заттар шеберлер қалдырған халық мұрасы. Әйел адамның әшекейлерінің ішінде ертеден келе жатқан және күні бүгінге дейін кең қолданылатын әсемдік өнердің бірі-білезік. «Білезік» сөзінің шығу төркіні-білек пен жүзік сөз тіркесінен құралған немесе оны білекке салынған жүзік деуге де болады. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер де салған. Білезік көбіне күмістен, кейде таза алтыннан да жасалған. Қазақ ұғымында білезік тағу тек әйелдерге ғана тән нәрсе. Бұрынырақта оны бақуат адамдар тапсырыс беріп жасатқан болса, бүгіндері ол басқаша сипат алады. Зергерлер оларды металдан, оның ішінде темірден, мыстан, күмістен, алтыннан жасаған. Білезіктер «Бес білезік», «Тасты білезік», «Топсалы білезік», «Жұмыр білезік», «Жалпақ білезік», «Көзді білезік», «Құйма білезік», «Қос білезік», «Қолқа білезік» деген түрлерге бөлінеді. Оның үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі әркімнің қалауынша әртүрлі бола береді және аталу түрлеріне қарай білезік бетіне жүргізілетін ою- өрнектер де сан алуан болып келеді. Түйе табан ою, өсімдік тектес ою, әр қилы геометриялық фигуралар, үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, ромб, қошқар мүйіз ою, сыңар өкше, жүрекше, ирек шимай, құс қанаты ою-өрнектері білезік көркін аша түседі. Ерекше білезіктің бір түрі - бес білезік.
Бес білезікке екі жерінен ілгіш топса салынған. Ол тойнақпен бекітіліп, оған жалғанған үзбеге шынжырлармен үш сақина байланған. Білезіктің бетіне тамшы тәріздес бедер түскен, айналасына геометриялық үшбұрыш пішіндегі нүктелер жиынтығынан құралған бедерлер түскен. Білезіктің ені жалпақ келген. Бесбілезіктің тойнағы шаңырақ тәріздес жасалған. Тойнақтың бетіне гүл тәріздес өрнек түскен. Айналасына үшбұрышты пішіндегі нүктелі бедерлер түскен. Ал, сақиналарының екеуі жалпақ дөңгелек, біреуі отау түрінде томпақ етіп жасалынған. Жалпақ дөңгелек сақиналардың қақ ортасындағы дөңес дөңгелектің айналасы майда жапырақшалармен қоршалған, яғни бетіне түскен бедерлер күнбағыстың гүліне ұқсайды. Ал, отау тәрізді сақинаның үстінен қарағанда гүл шоғырына ұқсайды. Яғни ортасындағы дөңес дөңгелектің айналасын майда дөңгелек бедерлер қоршап тұр. Оның айналасын қоршай таяқша тәрізді майда бедер түскен. Білезігінің екі жеріне топса салынған, үзбесі алып-салуға ыңғайлы болатындай етіп жасалған.
Қазақ халқының зергерлік әшекей бұйымдары ата-бабаларымыздың ұлттық қолөнер мәдениетін паш ететін асыл мұрасы, биік шыңы, ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің айнасы.
Г.Расулова,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Қорларды ғылыми-зерттеушілік қамтамассыз ету бөлімінің қор сақтаушысы