320 мың доллар сомасындағы грант оқу ақысын, рейстерді, студенттің академиялық бағдарламасы шеңберіндегі барлық халықаралық сапарларды, тұрғын үй мен тамақтану, медициналық сақтандыру, кітаптар және басқа да көптеген шығындарды қамтиды.
Нью-Йорк университетінің дипломы SpaceX, Amazon, Goldman Sachs, McKinsey & Company, Google сынды ірі компанияларға жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. Университет бүкіл әлем бойынша 26-шы орында және жұмысқа орналасу деңгейі бойынша 11-ші орында тұр. Университетке студенттерді қабылдау деңгейі 3%-дан кем болғандықтан, Абу-Дабидегі Нью-Йорк университеті әлемдегі студенттерді таңдауда ең талапшыл оқу орындарының бірі. Салыстырмалы түрде аталмыш университет Гарвардтың өзінен аз студент қабылдайды.
– Бала кезімнен математиканы жақсы көріп, мектеп олимпиадаларына қатыстым. Ал 7-сыныпта физика пәнімен танысқан соң, осы пәнге деген үлкен қызығушылық оянды. Физикадан түрлі тапсырмаларды шешіп, тәжірибелер жасай бастадым. Осы пәндерге тікелей байланысты мамандық таңдап, инженерияны таңдауым керек екенін түсіндім, - деді өз қуанышымен бөліскен Ернар.
Міне, біздің Шымкентте осындай талаптың тұлпарын ерттеп мінген ұшқыр білімді жеткіншектер бар!
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ