Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы Избранное

Пятница, 05 Август 2022 05:04 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2278 раз

Шымкент қаласында бүгінде үш мектеп күрделі жөнделуде. Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталған болатын. Жауапты мердігер – «ШАХ құрылыс компаниясы» ЖШС. Білім ошғаы 33 жылдан бері алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда жалпы жұмыстың 50 пайыздан астамы орындалды. Құрылысқа 50 адам жұмылдырылған. Мердігер мекеме өкілдері жөндеуді қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде берді. Әрине, сапаға көңіл бөлу – басты талап.

107

 

Үш ауысымдағы мектеп саны 9-дан 5-ке азаяды

Қалада сапалы білім беру үшін жағдай жасау, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 5 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. (2021 жылы – 25, 2022 жылы – 16, 2023 жылы – 17, 2024 жылы – 24 және 2025 жылы –19 мектеп).
Өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп (4-і мемлекеттік, 21-і жекеменшік) пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымдағы мектеп саны 14-тен 9-ға төмендеді.

106


Бүгінгі таңда жалпы 34 мектептің құрылысы атқарылуда. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 11 703 орынға арналған 24 мектепті (4-і мемлекеттік) пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке азаяды деп күтілуде. Жалпы үш ауысымды білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланып отыр.
2021 жылы 175 мекеме ғимараты ағымдағы жөндеуден өтсе, 2022 жылы 323 мекеме ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын (ақтау, сырлау) жүргізу үшін қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бүгінгі таңда мердігерлер анықталып, 75 мекемеде (32,3 %) жөндеу жұмыстары басталды.
Жалпы барлық мектептің құрылысы жаңа дизайнда, сапалы элементтерден жасалуы қала әкімінің жіті бақылауында.

Ескі нысандар – жаңа кейіпте

Қалада 23 мекемеде күрделі жөндеу жүргізу қажет. Тозығы жеткен мектептерді жаңарту мәселесі кезең-кезең бойынша шешімін табуда. Жоспарға сәйкес, 2022 жылы – 5, 2023 жылы – 9, 2024 жылы – 5, 2025 жылы 4 білім беру ұйымы күрделі жөнделеді.
Биыл бұл бағытта 5 білім беру ұйымында (3 мектеп, 1 балалар үйі, 1 арнайы мектеп-интернатта) құрылыс жүруде. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, қалалық білім басқармасының басшысы
Ж.Тәжиева №50 және № 11 мектептегі күрделі жөндеу жұмысының барысын аралап көрді. А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназия ғимараты 1989 жылы салынған. Білім ордасының әбден тозығы жеткен-ді. Бүгінгі таңда 2500 бала білім алатын мектепті күрделі жөндеуге тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Алайда құрылыс жұмыстары мамырдың соңында басталғандықтан, мердігер мекеме кестеден кешігуде. Шыңғыс
Жұмабекұлы жауапты мердігер мекеме басшыларына жұмысшы санын көбейтіп, құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.
А.Навои атындағы № 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінде жалпы жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Жауапты мердігер «Авторемстрой ЛТД» ЖШС нысан құрылысын 20 тамызда аяқтауды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары күрделі жөндеу жұмыстарын аралау барысында мердігерлерге сапаға көңіл бөлу керегін айтты.
– Шаһарда білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту – басты назарда тұрған мәселе. Адам капиталын дамытуда, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында тиісті қаржы бөлінуде. Қазіргі уақытта жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептер арасында жақсы бәсекелестік орнады. Бұл – құптарлық жағдай. Бәсекелестіктің артуына байланысты білім ұйымдарына жақсы жағдай қарастырылып жатыр. Қаладағы 203 мектепте оқитын 240 мыңнан астам оқушының сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жалпы мердігер компаниялардың барлығына бірдей жаз айларында бар күштерін салып, құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтау бойынша талап қойылады. Ш.Мұқан кестеден кешіккен мердігер компаниямен күнделікті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
Білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, егер құрылыс аяқталмаған жағдайда білім басқармасы тарапынан қосымша оқу ғимараттары дайындалады. Басты талап – мердігерлерді құрылысты тезірек бітіруге асықтыру емес, құрылысты сапалы жүргізу, балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау. Бүгінде күрделі жөндеу бойынша 4 мекеменің ЖСҚ-ы дайындалған. Одан бөлек, 20 мекемеге ЖСҚ дайындалуда.

Жобада – 101 мектеп

«Мектеп – балалардың сапалы әрі қауіпсіз білім алатын ордасы болу керек, бұл талап барлық мектепте орындалуы шарт». Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынып жатқан мектептердің құрылысын тексеру барысында осылай деді.
Шымкенте демографиялық өсім жоғары. 2021 жылы 26 569 бала 1 сыныпқа қабылданды. Ал биыл 1 сыныпқа 28 000 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр. Бала санының өсімін есепке ала отырып, қалада үш ауысымды мектептер мәселесін, бала саны шамадан тыс, тығыз мектептердің мәселесін шешу мақсатында мемлекет тарапынан ұлттық жоспар дайындалды. Жоспар аясында республика бойынша Президенттің тікелей тапсырмасымен 1000 мектеп жобасы жоспарланса, Шымкент қаласында жобаға 101 мектеп еніп отыр.
Атап өтсек, өткен жылы 25 мектеп жаңадан ашылып, мектептердің саны 203-ке жетті. Онда 242 525 оқушы білім алды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.