90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ТЕАТР Избранное

Среда, 17 Июль 2024 05:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2503 раз

кезекті маусымын жемісті аяқтады

Әдетте, асыға күтетін туған күнімізді атап өткенде жыл бойғы қол жеткізген жетістіктерімізге міндетті түрде тоқталамыз. Қуанамыз. Сәтсіз жеріне қынжыламыз. Театр да әр маусымын біз секілді атап өтіп, бары мен нарына тоқталып, таразылайды. Айырмасы, театр – көрермен алдында саралайды. Сұрыптайды. Қандай жетістікке жеткеніне есеп береді. Келеңсіз жерін жөндейді. Сыннан – нәтижеге ұмтылады.

teatr

 

Осы орайда "2023-2024 жыл аралығында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қандай жетістіктерге қол жеткізді? Нендей жаңалық болды? Қандай өзгеріс орын алды?" деген орынды сұрақ туындауы әбден мүмкін. 2024 жылдың басында Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов театрға көркемдік жетекші болып бекітілді. Содан бірден жаңа қойылымдар сахналана бастады. С.Цаневтің "Жанна д Арктің екінші ажалы" трагедиясы қоғамдағы әділетсіздікке қарсы тұрған француздың үрдей жас қызы Жанна д Арктің ажал алдындағы соңғы түні, тағдырмен арпалысы, мұңдасуы, іштегі зарын ашына ақтаруы бүгінгі қоғамдағы алуан қақтығыстармен үндесе берілген (ауд.драматург Ө.Ахметов, реж.Қ.Қасымов). Қойылымның макетін театрдың бас суретшісі Қ.Жұмақұлов тараздық суретші В.Сизенцевтің идеясымен жасап шығып, костюмдерінің эскизін Г.Сүлейманова жасап көрерменге ұсынды.
Ал, Мұқағали Мақатаевтың әйел тағдыры жайлы «Дариға жүрек» атты екі бөлімді поэтикалық сазды толғаудың (инсценировкасын жазған Қуандық Қасымов) кәстөм эскиздері мен сахналық шешімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Срайлов жасады. Сондай-ақ, шығармашылық ұжым адам тағдыры мен табиғат арасындағы арпалысты талқыға салатын Ә.Тауасаровтың "Махаббат аралы" драмасын (реж.Қ.Қасымов, сценографы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Срайлов) да сахналап үлгерді.
Театр артистерінің қайралып, шыңдалатын тұсы – театр фестивальдер алаңы. Екі жылда бір өтіп тұратын республикалық театр фестивалі аясында өтетін Р.Отарбаевтың руханият қорының кезекті додасында Р.Отарбаевтың халқының азаттығы үшін бас көтерген қазақтың әйгілі ақыны Махамбеттің бас сүйегінің тағдыры жайында ой толғайтын «Бас» драмамасымен (реж.Қ.Қасымов, сценографы Қ.Жұмақұлов) қатысып, Р.Отарбаетың руханият қорының арнайы сыйлығымен марапатталып қайтты.
Сонымен қатар Көкшетау қаласында өткен ІІ халықаралық "Сәлем" комедия театр фестиваліне өзбек драматургі Қувшақовтың бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – күнделікті тіршіліктің ағымында жүріп, ата-анасымен жиі кездесуге мұршасы жоқ перзенттер жайындағы «Өлдік те, құрметті болдық» танымдық комедиясымен (реж. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, сценографы ҚР Мәдениет қайраткері Қ.Жұмағұлов) қатысып, «Үздік әйел бейнесі» марапатын театр актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржамал Қаламбаева иеленді.
Республика көлемімен шектелмей, шетел асып Албания мемлекетінің Корча қаласында өткен моноспектакльдерге арналған «ALBOMONA» халықаралаық театр фестиваліне Ж.Ануйдің махаббат жолында әкесін, бауырын, отанын сатқан Медеяның күні кеше күйеуі болған Ясонның опасыздығына күңірене отырып, жантүршігерлік қылығын ақтағысы кеп жанталасқан «Медея» драмасымен (ауд.Ө.Ахмет, реж.Қ.Қасымов, сценографы Қ.Жұмағұлов)қатысып, «Ең үздік режиссерлық жұмыс» номинациясымен марапатталғаны шығармашылық ұжым үшін елеулі жетістік болды.
Қозғалыссыз тұрса су да сасып кететіні секілді, театр – жанды ағза болғандықтан, гастрольдік сапарларға шығу арқылы артистердің құлашын жая шабыттануына мейлінше мүмкіндік туады. Үстіміздегі жылы көрші жатқан Тараз қаласында үш күндік гастрольдік сапарда болып, тараздық көрерменнің қошеметіне бөленіп қайтты.
Әлбетте, шығармашылық ұжым мүшелері де құрмет пен сый-сияпаттан тыс қалмады. ҚР еңбек сіңірген артисі Құпия Рахымбердиева апаймыздың 75 жылдық мерейкүні театр сахнасында атап өтіліп, сахна төрінде "Құрмет" орденін қала әкімінің орынбасары С.Құранбек салтанатты түрде тапсырды. ҚР Мәдениет қайраткері, артист Еркінбек Шымырқұлов – "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атанса, артист А.Маханова "ҚР Мәдениет саласының үздігі" атанды.
Кезекті маусымжабар П.Мерименің қызуқанды испан еліндегі дон Хосе Наварро мен сыған қызы Карменнің арасындағы бірде өршіп, бірде лапылдаған сезім өртімен шарпыған махаббат ғадауаты жайлы "Кармен" (аударып, инсцен.жасаған ҚР халық артисі Т.Мейрамов, реж. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев, сценографы Ж.Дүйсебеков) драмасымен өз межесіне жетті.
Театр ұжымы кезекті демалысына кеткенімен, алдағы маусымда сүбелі қойылымдарды көрерменге тарту жолында арпалысқа толы қызу күндер күтіп тұр.

Сая ҚАСЫМБЕК,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Ұлттық өнер ұлықталды Қолдың сәні - білезік »