Түнгі 22:00-ден кейін... Избранное

Пятница, 25 Май 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 11525 раз

Түнгі сағат оннан кейін жасы кәмелетке толмаған бала көшеде жүрмеуі тиіс. Олардың өміріне ата-анадан бөлек жауапты саналатын білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жыл бойына жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде түрлі шаралар ұйымдастырып, түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді. Дегенмен түнгі уақытта көше кезгендер саны азаяр емес. Жыл басынан бері бір Абай ауданының өзінде кәмелет жасына толмаған 600-ге жуық бала ювеналды полицияның назарына іліккен.

33152688 478649425924048 775827404697370624 n

Айыппұл төлейсіз

Тогжан инспектор 2

Компьютер клубы, букмекер, кафе... Бұлар кәмелет жасына толмаған балалардың үйір болатын орындары. Абай полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Тоғжан Рысқұлбекова аудан аумағына қарасты ойын-сауық орындарына балалардың бас сұқпауы күнделікті қадағаланатынын айтады.
– Кәмелет жасына толмаған оқушылардың тәрбие жұмысын жақсартуда мектеп басшысымен бірлесіп, тоқсандық іс-шара жоспары түзіледі. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда күн сайын рейд ұйымдастырылып, 8-11 сынып оқушылары арасында құқықтық дәрістер және жаман әдеттерден сақтандыру мақсатында дөңгелек үстелдер, сұхбаттарды жиі өткіземіз. Соның ішінде оқушылардың кешкі уақытта көшеде жүру ережелерін егжей-тегжей түсіндіреміз, – дейді Т. Рысқұлбекова.
Инспектор дей тұрғанмен, ата-аналардың өз ұл-қызының қауіпсіздігіне бей-жай қарап, алаңдаушылық танытпайтынын жеткізді.
– Баланың түнгі 23:00-ден кейін үй-жайдан тыс шығуы заңмен шектелгенін білсе де ата-анасы дүкенге жіберетін жағдайлар кездеседі. Не болмаса көшеде жалғыз жүреді, көпқабатты тұрғы үй ауласында отырады. Құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғалардың дені түнгі уақытта орын алатынын ескерсек, өрімдей жас балалардың түнделетіп жүруі кейде қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстанса, – дейді полиция инспекторы.
Тәртіп сақшысының айтуынша, кәмелет жасына толмағандарға көшеде тек ата-анасымен бірге жүруге ғана рұқсат берілген. Тіпті, бауыры не туысының өзіне (арнайы рұқсаты болмайынша) оларды ертіп жүруіне құқы жоқ. Маман түнгі «серуенге» жол бергендердің ата-анасы ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабының 2 бөлігі бойынша жауапқа тартылатынын атап өтті. Мәселен:
– Кәмелет жасқа толмағандарға сағат 22:00-ден 06:00-ғадейін заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орталықтарына баруға тыйым салынады. Заң бұзылған жағдайда ата-анасына 7215 теңге (3 АЕК) айыппұл салынады.
ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабының 3 бөлігі бойынша айыппұл ойын-сауық мекемелерін де айналып өтпейді. Балалардың үлкендердің қарауынсыз ойын-сауық орталығында болуына жол бергені үшін мекеме басшыларына 24 050 теңге (10 АЕК) айыппұл салу көзделген.
Кәмелетке толмағандар сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ға дейін заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрсе, бірінші ретте ата-анасына жазбаша ескерту жасалады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне 12 025 теңге (5 АЕК) айыппұл салуға әкеп соғады. Айыппұл соттың шешімімен салынады. Егер кәмелет жасына толмағандар құқық бұзушылық әрекетті жылына 2 рет қайталаса, жергілікті ішкі істер бөліміне тіркеуге алынып, 18 жасқа дейін есепте тұрады.
Бұдан бөлек жасөспірімнің алькоголді ішімдік ішкені анықталса, наркологиялық орталыққа 4 айға есепке алынады.

Отбасы тыныштығы маңызды

Жуырда Әл Фараби аудандық полиция бөлімі, прокуратура, «Сана-сезім», «Аналар үйі», наркологиялық орталық және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары «Бақытты балалық шақ» атты дөңгелек үстел басына жиналып, кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін кезекті рет талқылады.
Сала мамандарының мәліметі бойынша, Әл-Фараби ауданы аумағында соңғы үш айда кәмелет жасына толмағандар арасында 15 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл цифрдың басым бөлігін ұрлық жасау мен тонау құрап отыр. Ауданда құқық қорғау органдарының жүргізген рейді кезінде соңғы үш айда 343 жасөспірімнің түнгі уақытта жүргені анықталып, оның 167-і бейімдеу орталығына жеткізілген. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар және әйелдердің құқын қорғау бөлімінің аға инспекторы Г. Момынова жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда екі азайғанымен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстырын күшейту күн тәртібінен түспеуі қажет екенін алға тартты.
– Әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мейлінше күш салынуда. Өйткені, барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Егер отбасында әйел бақытты болса ғана бала тәрбиесі дұрыс болады, – деді Г.Момынова.
«Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының өкілі
Ш. Хасанова баланың тәрбесіне әке-шешесінің ықпалының зор екенін айтады.
– Бала бірінші кезекте ата-анасынан үлгі алады. Ал қазіргі таңда олардың көпшілігінің балаларына қарауына уақыты жоқ. Қараусыз, бақылаусыз қалғандықтан, ойын келген әрекетке барады. Бізден көмек сұраған ата-аналармен әңгіме кезінде «Балаңыздың досы кім?» деп сұрағанда басым бөлігі ұл-қызының кіммен достасатынын, ортасы қандай екенінен мүлдем бейхабар. Сондықтан, ата-ана жауапкершілігі артпай, кәмелетке толмағандар арасында проблема азаяды деп айтуға болмас, – деді орталықтың маманы.

«Бес-он теңге алып шық»

Шымкентте «Акация» аталып кеткен гүл сататын орын бар. Айналасында қоғамдық тамақтандыру орындары көп. Кешкі уақытта осы маңда кішкентай ұл-қыздар кафеге келушілерге гүл сатып жүреді.
«Гүл алыңыз, қызыңызға сыйлаңыз» деп жігіттердің гүл алмасына қоймайды. Өрімдей жастар қолдарына оншақты талдан гүл ұстап алған. 10 жасар шамасындағы қызды сөзге тарттым:
– Осы маңда тұрасың ба?
– Иә.
– Анаң біле ме, гүл сатып жүргеніңді?
– Жоқ, анам түнде жұмыста. Ағам екеуміз шықтық.
– Түнде қорықпайсың ба? Ақшаңды неге жұмсайсың?
– Шомылуға ақша жинап жатырмыз. Ал мамам мектепке қажеттілерді алып берем деді.
Бұл жеткіншектің табысынан анасының хабардар екені белгілі болды...
...Алып шық, алып шық,
Сары табаққа салып шық,
Сары табаққа сыймаса,
Бес-он теңге алып шық!
Ораза айы басталғалы кешкі сағат 9-дан бастап балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерін қағып, жарамазан айтуы басталды... Жарамазан айта білу өнер шығар. Десек те, түн қараңғысында танымайтын талай есікті қағып, кімнің ойында не бары белгісіз заманда, болмашы тиын-тебенге қызығамын деп, олардың оқыс оқиғаға ұрынбасына ешкім кепіл бола алмайды.
...Оқушылардың жазғы каникулы басталды. Түнде көше кезетіндердің саны артатыны анық. Ендеше, құрметті ата-ана, кешкі уақытта ұл-қызыңыздың жүрісіне тыйым салыңыз. Себебі, оларды оқыс жағдайдан сақтайтын өзіңіз ғана...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.