Версия для печати

Ақылы ҰБТ темірдей тәртіппен өтуде Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 05:03 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 12689 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жылда түрлі сынға ілігетін ҰБТ ережелері өткен жылдан бері айтарлықтай өзгерді. Елімізде білім сынағының алғашқы кезеңі 20 қаңтарда басталды.

659

 Шымкенттік оқушылар 3 пунктте тест тапсырып жатыр. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 2352, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті – 2596, Silkway халықаралық университеті – 1443 оқушыны қамтиды. Мұнан бөлек, келісімшарт негізде білім алып жатқан студенттер, өткен және бұрынғы жылдар аралығында ұпай жинай алмаған талапкерлер бар. 

Пандемия жағдайында аудиторияларды толтыруға рұқсат жоқ. Сол себепті ҰБТ 31 қаңтарда аяқталады. Тестілеу өткізілетін ғимараттардың кіреберісіне антисептик қойылған, талапкердің дене қызуы өлшеніп, бетперде беріледі. Әлеуметтік арақашықтық сақталады.
Ең бастысы, сынақ тапсырушыларға бұл жолы да қатаң талап қойылды. Алғашқы күні Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Silkway халықаралық университетінде өзгенің орнына кіріп, емтихан тапсырмақ болған ешкім кездескен жоқ. Бірақ оқу орындарында рұқсат етілмеген зат алып кірген 24 адам емтихан тапсыру құқығынан айрылды. Сөйтіп «байқамай қалдым, маған ешкім ескерткен жоқ» деп тәртіптен аттағандардың тауы шағылды. Қас пен көздің арасында көздеген ұпайдан қағылды.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, антикор орталығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өтіп жатқан сынақты бейнежазба арқылы бақылады. Емтихан материалдары құпия ұсталады.
Мемлекеттік комиссияның жауапты хатшысы Ғалымжан Битұрсынның сөзінше, емтиханнан шеттетілген талапкерлер алдағы наурыз, маусым, тамыз айларында өтетін сынаққа қатысып, ұпай жинай алады. Пандемияға байланысты Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде 4720 талапкер 12 лек бойынша сынақ тапсырады. Сондай-ақ мұнда шартты оқуға қабылданған 123 бала білім деңгейін дәлелдеуге тырысуда. Бұл – студенттерге беріліп отырған тағы бір мүмкіндік. Бұрын талапкерлер көрші елдердің оқу орындарына түсіп, кейін қаладағы универсиеттерге ауысатын. Қазір шарт негізінде қабылданғандар 70 ұпай жинаса, әрі қарай оқу орнында білімін жалғастыра алады. Биылғы ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі, қаңтардағы алғашқы сынақ қағаз түріндегі белгіленген соңғысы болмақ. Наурыз айынан бастап емтихан сұрақтары компьютерде электронды нұсқада болады.
Шындығын айтсақ, оқимын деген балаға мүмкіндік бар. 4 кезеңнің бәрінде межеленген баллды қиындықсыз жинай алады.
Биыл Шымкент қаласы бойынша 9342 оқушы мектеп бітіреді. Бітіруші сынып оқушыларының 6621-і қазақ тілінде, 1789-ы орыс тілінде, 932-сі өзбек тілінде білім алып жатыр. Жыл басындағы алғашқы тестілеуге қатысуға 6391 оқушы өтініш берген. Оның ішінде 5003 оқушы қазақ, 1388 орыс тілінде емтихан тапсырады.
Бәрін айт та, бірін айт, ақылы негіздегі сынақ темірдей тәртіпте өтіп жатыр. Қулығын асырмақ болғандардың айласынан ештеңе шықпады. Жасырынып смартфон алып кіргендерді бақылаушылар басынан сипамады. Білеріміз, біліміне сенген талапкерге кедергі жоқ. Білімдінің күні жарық екеніне алғашқы тестілеуде тағы да көз жетті.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.