Смағұл ЕЛУБАЙ, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты Ақ ажал бұйырмаған аруақтар Избранное

Среда, 12 Апрель 2023 04:55 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3622 раз

туралы «Ақ боз үй» фильмі не үшін түсірілді?

Әңгімені әріден бастайық. Алдымызда 1897 жылы Ресей империясы өткізген тұңғыш халық санағы жатыр. Санақ қорытындысы не дейді? Қырғыздар – 200 мың, тәжіктер – 350 мың, түрікпендер – 280 мың, өзбектер – 726 мың, сарттар – 968 мың, қарақалпақтар –104 мың, ал, қазақтар – 4 млн 84 мың адам дейді. Осында көрсетілген Орта Азия халықтары, яғни, біздің көршілеріміз, арадан 120 жыл өткенде өз табиғи өсімімен бүгіндері, бірі – 26 есе, бірі – 28 есе, бірі – 30 есе көбейіпті.Тек, бүгінге дейін қазақтар ғана Қазақстанда небары 3 еседен сәл асыпты. «Сорбұлақтың басына сорға бола қонды әкем» демекші, Қазақстанның сорына Сталин жіберген Голощекин тап болмағанда, біз де бүгінде табиғи өсімімізбен не 26, не 28 есе көбейіп жалпы санымыз 100 миллионнан асып, алып ел болып отырады екенбіз. Бұл қарапайым арифметика. Бұны есептеу үшін демограф болу міндет емес. Көбейту кестесін білсеңіз болды.

184

 

Сонымен Ұлы Дала апатқа қалай ұшырады?
1919 жылы өткен советтердің бір съезінде Тұрар Рысқұлов осы азамат соғысы жылдары қазақ ауылын тонау салдарынан 1918 -1919 жылы 1 млн 214 мың қазақ аштан қырылды деді. Азамат соғысынан кейін ауылдың басына «продразверстка» дейтін науқан әнгіртаяқ ойнатты. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан!» деп шаруаның алдындағы малы мен қолындағы нанын тігерге тұяқ қалдырмай тартып алды. Мақсаты біреу, қаладағы кеңес өкіметі аштан өлмеуі керек. Ауыл не болса о болсын. Бұл сұрқия саясаттан ауыл тағы қырылды.Алашорда атынан ашаршылықпен күрес комиссиясын басқарған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жыл аяғында бұл екінші ашаршылықтан 1 млн 700 мың қазақ қырылды деп мәлімдеді.
Енді Голощекин тұсындағы үшінші ашаршылыққа келелік. Бұл апат тіпті әлемет болды. Бұл ашаршылықтың шығуына екі басшы тікелей жауапты - Сталин мен Голощекин. Бұл екі басшы келісіп Қазақстанда «Кіші Октябрь» яғни, тозақ орнатты. Ауқатты шаруаларды кәмпескелеп халықтың қаққанда қанын, соққанда сөлін алды. Халықты бай, кедей деп екіге бөліп бір-біріне айдап салды. Советтерге қарсы қазақ 360 рет көтерілді. Қазақстандағы 40 млн мал екі жыл ішінде 10 есе қысқарды. Халықтан тартып алынған 36 млн мал Мәскеу, Ленинград, Куйбышев тәрізді Ресей шаһарларына ет болып кетті. Содан кейін шаруа малдары ет болып Қазақстан қалаларына жетті. Ал, алдындағы малынан, ауызындағы нанынан айырылған шаруалар Қазақстанда, Волга бойында, Украинада миллиондап қынадай қырылды. Бұл апаттың орын алуына Сталиннің 1930 жылы жариялаған «Кулактарды тап ретінде жою» қаулысы негіз болды.
Қазақстанда 2 млн 300 мың қазақ, 200 мың орыс шаруасы осы қанқұйлы саясаттың құрбаны болды. Қазақстандық жазушы Валерий Михайлов: «Өткен ғасыр басында небары 15 жыл ішінде ашаршылықтан қазақ жарты халқынан айырылды.Бұндай трагедия тарихта болған емес.Бұны әрбір қазақ білуге тиіс.»

183


Өкінішке орай, бұл қасіретті әрбір қазақ білмеді. Тарих алдындағы ең ауыр қылмысын коммунистік партия 70 жыл бойы жанталасып жасырды. Ашаршылықты айтқандарды ауызға ұрды. Бірақ, сол қиямет-қайымды бастан кешкен аға ұрпақ бұл нәубетті ұмыта алмады. Ұрпағына айтып отырды. Соның бірі біз едік. Ес біліп, етек жиғаннан бастап осы тарих құлағымызға құйылып отырды. Ал, советтік тарих отызыншы жылдардағы ашаршылық туралы ауыз ашпады. Біз сондада да тыншымадық, ақиқи тарихты іздеумен болдық. 30-шы жылдар баспасөзіне үңілсек онда өңшең «ура» «уралар» шыға келеді алдыңнан. Біз Батыс Қазақстаннан бастап Қарақалпақ, Түрікменстан жеріндегі сол тарих куәгерлерін тыңдадық. 1982-85 жылдары жазылған «Ақ боз үй» сол көзкөргендер шерткен шерлі сырларға негізделді.
«Айналайын, бекер арамтер боласың-ау, қауіпті де қатерлі тақырып қой бұл, шықпайтын!» деп жанашыр жазушы ағаларым ақыл қосты. Бірақ, біз қасарысып алған бетімізден қайтпадық. Іштей: «Біздің жанымыз сол жоқтаусыз кеткен миллиондардың жанынан ардақты емес қой!» дедік. Ұстаздарымыздың айтқаны айдай келді, баспалар біздің қолжазбамыздан ат-тонын ала қашты. Тек, советтік цензура тіл тартпай кеткен 1989 жылдан бастап қана, яғни, тәуелсіздік төбесі көрінгеннен бастап қана роман шыға бастады. Осы роман негізінде 1990 жылы режиссер Дәмір Манабай «Сұрапыл Сұржекей» атты фильм түсірді. Бірақ, ашаршылықты түсіруге ақшасы жетпей қалды. Содан кейін отыз жыл ойландық, тақырыпқа қайта оралу туралы.2019 жылы бір шешімге келдік. Романның тек ашаршылыққа арналған соңғы тарауын «Ғарасат майданын» сценарийге айналдырдық.
Сол жылы Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев бізді қабылдады. Ашаршылық туралы кино түсіру идеямызды ол бірден қолдады. Нәтижесінде «Ақ боз үй» фильмі өмірге келді. Режиссері – Бегарс Елубаев. Бұл оның төртінші фильмі. Фильмге тапсырыс берген ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік Орталығына (басшысы Е.Қосыбаев) алғысымыз алабөтен.
Сонымен, ашаршылық туралы кино түсіру не үшін қажет болды? Ең алдымен өз тарихын өз елімі, әсіресе, жас ұрпақ білсін дедік. Романмен шектеліп отыра беруге болар еді. Бірақ, онда жалпы халық бұ тарихтан хабарсыз қалар еді.Біздің арманымыз– жоқтаусыз кеткен жарты халықты жалпы халық болып жоқтау болды. Телефонға үңілген ұрпағымыз әдебиеттен аулақтап барады. Бірақ, жас ұрпақ кинодан әлі аулақтаған жоқ. Ендеше, осы қараорман жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде кинематографтың орны бөлек еді. Тарихи тәлім-тәрбиесі жоқ жастар тамыры шолақ бұтадай үп еткен желге ұшып кетпей ме ертең?! Ал, тарихи тәрбие алған ұрпақ тамыры терең бәйтерекке айналар еді, оңнан соққан дауылға да, солдан соққан дауылға да шайқалмай тұратын. Демек, Тәуелсіздік болашағы жастардың қолында деген сөз.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік тұрғыдан баға берілуге тиіс» деді. Бұл бастаманы халық іліп әкетті.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық туралы архив материалдарының алғашқы көптомдығын шығаруға тікелей кірісті. Одан кейін саяси қуғын-сүргіндерді толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылып, ол комиссияны сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев басқарды. Бұл сауапты іске одан кейін Президенттің Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин басшылық етті. Тарихшылардың маңдай тер, табан етінің арқасында бүгінде қолымызға 30 томдық қыруар архив материалдары тиді. Шүкір дейміз. Бірақ, тек кітапханаларға ғана тарайтын осынау аткөпір архив материалдарын біздің алты миллион жасымыз жаппай отыра қалып оқи бастайды десеңіз, оңбай қателесесіз. Ендеше, қараорман жасымызға қалай жеткіземіз кешегі қасіретті қазақ тарихын?! Тек экран арқылы ғана қараорман жасты қамти алады екенбіз. Ол қасіретті қазақ тарихын экранда тірілту керек екен! Ашаршылық құрбандары экранда тірілсе, біздің советтік саясат өлтірген санамыз да қоса тіріледі екен. Осы түсінік болды бізді ашаршылық туралы «Ақ боз үй» сценарийін жазуға алып келген. Сценарийді жазудан бастап көрерменнің алдына келгенше талай тауқыметті бастан кештік. Президент пәрмені болмағанда, «бұ тақырыпты көтерудің керегіне?» деушілерді еңсеруге біздің шамамыз жетпеген болар еді.
Тағы бір тауқымет; «Көшпелі дәуір туралы кино түсіру үшін көшпелі тұрмысты білетін режиссерді қайдан табамыз?» болды. Ондай режиссер бүгінде жоқ екені белгілі. Бірақ, бір сценарист бар еді. Ол осы жолдардың авторы. Тағдырдың тәлкегімен балалық шағымыз түрікпен шөлінде көшпелі ауылда өтті. Соның арқасында фильмді түсіретін режиссерге консультант болуға жарадық. Бұған дейін «Аңшы бала», «Оазис», «Бала ғашық» атты фильмдер түсірген ұлым Бегарсқа көшпелі тұрмыс жөніндегі консультант болып Маңғыстаудың Шетпе ауданындағы Үштаған ауылынан бір-ақ шықтық. Түрікпеннің Қарақұмына ұқсас құм осы жерден табылды. Фильм негізі осы құмда, қалғаны Алматы облысында түсірілді.
Осындай алашапқыннан кейін фильм дайын болды. Қалың көрерменге 30 наурыз күні жол тартады деп отырғанда тағы бір тауқымет шыға келді. Бұл – қазақ киносының Қазақстан прокатындағы тауқыметі екен. «Орыстілді көрермен ашаршылық туралы фильмге бармайды. Қазақ қасіреті туралы фильмге тек қазақтілді көрермендер ғана баруы мүмкін!» дегенді айтты прокатшылар. «Онда да жар салған жарнамаларың жұрт құлағына жетсе ғана баруы мүмкін!» дегенді.
«Ақ боз үй», сондықтан, прокатқа қазақ тілінде шығып барады. Енді қазақтілді көрермендерді киноетарларға әкелу үшін тағы да тер төгу керек екен. ЖОО студенттері, мектеп оқушылары, әскери борышын өтеп жатқан жастар... осы көрермендерді кинотеатрларға қалай тартуға болады деп бас қатырдық.
Осылайша бас қатып отырғанда ойламаған жерден «Аманат» партиясының басшысы, сол кездегі
ҚР Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан шақыру келді, Түркістанға бірге бару жөнінде. «Аманат» халықпен кездесуді алдымен Арыстанбаб кесенесі басына, содан кейін Құл Қожа Ахмет басына барып тәу етуден бастады. Біз батагөй ақсақал болып жанында жүрдік. Ерлан Жақанұлымен бірінші рет тілдесуім еді. Қарапайым. Кішіпейіл. Адамды іші-бауырына тартып тұратын түсі игі жан екен. Бейне бір ескі танысымды көргендей болдым. Кешкі дастархан басында інімізді наурыздың 23 күні Астанада өтетін «Ақ боз үйдің» премьерасына шақырдым. Ол бірден «барамын» деді. Миллиондай мүшесі бар «Аманат» басшысы «Ақ боз үйге» келем десе, ендеше партияның миллиондай мүшесі де кинотеатрға келетін шығар деп іштей мәз болдым.
ІзіншеАлматыда Қазақстан Премьер министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловпен біз сабақ беретін Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында кездестік. Бұл үлкен лауазымды басшыларымызды да біз Астанада өтетін фильм премьерасына шақырдық. Бұл басшылар премьераға келсе Қазақстан бойынша көрермен жинауға көмегі тиер деген ойменен. Олар біздің шақыруымызды бірден қабыл алды.

182


Сонымен, наурыздың 23 күні кешкі сағат 6-да Астананың «Сарыарқа» кинотеатрында премьераға арнайы шақырылған қонақтарымызды тағатсыздана күтіп тұрмыз. Бір кезде қарасақ бір топ зиялы қауыммен бірге жоғары лауазымды Ерлан Қошанов, Алтай Көлгінов, Асхат Оралов, Саясат Нұрбеков, Нұрқиса Демеушев мырзалар кинотеатрға кіріп келеді. Бізге берген уәдесінде тұрып аталмыш азаматтар «Ақ боз үйді» тамашалауға келіп тұр. 1,5 сағатқа созылған фильмнен кейін, яғни, ақ ажал бұйырмаған ашаршылық құрбандарымен 1,5 сағаттық үнсіз «тілдесуден» кейін олар бізбен бірге, актер Қайрат Кемаловпен, режиссер Бегарс Елубаевпен бірге астаналық зиялы қауымның алдына шықты. Тебірене толқи тұрып фильмнен алған әсерлерін ортаға салды.
Толқымау, тебіренбеу мүмкін емес екенін айтты. Ал, біз болсақ енді бұл басшыларға өз шаруамызды айтуға кірістік. Қошанов, Көлгінов, Оралов, Нұрбеков, Демеушев мырзалардан Қазақстан жастарын; студенттерді, мектеп оқушыларын, әскер қатарындағы жастарды осы фильмді көруге ықпал етуге шақырдық. Басшы азаматтар бірден келісті. Біз оларға риза болдық.
Құрметті оқырман! Біздің бұл сезімімізді түсіну үшін кино тәрізді қымбат өнердің жауапкершілігін мойынына алған, прокат тәрізді тауқыметке тарс етіп маңдайы тиген киногер болу керек. Оған қоса, «Ақ боз үйдің» ары жағында ақ ажал бұйырмаған, жаназасы шығарылмаған, сүйектері сай-салада шашылып, ит-құсқа жем болып жоқтаусыз кеткен жарты халықтың аруағы тұр! Президент қолдауымен бұл киножобаны қолға алудағы мақсатымыз 100 жыл жоқтаусыз кеткен сол миллиондарды жалпы халық болып жоқтау емес пе еді?! «Жалпы халық» дегеніміз қараорман көрермендер емес пе еді?!
Осы уәжді фильм премьерасына келген басшылар да айдан анық түсінген екен. Демек, жалғыз «Аманат» емес, «Ақ боз үйге» келіп ашаршылық құрбандарын 1,5 сағат үнсіз отырып еске алу барлық партияларға да ортақ парыз емес пе?! Қазақпыз деген қараорман халыққа да ортақ парыз емес пе?!
Тек, Қазақстан көлемінде емес, көрермендеріміз шетелдерде де жоқ емес. Осы мақаланы жазып отырғанымызда Варшавада тұратын поляк ғалымы Джоанна Чецотт ханымнан хат келді. Қазақстанға келіп ашаршылық тақырыбын зерттегісі келеді. «Ақ боз үйді» оқығысы келеді. Бұған дейін бұл тақырыпты американдық ғалым Роберт Конгвест. «Қасірет орағы». Лондон. 1986. Француз ғалымы Изабелле Охойон, «СССР мен Сталин» Париж. 2006. Италиян ғалымы Николо Пиансиоло, «Сталинизм майданы» Рим.2009. Неміс ғалымы Роберт Киндлер. «Сталин мен номадтар» Гамбург. 2014. Және американдық ғалым Сара Камерон 2020 жылы Қазақстандағы ашаршылық туралы «Ашыққан дала» атты монография шығарғаны белгілі. Қазақ киносы үшін әлемдік прокатқа шығу – қиямет. Алайда, қазақ қасіретін әлем білсін десек оның оңай жолы да бар. Шетелдегі Қазақстан елшілері қолға алса әлемнің үлкен қалаларында қазақ киносын көрсету қиын шаруа емес. Сыртқы істер министрлігі үшін қиын шаруа емес.
Өткен күзде бір күні күллі Израильде сирена сарнап қоя берді. Фашистік генроцид құрбаны 6 миллион еврейді еске алды. Үйдегі-түздегі күллі еврей бір минут қалт тоқтап, аруақтарға тағзым етті. Ұлттық қасіретін осылай ұлықтады.
Бізде 31 мамыр – «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн». Бұл заң түпнұсқасында «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп аталатын еді. 1995 жылы қабылданған бұл заңда «ашаршылық» сөзі түсіп қалды. Жаңа Парламент бұл заңды бастапқы қалпына келтіруге тиіс деп ойлаймыз. Және, жоқтаусыз кеткен жарты халық аруағын еске алатын «Аза сарайы» салынуы қажет деп те білеміз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.