Сәлем, саған, мектебім! Избранное

Пятница, 03 Сентябрь 2021 03:54 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 534 раз

Білім күні үшінші мегаполисте барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылында ұстаз бен мұғалім жүзбе-жүз қауышып, шат-шадыман күй кешті. Бұл күні Шымшаһарда жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ел игілігіне берілді.

722

 

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран шағынауданындағы жаңадан салынған №79 жалпы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Мерекеге арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» жиынына қатысқан шаһар басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқанын айтты. Мұрат Дүйсенбекұлы білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Сонымен қатар мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппені» табыстады.
– Биылғы жаңа оқу жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-түс келді. Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болды. Ал биылғы жаңа оқу жылы 203 мектепте 233 879 оқушымен бастады. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр, – деді қала әкімі.

Қала әкімі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім ұялары бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, турникеттер қойылып, дабыл батырмалары орнатылғанын, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Шаһардағы білім ошақтарын жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 263 кабинет, 178 интерактивті тақта орнатылды. Нәтижесінде жаңа жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 32,5%-дан 65%-ға жетті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасады.
Қала әкімінің қатысуымен ашылған мектепте 897 оқушы білім алады. Шаһар басшысы ауыл қарияларымен бірге жаңа мектепті аралап, ондағы спорт залын, Абай сыныбы, шахмат, еңбек, тігін шерберханалары мен асхананы аралап көрді. Құрылыстың сапасы мен дизайнына мән берген Мұрат Әйтенов мұндағы жұмыстарға оң бағасын берді. Мектеп директорына санитарлық шаралардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жаңа нысан заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалған. 1200 орынды оқу орны 3 қабаттан тұрады. Екі ауысымда оқытатын мектепте 44 оқу бөлмесі қарастырылған. Бұдан басқа жаңа үлгідегі 8 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 3 информатика кабинеті, 85 компьютер және 3 интерактивті тақтамен жабдықталған. Сондай-ақ, 4 шеберхана бөлмесі мен балалардың денсаулығын қадағалайтын екі медпункт қарастырылған.
Білім күнінде заман талабына сай жабдықталған тағы бір мектеп ел игілігіне тапсырылды. «Низамхан» жекеменшік мектебінің ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы
Бахадыр Нарымбетов және мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов мұғалімдер мен оқушыларды дәстүрлі форматта басталған жаңа оқу жылымен құттықтады.

723


– Дәстүрлі түрде алғашқы қоңырау соғылды. Алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді, олардың болашағының негізін қалаушы ардақты ұстаздарымызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Шымкентте мемлекеттік білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асып келеді. Жаңа оқу жылында 20 мектеп ашылып, 2 мектептің қосымша корпусы аяқталды. Осылайша мегаполисте апатты мектептер жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азайды. Жыл соңына дейін тағы 4 жаңа мектеп ашылады. Ал 2025 жылға дейін мегаполисте 72 мектеп салу жоспарлан. Бұл ауқымды жұмыстар қаламызда білімнің сапасын жоғарылатуға зор ықпалын тигізеді, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Жаңа мектеп қаладағы Жансүгіров көшесінің бойында, 1934 жылы ыңғайластырылып салынған бұрынғы апатты №79 мектеп ғимаратының орнына салынды. Білім ордасы үш айдың ішінде тұтастай жөнделіп, жаңа келбетке ие болды. Қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов жекеменшік мектептің құрылтайшыларымен бірге ғимаратты аралады. Бұл мектепте бір ауысымда 1000 бала қабылданады. 74 оқу бөлмесі мен жаңа үлгідегі биология, физика, химия, информатика, мультимедиялы-лингофон кабинеттері, интерактивті тақталар, кітапхана, асхана, акт, спорт залдары, спорт алаңы, қыздарға және ұлдарға арналған шеберханалармен қамтылған.

725


Айта кетейік, пандемияға байланысты қала мектептеріндегі алғашқы қоңырау салтанаты білім ошағының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге арналып өтті. Қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып, сынып сағаты ұйымдастырылды.